Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ашуды емдеудің 8 жолы

0 1  289

Ашу – ыза, кейіс, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адам мінезі мен көңіл-күйінің жағдайы. Өзіне әсер еткен қолайсыз нәрселерге жауап ретінде ашулы, ызалы, кекті, қаһарлы түрде көрінеді. Ашулану – адамның көркем мінез құлқын құртып, денсаулығына зиян келтіреді. Ашудың, денедегі ең үлкен зияны жүрек пен бүйректерге келеді. Өйткені ашу денедегі қан айналым жүйесінің ауытқуына апарады. Қан тамырларының тарылуына себеп болады және қанның еркін айналуына мүмкіндік бермейді. Сол себепті жүрегі ауру адамдарға ашуланбауға кеңес беріледі. Сондай-ақ адам ашуланған кезде қанның құрамындағы қант мөлшері артады. Адамның санасын игере алмауының себебі де қан айналымының нашарлауынан болады.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Нағыз күшті, балуан, қаһарман – бәрін жеңген адам емес. Ашуланған кезде нәпсіне ие болып, ашуын жеңе білген адам нағыз балуан», – деген. Ия, адам ашуланған кезінде шайтанның қолындағы ойыншыққа, оның тұтқынына айналады. Шайтан оны оп-оңай күнә істеуге итермелейді. Бір кісі пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулалла! Маған бір насихат айтыңызшы, соны ұстану арқылы құтылайын», – деді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ашуланба!» – деп бұйырады. Біраз уақыттан кейін әлгі адам тағы да насихат сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағы да: «Ашуланба!» – дейді. Бұл адам қанша рет насихат беруін сұраса да, әр сұрағанында пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Ашуланба!» – деп айтады.Иса (ғ.с.) яһудилердің қасынан өтіп бара жатқанында яһудилер оған жаман сөздер айтады. Иса (ғ.с.) оларға жылы сөздермен жауап қайтарады. Қасындағылар: «Яһудилер саған жамандық жасап жатыр, ал сен болсаң жақсы сөздер айтудасың», – дегенде, Иса (ғ.с.): «Әр адам өзінің бойындағы барын береді», – деген екен. 

Ашуды емдеу жолдарына келер болсақ:

Шайтанға истиғза айту

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ал, енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші» [1]. Шайтан – адамның ең үлкен жауы. Соңы үлкен өкінішке апаратын ауыр күнәларға итермелеуге қауқарлы. Сондықтан да адам өмір бойы өзінің ең зұлым жауы шайтанмен күресіп өтеді. Сүлейман ибн Сардтан келген хадисте: Пайғамбарымызбен (с.а.у.) отыр едім екі адам бірін-бірі балағаттай бастады. сол кезде бірінің беті қызарып, мойын тамырлары ісініп кетті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Мен бір сөз білем егер соны айтса, ашуы тарқар еді ол сөз «Ағузу билләһи минашшайтанир раджим» [2].

Орын ауыстыру

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Әбу Зардан (р.а.) келген хадисінде былай дейді: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар – тік тұрса,отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын» [3]. Адамның денесінің қозғалуы, иілуі ашудың тез тарқауына жол ашады. Ашуланған кезде отырып тұру – құптарлық әрекет.

Сөз таластыруды тоқтату немесе үндемеу

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүбәрак хадисінде: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар үндемесін» [4]. Кез келген адам басқа адам тарапынан сөз арқылы әртүрлі жолдармен шабуыл жасалса, адам нәпсісі оған дәл солай немесе одан да асырып қайтарғанды қалап тұрады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Өйткені,  сөз таластыру әрдайым екі жаққа да сәтсіз аяқталады.

Дәрет алу немесе жуыну

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүбәрак хадисінде айтты: «Шын мәнінде ашу ол шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, оттысу өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса дәрет алсын» [5]. Ашуланған кезде адамның жүрек қағысы жиілеп, дене қызуы көтеріледі. Бұл процесті тежеу үшін тез арада дәрет алып немесе жуынған абзал.

Ашуын ұстай білетін адамға Алланың беретін сыйын еске салу

Ашуын еркіне бағындырып ұстай білген адам үшін Алла Тағаланың берер сыйы мол:

1)Алланың махаббаты нәсіп болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында малсарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылықістеушілерді сүйеді» [6]. Құран аятындағы жақсылық істеушілер яғни ихсан амал жасағандар діндегі ең жоғарғы дәреже – Жәннатқа кіруіне себеп болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Әбу Дәрдадан (р.а.) келген хадисінде: Ашуланба саған жәннат нәсіп болады» [7], – деді.

2) Алланың ашуынан құтылады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір сахаба мені Алланың ашуына апармайтын нәрсе не дегенде: «Ашуланба», – деп жауап берген. Ашу үстінде адам баласы Алладан өзгеден панасы жоқ адамдарға зұлымдық жасап қоюы мүмкін. Содан алыс болғаны абзал.

3) Иманы күшейеді. Атақты хадистердің бірінде: «Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса, оның ішін иманментолтырады» деген хадис бар.

Алланы көп еске алу

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңдеболсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады»[8]. Яғни, адам баласы Алладан кешірім сұрап, еске алу, кешірім сұрау арқылы жүрегі тынышталып, ашуы тарқайды.

Пайғамбар өсиетін орындаған мұсылмандардан болады

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымызға (с.а.у.) бір адам келіп, маған өсиет айтыныңызшы деп өтініш қылды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше мәрте: «Ашуланба, ашуланба», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ашуланба деген өсиетінің астарында сабырлық, парасаттылық, ашуды ұстай білу, көркем мінез және басқа да ізгі сипаттар жасырынып тұрғандай.

Ашуланудың зардабына мән беру

Ашуланудың соңында тудыратын қатты өкіну сезімін, кек қайтарудың жамандығын және оңайлықпен кетпейтін ауыр нәтижелер келтіретіндігін ойлау. Яғни, ашуланған нәрсенің бір қиындық екендігін қабыл етсек, сабыр ету керек, мұның қиындығын арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Қол қанға былғануы мүмкін, түрмеге түсуі мүмкін, отбасы тарап кетуі мүмкін немесе т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін. Бір қиындыққа сабыр етпеу арқылы дүние мен ақыреті бұзылуы мүмкін. Жоғарыдағы насихаттар мен нұсқауларға сүйене отырып, ашуымызды ақылымызға жеңдіре білсеқ, нағыз мұсылмандық көркем мінезді паш еткен боламыз. Алла біздерді сабырлылардан қыла көр! 

 Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

“Сәдуақас қажы Ғылмани” мешітінің бас имамы 

[1] Фуссиләт сүресі, 36-аят.
[2] Бұхари.
[3] Әбу Дауд.
[4] Ахмад.
[5] Ахмад.
[6] «Әли Имран» сүресі, 134-аят.
[7] Муслим.
[8]  «Рағд» сүресі 28-аят.  

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.