Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шейіттер және олардың сүнниттерден айырмашылығы

0 4  343

Шейіттердің тарих сахнасында қалыптасуы туралы ғалымдар арасында көптеген пікірлер бар. Кейбіреулер пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде қалыптасты десе, енді бір зерттеушілер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін пайда болды дейді, үшінші пікір халифа Османның кезінде бүліктердің нәтижесі деген тұжырымға келеді.

«Шиа» араб тілінен аударғанда «жақтас», «көмекші», «топ» деген мағыналарды білдіреді. Шейіт (шиа) – Ислам дініндегі саяси қолдау тапқан үлкен ағымдардың бірі. Шейіттер есімі аталғанда көп жағдайда он екілік шейіттер (имамия) мақсат етіледі. Он екілік дегеніміз атақты сахаба Әли мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатимадан тараған он бір ұрпағына тиесілі.

Әли ибн Әбу Талибтың ұрпағынан тараған шейіттердің он екі имамының тізімі[1]:

1. Әли ибн Әбу Талиб (Алла одан разы болсын) , пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күйеу баласы, ең алғаш ислам қабылдаған сәбилерден болады. Шейіттер оны «Мұртаза» деп атайды; 661 жылы хариджиттер қолынан қайтыс болған.

2. Хасан ибн Әли ибн Әбу Талиб, шейіттер оны «Муджтаба» деп атайды; Мединеде 669 жылы қайтыс болған. Мәдинада жәннатул Бақи зиратында жерленген.

3. Хусәйн ибн Әли ибн Әбу Талиб, шейіттер оны «Шәһид» деп атайды; Кербалада 680 жылы қайтыс болған.

4. Әли ибн әл-Хусәйн ибн Әли, шейіттер оны «Зәйн әл-абидин» немесе «Сәджжад» деп атайды. Мединеде 713 жылы қайтыс болған.

5. Мұхаммед ибн Әли ибн әл-Хусәйн, шейіттер оны «Бақыр» деп атайды. Заманында ілімі жағынан ешкімге дес бермеген. Мединеде 732 жылы қайтыс болған.

6. Джафар ибн Мұхаммед, шейіттер оны «әс-Садиқ» деп атайды; 765 жылы Мединеде қайтыс болған.

7. Мұса ибн Джафар әс-Садиқ, шейіттер оны «Казым» деп атайды. Бағдатта абақтыда 799 жылы қайтыс болған.

8. Әли ибн Мұса ибн Джафар әс-Садиқ, шейітер оны «Риза» деп атайды; Тус маңындағы Санабид мекенінде 818 жылы қайтыс болған.

9. Мұхаммед ибн Әли ибн Мұса, шейітер оны «Тақий» немесе «Джәууад» деп атайды; Бағдадта 835 жылы қайтыс болған.

10. Әли ибн Мұхаммед ибн Әли ибн Мұса, шейіттер оны «Нақий» немесе «Һади» деп атайды; Самаррада 868 жылы қайтыс болған.

11. Хасан ибн Әли ибн Мұхаммед, шейітер оны «Зәкий» немесе «Аскәри» деп атайды; Самаррада 873/874 жылы қайтыс болған.

12. Мұхаммед ибн Хасан әл-Аскәри, шейіттер оны «Мәһди» немесе «Худжжатул-қаим әл-Мунтазыр» деп атайды. Олардың сенімі бойынша ол һижри 256-шы жылы туылып, 260-шы жылы аспанға көтерілген. Содан кейін 329-шы жылы әкесінің үйіндегі жертөлеге кіріп, «ғайып» болып кеткен.[2]

Шейітердің сенімі бойынша барлық мұсылмандар Әлиге және Әлидің ұрпақтарына бойұсынуы міндет деп санайды. Оған Құран кәрімдегі «Баиина» сүресінен: (Күдіксіз сондай иман келтіріп, түзу іс істегендер; міне солар, жаратылғандардың жақсысы)[3], мысалға келтіріп, бұл аятты Әлиге және оның жақтастарына қатысты айтылған деген пікірді ұстанады және осыған қатысты әл Хаким әл Хасканидің «шауаһид танзил» кітабында пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисі делінген ғибараттарды мысалға келтіреді. Ол ғибаратта аяттағы «жаратылғандардың жақсысы» жөнінде Әли сұраған кезде пайғамбарымыз (с.а.у):

هُمْ أَنْتَ وَشِيعَتُكَ يَا عَلِي

Яғни «сен және сенің жақтастарың»[4] деп жауап берген.

«Шиа» сөзі көптеген ғалымдардың пікірінше Мұхаммед (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін халифалыққа мұсылмандар Әбу Бәкірді тағайындағаннан кейін пайда болған деген сөз бар. Олар пайғамбармыздың (с.а.у) күйеу баласы  хазіреті Әли және оның ұрпағы халифалыққа ең лайықты адамдар және бұл қасиетті Құран мен хадис арқылы бекітілгеніне иман келтіреді. Кейбір ғалымдар (әсіресе Сауд Арабиясынан)  бұл ағымның негізін қалаушы Абдолла ибн Саба есімді яхуди адамға қайтарады. Бұл бағыттың қазіргі ең көп таралған жері ­– Иран Ислам Республикасы. Сондай-ақ Ирак, Пәкістан, Индия, Ливан, Әзірбайжан мемлекеттерінде шейіттер мұсылмандардың ауқымды бөлігін қамтиды. Шейіттердің көпшілігі атақты сахабалар Әбу Бәкір, Омар, Османды әділсіз Әлиден билікті тартып алған деп санайды және Әлидің халифаттылығын қолдайтын хадистерді жасырған деген пікірді ұстанады. Тіпті, кейбір ғалымдары мысалы, Аятолла Аль-Хомейни[5] өзінің «Кашфуль-асрар» деп аталатын кітабында Омарды кәпір деп санаған.

Жоғарыда аталған он екі имамның көпшілігі Әлиден бастап (р.а) заманының ғалымдары, атақты имамдары болған, алайда кейінгі ізбасарлары олардың дәрежелерін тым көтеріп жіберген.

Шейіттер ішінара онға тарта топқа бөлінгенмен негізгі үш топты атап өтейік[6]:

1-Он екілік немесе Имамия.  Олардың сенімі бойынша Мухаммад ибн әл-Хасан әл-Әскәри  ғайып болған имам деп атайды, қиямет күні қайта оралып келіп, жерде әділдік орнатады. Шейіттердің бұл түрі сан жағынан ең көбі шамамен 85% және шейіттер деп аталған кезде осы түрі мақсат етіледі. Ізбасарлары Иран, Ирак, Әзірбайжанда шоғырланған. Бұл бағыттың шариғи заңдарын (фиқһ) негізін Жағфар ас-Садик есімді ғалымдары қалыптастырып кеткен.

2- Исмағилия. Имам Жағфар ас-Садик өмірден өткеннен кейін шейіттер баласы Муса әл-Казимнің айналысында шоғырлана бастады. Имам Исмағил ибн Жағфар әкесі Жағфардың кезінде қайтыс болса да оның жақтастары өздеріне жеке топ құрып, бөлініп шықты. Ұзақ уақыт бойы созылған езгіден кейін құпия дағуаттың арқасында Мысырда Фатимия мемлекеті құрылады.Кәзіргі уақытта Сауд Аравияның оңтүстігінде Наджран деген аймақта және Индияның кейбір жерлерінде шоғырланған.

3-Зайдия.  Хусайн ибн Әлидің және оның баласы Әли Зәйнул Абидиннің өлімінен кейін екі баласы болған олар Зейд ибн Әли және Мухаммад әл-Бақи. Зейд ибн Әли сол кезде үкімдік құрған Умаят мемлекетіне  қарсы шығып, айналасына шейіттерден және басқа да адамдардың басын қосып, жасақ жинады. Алайда соғыс сәтсіздікке ұшырап, атасы Хусейн (Алла одан разы болсын) секілді қырғынға ұшырады. Осы оқиғадан кейін   шейіттердің бір бөлігі Мухаммад әл-Бақидан бөлініп, жеке топ құрды. Олардың басқа шейіттерден айырмашылығы имамдылық (басшылық) кез келген Әлидің ұрпағына тиесілі болуы мүмкін екені және оған Құраннан, хадистен дәлел жоқ екеніне иман келтіреді. Олардың атақты имамдарына Яхия ибн Зейд, Мухаммаду Нафсуз Закия және басқалары жатады.

Шииттер мен суннитердің негізгі қарама-қайшылықтары:

Қарама-қайшылық-тар Шейіттер Сүнниттер
Исмат[7] (күнәсіздік) Пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын) және он екі имам. Тек пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын)
Сахабалар Олардың сенімі бойыша сахабалар әділ, екіжүзді, пасық, кәпір болып бөлінеді Сахабалардың барлығы әділ, оларға тіл тигізбеу уәжіп, Пайғамбардан (с.а.у) кейін деңгейі бойынша Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли келеді. Бұл жөнінде құран аяттарында, хадистерде дәлелдер бар
Мұсылмандар-дың аналары Олардың ойынша Айша шариғатқа қарсы әрекет жасап, Әли имамға қарсы шыққан. Айша жалпы мұсылмандардың анасы және пайғамбарымыздың (с.а.у) жәннәттағы жұбайы
Басшылық Басшылық Алла тарапынан құранда бекітілген, және ол тек Әлидің ұрпақтарына ғана тиесілі Басшылық Алла тарапынан бекітілмеген ол кез келген адамға тиесілі болуы мүмкін
Шапағат Он екі имам шапағат бере алады. Тек пайғамбарымыз (с.а.у) Алланың рұқсатымен шапағатшы болуға лайық
Тәубе[8] Үлкен күнә істеген адам тәубе етпесе, мәңгілік жаһаннамда қалады Үлкен күнә істеген мұсылман мәңгілік жаһаннамда қалмайды
Мутға некесі (Уақытша неке) Рұқсат етіледі және оған сауап жазылады Мутға некесі зинамен бірдей харам
Сәжде Олар тек топыраққа, құм, тасқа ғана сәжде қылады Кез келген таза жерге сәжде қылуға болады.
Азан Азанда «Әли уәли Алла» деген сөзді қосады Пайғамбарымыз (с.а.у) кезіндегі азан осы уақытқа шейін өзгермей жеткен.
Денеге зақым келтіру Рұқсат етіледі Харам
Дәрет Жалаң аяққа масих тартуға рұқсат Жуу парыз
Намаз Себепсіз бесін намазы мен асырды, ақшам намазы мен кұптанды біріктіріп оқуға рұқсат Ханафи мазһабы бойынша тек қажылық уақытында ғана бесін мен асырды бесіннің уақытында, ақшам мен құптанды құптанның уақытында.

Жоғарыда аталған шейіттер ол ислам үмметінің он пайызын ғана құрайды. Сондай-ақ әр заманда шейіттердің шариғаттан ауытқуы әртүрлі болған. Кейбір топтары шейіттікке бас иіп, шынайы ақиқат жол ретінде ұстанса, кейбір мансапқұмарлар саяси қалқан ретінде қолданған. Оған мысал Умаяттардан кейін келетін Аббаситтер[9] халифаты  өздерінің Умаяттарға қарсы саяси үгіттеулерінде «нусрату әһлу әл байт» яғни пайғамбар (с.а.у) жанұясына жәрдем беру деген ұранды ұстанған. Қарапайым халық арасында пайғамбарымыздың (с.а.у) жанұясына деген ерекше құрмет әр кез болатын. Соның арқасында олар билікке жетіп, ислам әлеміне төңкеріс жасағаннан кейін шынайы бет перделері яғни өздерінің пайғамбарымыздың көкесі Аббас  ибн Абдулмуталиптен тарайтыны әшкереленді. Тіпті осы кезге дәлме-дәл келетін Әбу Ханифа да әһлу әл байтқа қолдау көрсеткен деген дерек бар. Міне осылайша  кейбір топтар Әлидің ұрпақтарын өздерінің саяси мақсаттарына қолданған.

Шейіттер турасында үкім беруде ұлы ғұламалар тарапынан нақты күпірлігі жайында сөз айтылмаған. Дегенмен кейбір топтарын мысалға алғанда Исмағилиттар, Ғулаттар оларды кәпір топтардан деп шариғат шеңберінен шығарған.

Ислам ғұламаларының көпшілігі аталған ағымға соның көпшілігін құрайтын «Имамия» тобына адасқан деген үкім береді, бірақ күпірлікке шығарудан аулақ. Атақты сәләф дәуіріне жататын және одан кейінгі белгілі ғалымдардың шейіттер турасында үкімі:

        1-Алқама ибн Қайс ән-Нахағи (62 жылы хижрада қайтыс болған):«Христиандар Мариям ұлы Иса хақында шектен шыққандай шейіттер Әли хақында  шектен шықты».[10]

2- Амир әш-Шағби (105 жылы хижрада қайтыс болған): « Бұл адасушылықты көріп олармен сойлестім, алайда ақыл тоқтарлық ешкімді көрмедім»[11].

3- Имам Малик ибн Анас (179 жылы хижрада қайтыс болған): «Пайғамбарымыздың (с.а.у) сахабаларына сөз тигізетін қауымды Исламнан деп санамаймын»[12].

4- Имам Шафиғи (179 жылы хижрада қайтыс болған): « Олар секілді жалғанға шақырып, өтірікке куәлік беретін қауымды көрмедім».[13]

5- Имам Ахмад ибн Ханбал (179 жылы хижрада қайтыс болған): Пайғамбарымыздың (с.а.у) сахабаларын балағаттайтын адамдар жайында сұралған кезде: «Оларды Исламнан деп санамаймын» деп жауап берді.[14]

Сол секілді Әз-Зухри, Суфиян ибн Уяайна, Алқама ибн Қайс ән-Нахағи, Суфиян Саури, Абдолла ибн Мубарак басқа ғалымдар шейіттер жайында сұралғанда олар өтірікшілер, олардың артынан намаз оқуға болмайды, олар Иса қауымына ұқсайды деген тұжырымдар айтқан.

 Шейіттердің мемлекет болып қалыптасуы көп жағдайда саяси шиеленістердің нәтижесінде болып отыр. Өйткені олардың кейбіреуінің көкейінде ежелдегі парсы империясын қайта өрлетуге деген ұлтшылдықтан туған мақсат бар. Олай дейтін себебеміз шейіт жолын ұстанушылардың басым бөлігі парсы нәсіліне қайтады. Сол үшін ислам діні ішіндегі орын тепкен бұл ағым жалпының ұстанар жолы болуы мүмкін емес, оқшауланған бір мемлекеттің саяси шоқпары іспеттес, өйткені әлемнің 90% ын құрайтын сүнниттердің діни негіздері, Құран мен сүннеттен бастау алатын өзіндік қағидалары мен ережелері берік, әрі күмән туғызбайды. Кез келген мұсылман сахабаларды бөліп, жарып қарамайды, өйткені олардың барлығы әділ, әрі сыншыл. Алла Тағала Құран Кәрімде мухажирлер жайында былай деген:

فَاسْتَجَابَ لَهُمْ رَبُّهُمْ أَنِّي لَا أُضِيعُ عَمَلَ عَامِلٍ مِّنكُم مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَىٰ ۖ بَعْضُكُم مِّن بَعْضٍ ۖ فَالَّذِينَ هَاجَرُوا وَأُخْرِجُوا مِن دِيَارِهِمْ وَأُوذُوا فِي سَبِيلِي وَقَاتَلُوا وَقُتِلُوا لَأُكَفِّرَنَّ عَنْهُمْ سَيِّئَاتِهِمْ وَلَأُدْخِلَنَّهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ ثَوَابًا مِّنْ عِندِ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عِندَهُ حُسْنُ الثَّوَابِ

«Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая қылмаймын. Бір-біріңненсіңдер. (Бәрің бірдейсіңдер.) Және сондай босқандардың, жұрттарынан шығарылғандардың және Менің жолымда жапа шектірілгендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ оларды астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземін. Сыйлық Алланың қасынан. Әрине сыйлықтың жақсысы Алланың қасында.»[15]

Басқа бір аятта Алла тағаланың мұһажирлер мен ансарлардан разы болғаны жөнінде келтіреледі:

وَالسَّابِقُونَ الْأَوَّلُونَ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ وَالْأَنصَارِ وَالَّذِينَ اتَّبَعُوهُم بِإِحْسَانٍ رَّضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ وَأَعَدَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي تَحْتَهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَدًا ۚ ذَٰلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ

«Мұһажир, әнсарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден Алла разы болды. Әрі олар да Алладан разы болды. Сондай-ақ Алла, олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннәттер әзірледі. Осы ірі мұрат»[16],

Пайғамбарымыздан (с.а.у) кейін ардақты сахабалар әлемге ислам жайып, пайғамбарымыз (с.а.у ) хадистерін жеткізді, соның арқасында сүнниттік бағытта адам өмірінің әр тұсын қамтыған өміршең ислам әлімінде жалпыға ортақ заңдар, негіздер қалыптасты. Елімізде ата заманнан бері шейіттік бағыттағы исламды ұстанған емес, өйткені ислам ілімдерінің нәр алған бабаларымыздың мұндай сандырақ қыдырма пікірлерге қарсы иммунитеті жоғары болған. Алла тағала дін атын жамылып, өзінің зымиян мақсатына жетуші қауымдардан аулақ қылсын!

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Ақидатул әшшиа әл-исна әл- ашара, Мамдух Ибн Али Аль-Харби

[2] Жоғарыда аталған он екі имам заманының ғалымдары тақуа жандары болған қазіргі шииттік бағытқа ешқандай қатысы жоқ.

[3] Бәиинә сүресі, 7-аят

[4] Мухаммад ибн Джабир ат-Табари тәпсірінде келтірілген.

[5] Рухолла́ Мусави́ Хомейни́ (перс. روح الله موسوی خمینی‎  24 қыркүйекте 1902 жылы   Иранның Хомейн қаласында дүниеге келген. Иранның саяси қайраткері, 1979 жылғы Ирандағы революцияның көсемі.  1979-1989 жылдар аралығында Иран басшысы.

[6]http://ar.wikipedia.org/wiki/%D8%A7%D9%84%D8%B4%D9%8A%D8%B9%D8%A9

[7] Күнә жасаудан пәк, яғни өмірінде ешқашан күнә жасауы мүмкін емес.

[8] Мазһабтар тарихы, Смайыл Сейтбеков

[9] Аббаситер хижра бойын 132 жылы үкімет басына келген халифат аталмыш халифаттың негізін қалаушы Аббас Сафах, Жағфар Аббас ибн Абдулмутталип, пайғамбармыздың (с.а.у) көкесінен тарайды.

[10] «Сунна» Абдолла ибн Ханбал 2 т, 548 б

[11] «Сунна» Абдолла ибн Ханбал 2 т, 548 б

[12] Ибн Баттаның «Ибана суғра» кітабы, 162 бет.

[13] Ибн Батта «Ибана кубра» 2/245

[14] «Суннату лилХилал» Абу бакр ибн Хилал

[15] Әли Имран сүресі, 195 аят

[16] Тәубә сүресі, 100 аят

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.