Кейбір батыс шығыстанушылары хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Құранның мазмұнын христиан кітаптарынан тікелей оқыған болуы мүмкін деген қисынсыз пікір айтады.
Бірақ хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оқу-жазу білетін бе еді? Құран оның умми (хат танымаған) елге умми пайғамбар екендігін баяндап, пайғамбарлықтың Ұлы Жаратушыдан келгеніне осы хат танымағанын айғақ етіп көрсетеді («Ағраф», 7:157; «Әли Имран», 3:164; «Жұма», 62;2).
Әрі «Анкабүт» сүресінде: «Сен бұдан бұрын кітап оқымаған да, оны қолыңмен жазбаған да едің. Егер солай болса, бұзықтар сөзсіз күдіктенер еді», – деп, ашық баян етеді. Тарихи деректер де оның мүлде хат танымағанын мойындайды.
Оның Құранды әһли кітаптың жазуынан оқып, көшірді, дегендер егер, бұл пікірінен бас тартпаса олардың алдына тағы бір тосқауыл шығады. Ол – Тәурат пен Інжілдің арабшаға аударылмағандығы. Батыс шығыстанушылары кітаптардың хазіреті Мұхаммедтен (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кейін бірнеше ғасырдан соң яғни, Інжілдің IX-X, Тәураттың XI ғасырда ғана тәржімеленгенін айтады.
Әрі олар өз кітаптарын мұсылмандардан неғұрлым жасыруға тырысқан. Құран да олардың қолдарындағы кітаптарын басқаларға көрсетпеуге тырысқандары жайлы хабар береді («Бақара», 2:79; «Әнғам», 6:91; «Әли Имран», 3:78).
Егер хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Құранды олардың кітаптарынан алған болса, еврей мен христиандар «кітабың көшірме» деп ғаламға жар салар еді.
Бірде хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Мәдинада болған кезінде Нәжраннан христиандардың өкілі ретінде дін басылары мен ел басшылары бар 70 адам келіп пікір таластырады. Олар Пайғамбардың сөзін қабыл етпей, өз сенімдерінің дұрыстығын айтып, хазіреті Исаны Жаратушының баласы деп қасарысады. Сонда мына аят түседі:
«Иса жайында саған мағлұмат келгеннен кейін өзіңмен кім таласса да оларға: «Келіңдер! Балаларымызды, балаларыңды, әйелдерімізді, әйелдеріңді, өздер-імізді және өздеріңді шақырып алайық. Содан кейін «Алланың лағынеті жалған айтушыларға болсын!» деп, қарғасайық де» («Әли Имран», 3:61).
Осы аяттан кейін хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) отбасын алып шығып, христиандарға Ұлы Жаратушының жарлығын жеткізеді. Бірақ олар жалған айтушыға қарғыс тілеуден бас тартып, Исламның қол астына кіріп, жизия (салық) төлеуге ғана келіседі.
Егер, олардың діни сенімі берік болса, еш ойланбастан келісім берер еді ғой. Өз діні дұрыс болған қай дін басы, қалай ғана өз сөзім дұрыс деуден бас тартып, салық төлеуге келісе алады? Егер Құранды Інжілден көшірген деген дәлелі рас болса, неге үнсіз қалып, қарғасудан бас тартады? Әлбетте, олар Құранның бұрынғы илаһи кітаптар секілді Жаратушы Жаппар Иеден келгенін жақсы біледі. Кейбір тарихи деректер бойынша олар еліне қайтып бара жатқанда, араларынан бір адам дін басыларынан неге өз дінінің намысы мен дұрыстығы үшін қарғаспағанын сұрайды.
Сонда олар егер келісім беріп, қарғасқанда Нәжран жерінің жермен-жексен болатынынан қорыққандығын айтып, жаңа діннің хақтығын мойындайды. Бірақ саяси дүниеуаилық себептермен Исламды қабыл етпегенін айтады.
Иә, олар Құранның хақтығы мен хазіреті Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ақиқатын жақсы білген. Олар хазіреті Мұхаммедті алғаш естігенде-ақ (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Інжілде хазіреті Иса сүйіншілеп кеткен Фарақлит екенін жазбай таныған. Құран олар жайлы:
«Өздеріне кітап берілгендер оны өз балаларын танығандай жақсы таниды. Осыған қарамастан олардың бір тобы әдейі шындықты жасырады», – деп хабар береді. Иә, христиандардың басшылары биліктен айырылып қалмау үшін ақиқатты теріске шығаруға мәжбүр болған.
Осылайша христиан әлемі дін басылары мен мемлекет басшыларының қара бастарының қамының кесірінен ғасырлар бойы күткен хазіреті Исаның сүйіншілеп кеткен адамын қабыл етпей, ақиқаттан алшақ қалған. Міне, олар мың бес жүз жылдан бері Құран нұрынан мақрұм, беймаза күй кешуде.
Хазіреті Исаның «Фарақлит келу үшін мен кетуім керек» деп сүйіншілеген пайғамбары өзі кеткеннен кейін бірнеше ғасырдан кейін келмесе қай уақытта келмек? Хақ Тағала Иса пайғамбар әкелген діннің бұзылуынан кейін шамамен мың жеті жүз жыл бойы ақырғы пайғамбарды жібермей, адамзатты қараңғылыққа тастап қоюы қисынға сай іс пе?!
«Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды.
Sunna.kz