Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) Тайф қаласына Исламды жаю мақсатында сапар шегеді. Бірақ меккелік мүшріктердің тайфтіктерді арандату нәтижесінде Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) қала ішінде таспен ұрып, қан-жоса етеді.
Қаладан әрең дегенде шыққан Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) қала шетіндегі бауға келіп тынығады. Үсті-басы қан болып әбден қиналған Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) біраз уақыт тынығып алғаннан кейін Меккеге қайта оралады.
Меккеге жетпей жатып жол бойында қасына Жәбрейіл періште келіп:
– Уа, Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!)! Қандастарыңның саған айтқанын Алла естіді. Сол үшін тау періштелерін сенің жәрдеміңе жіберді. Сен әмір етсең мына тау періштелері ана екі тауды алады да Тайфтың үстіне бастыра салады. Тек сен әмір етсең болды, – дегенде Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!):
– Мен әлемге қарғыс айту, өш алу үшін емес мейірім үшін жіберілдім. Менің тек бір өтінішім бар сол мүшріктердің нәсілінен Аллаға серік қоспай, Өзіне ғана ғибадат ететін ұрпақ шығаруын тілеймін, – деп, көмекке келген періштелердің өтінішіне осылайша жауап берген.
sunna.kz