Елімізде тарап жатқан көптеген жат ағымдардың бірі – ата жолы. Кейде мұны «ақ жол», «ақ орда» деп те атайды. Бірақ бәрінің тоғысып келгенде айтатын ұрандары, шақыратын нәрселері бір. Дегенмен, бұл ағымға еріп, адасқан жандар аз емес. Бір адамдар жанұясын тастап осы жолға ерсе, енді біреулері жанұясымен ажырасып шын «бақытқа» қол жеткізуде. Бұл ағым басқа ағымдар сияқты жарылыстар, қантөгістер ұйымдастырмағанымен, сенім тұрғысында ең үлкен күнәға итермелейді. Ол – Аллаға серік қосу.
Бұл ағымға қатысты шариғат тұрғысында жауап бермес бұрын ең алдымен олардың шығу тарихы, ұстанымы, сенімдері жайында тоқталсақ. «Ақ жол», «Ата жолы», «аққу», «сұңкар» [1]деген атаулармен белгілі болған аталмыш ағым тұлғалары адамның, ең алдымен психологиялық қалпына ерекше мән береді. Егер адам діни тұрғыда сауатты, білімді болса, ол адамға өздерінің насихаттарын жүргізбейді. Бұл жолға тек рухани тұрғыда әлсіз, жеке пікірі жоқ адамдар ғана түседі.
Бұл ағымға кейбіреулер ауруына ем таба алмағаннан кейін амалсыздықтан енсе, енді біреулер өмірдің аласапыран толқындарына, сынақтарына төтеп бере алмай мысы сынып, осыған жетудің оңай жолын діттеп барады.
Ата жол тілінде бата сұрайтын орындарды «орда» деп атайды. Олардың ойынша, қарапайым адам тікелей Алладан тілек тілей алмайды, міндетті түрде Алланың алдында абыройлы аруағы күшті бабалар арқылы сұрау керек деп сенеді. Мысал ретінде айтатындары: «Сен үлкен бастыққа кірерде тікелей кіре алмайсың, міндетті түрде ол кісіге жақын көмекшісі арқылы кіресің ғой, сол сияқты Аллаға да жасаған дұғаларың жетпейді, міндетті түрде жеткізуші делдалдар болу керек. Міне, олар Арыстан баб, Бәйдібек баба, Сарыбай ата, Түктібай ата, Жамбыл ата, Айша бибі ана, тағы да сол секілді кейбіреуі құлаққа таныс, таныс емес бабалар. Ал сол ордаларда қызмет ететін ерекше жандарды «аққу», «сұңқарлар» деп атайды. Олар әруақтармен тілдесіп, осылар арқылы қарапайым халыққа бата жеткізуші делдалдар.
Аққу – әйелдердің, ал сұңқар – ерлерге айтылатын атау.
Олар өздерінің жолдарын шариғи тұрғыда қуаттау үшін адамдарға намаз оқыңдар, дәретпен жүріңдер, бастарыңа орамал тағыңдар деген ислам дінінің міндеттерін нұсқайды. Кейбір адамдар осы тұста Алланың берген һидаятымен мешітке барып, ақиқатты ұғып, құтылып кететіндері де кездеседі, бірақ көпшілігі сол орға етпесінен құлауда. Ордадағы жасалатын рәсімдерге келетін болсақ, оған кірмес бұрын дәретті болу керек. Бата беретін бөлмеге өткенде аталарға қолыңды төсіңе қойып, бас иіп сәлем беру «парыз». Өйтпесең аталар разы болмай, батасын бермей қоюы да мүмкін. Әрбір ордаға кірген сайын ақша қалдыру міндет. Ақшаны көбірек тастаса, батаның да қабыл болу ықтималдығы көбірек. Әрбір ордаға кірген кезде сол ордадағы бабаларды себепші қылып, Құдайдан жалбарынып, қажетін сұрау керек. Аталардың қабылдау «рәсімінен» өткен соң, ортаға шырақ жағылады. Ауру, дерттеріңнің жазылуын тілеп бойыңды осы отқа аластайсың. Отқа табынушылықтың көрінісін де осы жерден байқауға болады.
Сосын ата-бабаларға бағышталып, Құран оқылады. «Түркістанда – түмен баб, Сайрамдағы сансыз баб, бабтардың бабы – Арыстан баб, 360 әулие-әнбиеге, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, бес ата…» деп бастап, айнала-аймақтардағы таныс-таңсық ата-бабалардың аттарын атап шығады.
Осыдан кейін аққу-сұңқарлар ата-баба аруағын шақыруға кіріседі. Біреу жүрегін ұстап қай әруақ-ата келгенін айтады, енді біреуі қолына қалам-қағаз алып аттарын жазып отырады.
Соңында барлық әруақтарға тұрып «бір сәлем» жасайсың. Аққу-сұңқарлар кезекпе-кезек ортаға шығып, теңселіп тұрып аузынан ақ көбік шашып, қиқулай жөнеледі.
Қара бура, Ақ бура, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Қарасай батыр, Қарашаш ана, Арыстан баб, Шортанбай, Жамбыл, Сүйінбай, Шәкәрімдердің де батасын тыңдайсың. Әркімнің атын атап, батасын бере бастайды. Аты аталған орнынан тұрып, сәлем беріп, екі қолын жайып, қазықша қатып батасының қабыл болуын тілеп тұрады. Батаға бірнеше рет барғаннан кейін жұрттарды «қажылыққа» аттандырады.
Халық апта сайын, ай сайын автобустармен мазар аралайды.[2] Ордаға алғаш барушылар, ең әуелі, «кіші қажылықтан» өтеді. Жұрт сол аймақтың, өңірдің, облыстың басындағы ел арасында атақ-дәрежесі бар бабалар аруағының мазарларына барады. Ол жерге барғанда Құран оқылып, бата жеткізіледі. Қай мазарға қонақ болып барсаң, ол сені батасымен жарылқайды.
«Кіші қажылықтан» өткен соң, «үлкен қажылықты» атқару қажет. Онда Түркістаннан бастап, сол жердегі дәрежесі үлкен бабалардың мазарын аралайсыз. Жолай Жамбыл бабамыздың мұражайына соғып, Үкаша сахабаның қасынан өтіп, зәмзам судан дәм татасыз. Домалақ ананың, Сарыбай атаның басына Құран бағыштап, Адам Ата мен Хауа ана тасының арасынан өтіп, бір сыналасың. Бесік тастардың құдіретін де тамашалап, Қазығұртқа барып, кемені көресің. Қысқасы, турист болып келесіз. «Ата жолы» – туристік агент рөлін атқарады. Есесіне аруақтардың батасына көміліп қайтасыз.
Бұл секта қандай мақсатпен құрылған? Бұл дінсымаққа өтушілердің басым көпшілігі кімдер? Басын бір сұққандар одан шырмалып шыға алмай қалатынына себеп не? Ең алдымен, мұндай жолға түскендердің діни сауатының жоқтығын аңғарамыз. Яғни, кешірілмес күнә – серік қосушылыққа жол береді.
Ордаға келушілерді қайтіп кетіп қалмас үшін екі әдіспен ұстайды: бірі – ынталандыру, екіншісі – қорқыту.
«Пәлен жерде пәлен бабаңның берер сыйы бар, сонда барып құрбандығыңды шал. Астыңа – тақ, басыңа – бақ береді. 25 күнде жетпесең сынағың тұр басында: көк телпектен (полиция), ақ телпектен (дәрігер), темір тұлпардан, ақ қағаздан (құжат)». Осы сөздерге иланған адамдар жынның сөзіне сеніп, Түркістанға қарай асығады. Білімсіз жұрт «бармай қойсам, аруақтың сынағы келіп қала ма» деп қорқады. Амалсыз барады. Ақшасы болмаса, табады.
Орданың айналасына адам жинау әдісі де жақсы қарастырылған. «Пәленше деген біреуің бар екен. Соның басына іс түсті. Ордаға әкел, әкелмесең қор болады, әкелсең жолы болады» деп біреуді саған аманаттайды. Сосын «аманат түбі – қиянат» деп тағы қосып қояды. Қазақта не көп, туыс көп. Сол туыстардың арасынан аталған есімді біреу табылады, әйтеуір. Сен оны ордаға тартасың, ол жақындарын, достарын тартады. Сөйтіп, жынның арбауына ерушілердің қатары да көбейе бастайды.
Түркістанға кем дегенде 2 рет барып келушілер Қаскелеңге келіп «жүректерін ашқызады». Яғни, сұңқар мен аққу болып келеді. Олар келіп орда ашады да, тағы да маңайына адам жинайды. Сөйтіп, циклды түрде жалғаса береді.
«Ата жолының» түбінде ақыл салып көрген адам қайнаған бизнес жатқанын байқады. Oriflame, Amway, Mary Kay үлгісіндегі «желілік бизнес». «Платина», «рубин», «бриллиант» деген сияқты «аққу», «сұңқар» деген атақты аласың да, артыңнан адам кіргізесің. Семинар маркетингтерге жібергендей, Түркістанға жібересің. Бұл да тура соның жүйесі.
Әр адам басынан құрбандыққа деп ақша алады.
Ислам дінін жамылып жүрген бұл топтың түпкі мақсаты түсінікті болды. Ол елді қанау, осы арқылы ақша табу. Елді тура жолдан адастыру. «Ата жолы» деп, бабалар жүрген жол деп елді азғыру.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
[1] Салтан Сәкеновтың «Жас Алаш», № 45 (15295), 05.06.2008 ж арнайы зерттеген мақаласынан пайдаланылды.
[2] Пайда болу жолы
«Ақ жол» діни бірлестігі өз жұмысын ұйым ретінде 1997 жылғы ақпан айында бастаған.
Кейіннен «Ата жолы» деп атын өзгертіп, 2001 жылы Алматыда коммерциялык ұйым (ЖШС) ретінде тіркелген. 2001 жылы Астана қаласында тіркеуден өтті.
Ұйымның негізін қалаушылары
Ұйымның негізін бүкіл Қазақстан бойынша көптеген шәкірттері бар Қыдырәлі Тарыбаев деген адам қалаған.
Қазақстан Республикасындағы басшылары
Ұйымның негізін қалаушы Қыдырәлі Тарыбаев 2009 жылы қайтыс болғаннан кейін басшы болып Қайранбеков тағайындалды.
Орналасқан жері«Ата жолы» сенімін ұстанушылар Республиканың 9 аймағында: Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында топтасқан.
Таралу аумағы: Қазақстан Республикасының барлық облыстары территориясында.
Қолданатын әдебиеттері: «Ата жол» атты рухани-танымдық журнал. «Ата жолы әліппесі» атты кітапшалар және басқа да басылымдар шығарып отырады.