Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адамзат тарихындағы тосын жағдай

0 660

Қағба – жер бетіндегі ең алғашқы құлшылық ордасы. Оны Хазірет Ибраһим баласы Исмайылмен бірге, Алланың әмірі бойынша тұрғызған еді.

 Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) елшілік жүктеліп, Мекке бейбіт түрде азат болғанға дейін (630 ж.) Қағбаның іші пұттарға толы еді. Расулулла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Мекке азат болғаннан кейін ішіндегі пұттардың бәрін тазартқан еді.

Мекке ежелден қасиетті аймақ әрі арабстан жарым аралындағы маңызды сауда орталығы болған соң де жыл бойы келушілердің қатары сиремейтін еді.

Бұл көршілес аймақтардың қызғанышын да тудыратын еді. Айталық, сол кездегі Хабашстанға (Эфиопия) тәуелді Йемен өлкесінің басшысы Әбраһа арабтарды өз еліне тарып, Йеменді маңызды орталыққа айналдыру үшін үлкен ғибадатхана салдырады. Алайда, Қағбаға жылдар бойы ағылып жататын жұрттың легі Сана қаласындағы үлкен ғибадатханаға бұрыла қоймайды.

Адамдарды Қағбадан қайтара алмаған Әбраһа оны қиратып, халық санасынан біржолата құтуға бел буады. Осы оймен пілге мінген жасақтарын басттап Меккеге бет түзейді.

Бұл айбынды әскерге төтеп беретін Мекке арабтарында күш жоқ еді. Сондықтан да олар жол-жөнекей жергілікті арабтардың мал-дүниесін бұлап отырды. Осындай бұлаңшылықпен Әбраһаға әкелінген малдың ішінде Әбдімүттәліп деген Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) атасының жүз түйесі де бар еді.

Меккеліктер жиылып Әбраһаның алдынан шығып, малдарын жоқтап келеді. Олардың ішінде Әбдімүтәліп те бар еді. Ол кісі де өзінің адал малдарын қайтаруды сұрайды. Сонда Әбраһа:

– Мен сені Қағбаны қиратпауымды сұрап келді екен десем, сен өз малыңды сұрап келіпсің ғой, – деп кекесінмен жауап береді. Сонда Әбдімүттәліп:

– Малымның иесі менмін, Қағбаның өз иесі бар. Оны өз иесі қорғайтын болады, – деп жауап береді.

Әбдімүттәліптің малы өзіне қайтарылады. Бірақ Әбраһа Қағбаны қирату ниетін орындамаққа ілгері қарай беттейді.

Қосынның алдында үлкен бір піл бар еді. Қызық болғанда Қағбаға жақындағанда алдыға аттап баспай жатып алады. Әскерлер қанша әрекет жасаса да пілді алдыға аттап бастыра алмайды.

Сол кезде адамзат тарихындағы күтпеген бір тосын жағдай жүз береді. Көк жүзін топ-топ құстар басып кетеді. Олар ауыздарына тістеген, аяқтарына қысып алған тастарымен қосынның үстіне тас жаудырады.

Қосындағы әскерлердің тас тигендерінің денесі тесіліп, аз уақытта орасан зор шығынға батады. Осылайша, Әбраһаның арманы орындалмай қалады. Ол өзі де әрең еліне жетіп, көп ұзамай өлім құшады.

Осылайша, Қағбаны өз иесі қорғап қалады. 571 жылы Осы оқиғадан 50 күн өткенде Меккеде Алланың ақырғы Елшісі Мұхаммед Мұстафа (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өмір есігін ашады.

Адамзат тархиндағы елеулі оқиғаның бізге берер өнегесі де орасан.  Әбраһа оны білмесе де, өзінің арам ойы Алланың қалауынсыз іске аспайтыны ақиқат еді. Сол сияқты біз қандай да бір арман, мұратқа жеткіміз келсе оның да Алланың қалауынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан да дана халқымыз «Құдайсыз қурай сынбайды» деп түйіндеген.

Бекзат Ақжігітов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.