Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Күпірлікпен айыптау

0 3  912

Мұсылман қоғамын әлсіретіп, құрдымға апарар себептің бірі бірін-бірі күпірлікпен айыптау әдеті.

Күпірлік – Аллаға және пайғамбарларына сенбеу, діннің әмірі мен тыйымдарына қарсы келу, жаратылыс ақиқатын мойындамау. Аллаға, пайғамбарына сенбеумен ғана емес, діни үкімдердің қандай да біреуіне қарсы келумен де орын алады[1].

«Куфр» көптеген араб сөздіктерінде, соның ішінде Ибн Манзурдың[2] «Лисәнул Араб» сөздігінде «жабу», «мойындамау» немесе «жасыру» деген мағыналарды білдіреді. Құран Кәрімде:

وَبِنِعْمَتِ اللَّهِ هُمْ يَكْفُرُونَ

«Алланың нығметіне шүкірсіздік (мойындамау) ете ме?»[3].

Күпірліктің екі түрі бар:

Бірінші түрі: Үлкен күпірлік, ол ислам дінінен шығарады, оның бес түрі бар:

  • Жалғанға шығару. Аллаға сенбей, қарсылық білдіріп, Пайғамбарға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оған уахи етілген Құранды өтірікке шығару. Тек өзі ғана адасып қоймай жүрген жерінде басқаларға да осы сөзін жайып жүретін адамдар. Алла Тағала ондай адамдарды ең зұлым адамдар қатарына кіргізеді:

وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ افْتَرَىٰ عَلَى اللَّهِ كَذِبًا أَوْ كَذَّبَ بِالْحَقِّ لَمَّا جَاءَهُ ۚ أَلَيْسَ فِي جَهَنَّمَ مَثْوًى لِلْكَافِرِينَ

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе?»[4].

  • Тәкәппарлықтан болған күпірлік. Енді бір адамдардың күпірлік жасауының себебі – бойындағы тәкәппарлығынан арыла алмауы. Өзіне берілген азды-көпті билікке, білімге, байлыққа масаттанып, Аллаға иман келтіріп, құлшылық қылғандардан өзін жоғары ұстауында жатыр. Алла Құран Кәрімде Ібілістің Алланың рақымынан алыс болуының басты себебі – тәкәппарлығынан екенін былайша суреттейді :

وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلَائِكَةِ اسْجُدُوا لِآدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّا إِبْلِيسَ أَبَىٰ وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ 

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды»[5].

3-Күмәннан туған күпірлік. Бұлтартпас дәлелдермен келген хабарларға күмәнмен қарайды. Ол үшін қияметтің орын алу, барлық адамдардың хашыр алаңында жиналуы, әр адамнан Алланың жеке-жеке есеп алуы күмәнді нәрсе. Оған осындай хабарлар жеткізілсе: «Жоқ, мүмкін емес, ақылға сыйымсыз, діндарлардың қарапайым адамдарды қорқыту үшін ойлап шығарған айласы», деп басын шайқайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَدَخَلَ جَنَّتَهُ وَهُوَ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ قَالَ مَا أَظُنُّ أَن تَبِيدَ هَـٰذِهِ أَبَدًا ﴿٣٥﴾ وَمَا أَظُنُّ السَّاعَةَ قَائِمَةً وَلَئِن رُّدِدتُّ إِلَىٰ رَبِّي لَأَجِدَنَّ خَيْرًا مِّنْهَا مُنقَلَبًا ﴿٣٦﴾ قَالَ لَهُ صَاحِبُهُ وَهُوَ يُحَاوِرُهُ أَكَفَرْتَ بِالَّذِي خَلَقَكَ مِن تُرَابٍ ثُمَّ مِن نُّطْفَةٍ ثُمَّ سَوَّاكَ رَجُلًا ﴿٣٧﴾ لَّـٰكِنَّا هُوَ اللَّهُ رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِرَبِّي أَحَدًاً


«Ол өзіне зұлымдық еткен түрде бақшасына кірді де: “Тіпті бұны жоқ болады деп ойламаймын” деді.(36) “Әрі қияметтің болатындығын да ойламаймын деді. Мүбада Раббыма қайтарылсам, әрине бұдан да орын табамын” (деді).(37) Жолдасы оған сөйлесіп тұрып: “Сені топырақтан, сонан кейін бір тамшы судан жаратып, сонан соң Адам еткен Аллаға қарсы келесің бе?” (деді).(38) “Бірақ, менің Раббым, Ол Алла; Раббыма ешбіреуді серік қоспаймын»[6].

4-Қарсы келу арқылы күпірлік жасау. Аллаға иман келтіру, Оның адам баласына көрсеткен қағидаттарымен жүру оның табиғатына, өміріне салтына қайшы, тіпті ол үшін материалдық тұрғыда тиімсіз де болуы мүмкін. Мекке мүшріктерінің сансыз пұттарын тастап бір Аллаға құлшылық қылмауының бір себебі әр рудың пайда көзі болған пұттарды бір Аллаға айырбастау олар үшін материалдық тұрғыда тиімсіз болды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَالَّذِينَ كَفَرُوا عَمَّا أُنذِرُوا مُعْرِضُونَ

«Ал сондай қарсы болғандар ескертілген нәрседен жалтаруда»[7].

5-Екіжүзділіктен болатын күпірлік. Енді бір адамдар бар жағдайға байланысты біресе мұсылман бетпердесін кисе, ахуалдар өзгерген кезде, мұсылмандардан күш кете бастағанда дінсіздің бетпердесін киіп шыға келеді. Бұндай адамдар қоғамымызда да кездесіп жатады. Алла Тағала:

ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ آمَنُوا ثُمَّ كَفَرُوا فَطُبِعَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ فَهُمْ لَا يَفْقَهُونَ 

«Міне расында олар иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар түсінбейді» [8].

Екінші түрі: Кіші күпірлік. Мұндай сипаттағы адамдар діннен шықпайды. Ол Құранда, хадистерде келген діннен шығармайтын күнәлар. Мысалы қуаты төмендеу дәлелдермен келген хабарларға иланбауы. Ақырет күніне иман келтірмеу діннен шығарса, ақыреттегі болатын әлсіздеу хабарлармен келген кейбір оқиғаларға сенбеу діннен шығармаса да кіші күпірлік жасаған болады.

 Құран кейбір аятында «куфр» сөзі Алланың нығметтерін жоққа шығарған адамдар хақында келген:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا قَرْيَةً كَانَتْ آمِنَةً مُّطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَدًا مِّن كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ 

«Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал берді: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді. Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп жапа тарттырды» [9].

Сол секілді Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келгендей:

سَبّابُ الْمُسْلِمِ فُسُوقٌ وَقَتَّالُهُ كُفْرٌ

«Мұсылманды балағаттаушы пасық, өлтірушісі залым»[10], деген. Бұл жерде «куфр» сөзі залым, Алланың ашуына ұшыраған адам ретінде келтіріледі, өйткені оған    Құран Кәрімнің мына аяты дәлел:                                                      

يَا أَيُّها الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمْ الْقَصَاصَ فِي الْقَتْلَى

Әй, мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді[11].

Алла тағала кісі өлтіруші күнәһарды мүмін санатына жатқызған. Өйткені Құранда «Ей, мүміндер» деп келеді.

Үлкен күпірлік пен кіші күпірлік арасында айырмашылық бар:

  • Үлкен күпірлік жасаған адам ислам дінінен шығады, кіші күпірлік діннен шығармайды.
  • Үлкен күпірлік жасау мәңгі тозақта қалуға жетелесе, кіші күпірлік жасаған адам мәңгі тозақта қалмайды.
  • Үлкен күпірлік барлық амалдың сауабын жояды, ал кіші күпірлік сол күпірлікке қатысы бар амалды ғана жояды.

Қазіргі кезде шариғат шарттарын ескермей бір адамның шариғатқа қайшы әрекет жасағаны үшін кәпір деп үкім бере салудан тартынбайтын топтар пайда болуда. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өзінің мүбарак хадисінде:

        وَمَنْ رَمَى مُسْلِمًا بِكُفْرٍ فَهُوَ كَقَتْلِهِ

«Кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, ол оны өлтіргенмен тең»[12] – деген. Бұлай айыптауға шариғат рұқсат бермейді.

Алла Тағала Құран аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِندَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ ۚ 

«Әй, мүміндер! Алла жолында жорыққа шыққанда, әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар (яғни кімнің мүмін және кімнің кәпір екенін анықтаңдар, әр нәрсеге жіті қарап, әр мәселенің қыр-сырына әбден қанығыңдар). Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне (олжаға) қызығып: «Сен мүмін емессің» деп, айтпаңдар. Біліп қойыңдар Алланың құзырында мол әрі сан алуан олжалар бар.,»[13] – деді.

Олай болса, біреуді күпірлікке шығарардың алдында ол адамның не үшін күнәлі әрекетті жасағанын зерделеу керек. Мысалы адам ислам негіздерін дұрыс білмегендіктен Алланы лайықты емес заттармен сипаттауы мүмкін. Сол секілді адам қателесуі немесе ондай амалды істеуге мәжбүр болуы мүмкін. «Кәпір» деп үкім беруші адам мұның барлығын ескере білетін шариғатты терең меңгерген адам болуы ләзім.

Хамзат Қажымұратұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы 

[1] Смайыл Сейтбеков «Иман негіздері» 102-бет

[2] Жәмалудди́н Абу́ль-Фадль Муха́ммад ибн Му́крим әл-Анса́ри ар-Руа́йфии, Ибн Манзу́р деген атпен танымал (1232, —1311,) — мұсылмандардың атақты ғалымы, фиқһ, араб тілінің маманы, жиырма томдық араб сөздігінің «Лисәнул араб» авторы

[3] «Нәхл» сүресі, 72 -аят

[4] «Анкабут» сүресі, 68-аят

[5] «Бақара» сүресі, 34-аят

[6] «Кәһф» сүресі, 36-38 аяттар

[7] «Ахқаф» сүресі, 3-аят

[8] «Мунафиқун» сүресі, 3-аят

[9] «Нәхл» сүресі, 112-аят

[10] «Муслим» хадистер жинағы

[11] «Бақара» сүресі, 178-аят

[12] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари № 6277

[13] «Ниса» сұресі, 94-аят

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.