Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұғаның қабыл болуына кедергі келтіретін істер

0 1  644

Дінімізде дұғаның қабыл болуына кедергі болатын істер де белгілі.

Бірінші кедергі: харамнан болған ас жеу, сусын ішу, киім кию;

Әбу һурайрадан (р.а.) жеткізген бір хадисте Расулулла (с.ғ.с.) «Уа, адамдар! Шынында Алла жақсы және жақсы нәрсені ғана қабыл алады» дейді Ал, Алла Тағала Құранда былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ

«Ей, мүміндер! Сендерге берген ризықтарымыздың жақсыларынан жеңдер» («Бақара», сүресі 172-аят), – деген.

يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا ۖ إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ

 «Ей, елшілер! Таза нәрседен жеңдер, игілік істеңдер. Расында Мен не істегендеріңді жақсы білемін» («Муминун» сүресі, 51-аят);

Шашы жалбыраған, үсті-басын шаң басқан, екі қолын аспанға көтеріп: «Иә, Рабб! Иә, Рабб!», – деумен болатын адам жайлы Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жегені харам, ішкені харам, кигені харам, хараммен азықтанған, қалайша дұғасы қабыл болады?»,-  деген (Муслим).

Екінші кедергі: қабыл болғанша шыдамсыздану және сабырсыздықпен дұғаны тастап қою;

Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен Алланың соңғы Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің біреулерің «қанша дұға еттім, қабыл болмады» деп асығыстық етпесе, дұғасы қабыл болады», – дейді (әл-Бұхари, Муслим).
«Егер пенде күнәмен немесе туыстықты үзу ниетімен дұға жасамаса, асығыстық етпесе дұғасы қабыл болады», – дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алла Елшісі(с.ғ.с.)! Асығыстық қалай?» – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.):

«Пенде: «Дұға еттім, дұға еттім, бірақ қабыл болғанын көрмедім» деп күйінеді. Сөйтіп дұғаны мүлде жасамай қояды», – деген (Муслим).

Ескере кететін бір жайт, дұғаның қабыл болуы Алланың хикметімен кешігуі ықтимал. Сол үшін дұғаның қабыл болуына шыдамсыздық жасалмағаны абзал.

Үшінші кедергі: Алла Тағала тыйым салған істерге бой алдыру, асылық жасау және міндетті парыз амалдарды орындамау. Алла Тағала:

وَلَا تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ بَعْدَ إِصْلَاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا ۚ إِنَّ رَحْمَتَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ

«Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік етпеңдер. Аллаға қауіп әрі үмітпен жалбарыныңдар. Шынында Алланың рақымы ізгі амал жасаушыларға жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).

Сонымен бірге, күнә-қателікте болу не туыстық байланыстарын үзу де дұғаның қабыл болуына кедергі келтіреді.

Әділ Агитаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.