Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

19 тамыз Ашура күні

0 1  130

Мұхаррам айында келетін Ашура күні – мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. «Ашура» сөзі «оныншы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, мұхаррам айының оныншы жұлдызы.

Биыл Ашура күні 19 тамызға сәйкес келіп тұр.

Ашура оразасының тарихы жайында хадисте былай айтылған: Құрайш (қауымы) жаһилият заманында ашура күні ораза тұтатын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де ораза тұтатын. Мәдинаға келгенде де сол оразаны ұстады және оны ұстауға бұйырды. Рамазан айының оразасы парыз етілгенде ашура күнінің оразасын ұстауды тастады. Қалаған адам оны ұстайтын, қаламаған адам, ұстамайтын еді[1].

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза», – деген[2].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашура күнінің оразасы туралы: «Өткен жылдың күнә-қателіктерін өшіреді, деп үміт етемін», – деген[3].

Осыған орай, ханафи мәзһабында ашура оразасын ұстау – сүннет, ал оған алдыңғы (тоғызыншы), не кейінгі (он бірінші) күнді қосып тұту – мұстахап[4], деп пәтуа берілген.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ашура күні әйел, бала-шағасына кеңшілік жасаса, Алла оған жыл бойы кеңшілік жасайды», – деген[5]. «Кеңшілік жасау» дегенде дәмді тойымды тамақ әзірлеу, сыйлық беру сияқты сауапты істер түсініледі.

Алла Тағала мұхаррам айында, ашура күнінде жасаған құлшылықтарымызды, ізгі істерімізді, дұға-тілектерімізді қабыл алғай! 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Нәсаи риуаят еткен.

[2] Мүслім риуаят еткен.

[3] Мүслім риуаят еткен.

[4] «Фәтауа Қазихан», 1/129.

[5] Табәрани, Бәйһақи риуаят еткен.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.