Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ халқындағы кейбір ат қою үрдістері

0 750

Қазақ халқында егер туылған балалары қайтыс бола берсе: Тұрсын, Алмас, Аман, Өтеген, Өтепберген, Төлеген, Елемес, Елеусіз, Өлмес деген есімдерді ырымдап қоятын болған.

Туылған нәрестелерінің бәрі ылғи қыз болып, ұл баланы күтіп жүргенде тағы да қыз бала туса, кейінгі бала ұл болсын деген ниетпен Ұлболсын, Ұлбала, Ұлту,  Ұлтуған, Жаңыл, Жаңылған деп қоятын болған.

Зарығып жеткен сәбилердің аты көбіне Аллаберген, Алдаберген, Құдайберген, Тұяқ, Тілеген, Тілепалды, Тілеуберген болып келеді.

Нәрестенің туылған уақытына, жеріне, еліне, жағдайына қарай Айтуған, Рамазан, Ережеп, Наурызбай, Қаңтарбай, Жайлаубай, Қазанбай, Боранбай, Тәшкенбай, Бұхарбай, Желдібай, Жаңбырбай, Сырбай, Еділбай, Алмат, Найманбай, Адайбай, Жеңіс, Қуаныш, Базарбай, Аманкелді, Төрегелді, Қожагелді, Жолдыбай, Олжабай т.б. деп те қойылады.

Әкесінің не атасының жасына қарай Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деп қоятын дәстүр де бар.

Баланың болашағынан үміт етіп, бай болсын деген ниетпен Сансызбай, Жұтамас, Мұңайтпас, Әмірбек деп, қадірлі болсын деген ниетпен Қадірбек деп, ғалым
болсын деген ниетпен Ғалымбек, Данабек, Қари, Қази деп, ержүрек, батыл болсын деген ниетпен Жолбарыс, Арыстан, Батыр, Қаһарман деп, өмір-жасы ұзақ болсын деген ниетпен Өмірзақ, Жанұзақ,Көпжасар деп те қойылады.

Сондай-ақ, жалпы мұсылманға ортақ аттар да молынан кездеседі. Алайда мұндай аттардың көпшілігі араб тілінде болғандықтан қазақ тілінің ерекшелігіне байланысты олардың түрлі нұсқалары қалыптасқан. Мысалы, Абдуллаһ (Алланың құлы) деген есімнің Абдолла, Абдулла, Абдул, Әбілда, Әбділда, Ғабдулла, Ғабдолла, Ғабділда, Қабдулла, Қабдолда, Қабдол, Қабілда деген нұсқалары бар. Ал, Мұхаммед деген есімнің де Мұхамбет, Махамбет, Маханбет, Мәмет, Мәмбет де-
ген сияқты талай нұсқалары және осы есімнен өрбитін есімдердің, мысалы, Бай-Мұхаммедтің – Баймұхамбет, Баймұқамбет, Баймағанбет, Баймағамбет, Бәйімбет, Бейімбет деген сияқты нұсқалары кездеседі.

Жалпы ат қойғанда ырымға, белгілі бір уақиғаға немесе құбылысқа қарап емес, ізгі, жақсы мағынадағы есімдерді қою керек.

“Дін мен дәстүр” кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.