Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Өтірік ант пен өтірік

0 513

29Уа, достар! Біздің халықта өтірік ант пенен өтіріктен сақтанбайды. Құдай сақтасын, бұлардың жолы бек киын.

Өтірік түгіл шыңға да беталдына ант іше берген жарамайды. Аятта айтқан: «уа ла таджгалул-лаһа гурда-тин ли айманикум». Мағынасы: «Алла Тағаланың атын орынсыз қол жаулық қылмаңыз антыңызбенен» деген.

Бір нәрсеге ант қылып, антын амалсыз бұзған кісі де он кедейді тойғызады. Ол болмаса, он кедейге киім береді. Оған әлі келмесе, туған үш күн ораза ұстайды. Және аятта: «иннал-лаһа ла уихиббул-хагинина». Мағынасы: «Алла тағала антын бұзғандарды жек көреді» деген. Және бір аят: «уа минан-наси ман иагджибука қаулуһу фил- хайати аддуниа уа йушһидул-лаһа ала ма фи колбиһи уа һуа алад-дул- хисами». Мағынасы: «кейбір адамдар сөзіменен дүние істерінде сені таңқалдырар. Және ойымдағым сол деп, Алла тағаланы куә қылар өтірік. Ондайлар мұсылмандардың қатты дұшпаны» деген.

Және бір аят: «уалаһум азабун али-мун бима кану йакзибуна». Мағынасы: «ол өтірікшілерге қияметте қатты-қатты азап бар айтқан өтіріктері үшін» деген. Және бір аятта: «уаджтанибу қаулаз-зури». Мағынасы: «жиіркеніп қашыңыздар өтіріктен» деген. Енді Құранда өтірік ант пенен өтірік турасы қандай жаман дегенін ұқтыңыз.

Мұнан соң ақылмен ойлайтұғын дәлел айтайын — өзіңізді біреу өтірік антыменен алдаса, жақсы көресіз бе, яки өтірік ант беріп, бір зиян келтірсе, яки бір пайдаңызды келтірсе, жақсы көресіз бе, яки сізге пайда, яки зиян болмаса да, өтірікке ант ішкенін білсеңіз, мұнан былай ол кісінің сөзіне нана аласыз ба? Егер нана алсаңыз, оныңыз ақымақтық болмай ма? Және антсыз-ақ біреу өтірік айтып алдаса, жақсы көресіз бе?

Ақырында бұл өтіріктің ешбір төлеуі жоқ, намаздай қазасы, оразадай кінәраты жоқ. Өтіріктен құтылуға жалғыз-ақ сол сөзім өтірік еді деп қайтадан өзіне-өзі куә болып, естіген жанға қайта айтып, сол өтірікпенен тарттырған зияны болса, оны не малмен, не сөзбен разы қылмаса, өтіріктің одан басқа төлеуі болмайды.

Шариғатта өтірік айтуға біраз ғана жерде рұқсат бар, о да ешбір мүмкін болмағанда. Екі кісіні жақындастырып, араздығын қалдыруға бірінің қатты сөзін біріне айтпай, жақындық сөзін оңдап айтқан сықылды жерде. Және кішкене баланы ұғуға көңілдендірген сықылды жерде. Және жанға, яки дінге қac болатұғын жерде кәпірлерді алдап құтылған сықылды. Осындай орындарда ғана рұқсат қылған, ондай болмағанда өтіріктің жолы бек қиын.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.