Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Білім алудың артықшылығы

0 1  806

Ислам діні оқуға, зерттеуге және ғылымға үлкен мән берді. Шындығында, Алла Тағала  Пайғамбарымызға (с.ғ.с) және барлық мұсылмандарға оқуды бұйырды, оларды қаламмен жазуға, ғылымда дамуға және сауатты болуға шақырды.

«Сондай Жаратқан раббының атымен оқы!  Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты.Сондай қаламмен үйреткен. Ол,адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» [1].

Аятта Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бұйырылған оқу тақырыбы көрсетілмеген. Өйткені оқығысы келетін нәрсе тек оған түсірілген уахи арқылы ғана шектелмейді, сонымен қатар ғарыштық әлемдегі аяттарды, яғни бұл туралы ақыл -ойды зерттеп, ізденіп бәрін білу. Жаратушыны тану ғылымның да, діннің де негізін құрайтыны сөзсіз. Осы себепті «жаратқан Раббыңның атымен оқы» деп бұйырылды. Пайғамбарға оқу әрекетін немесе кез келген жұмысты басқа жаратылыстардың атымен емес, жаратқан Иеміздің атымен бастауға және одан көмек сұрауға бұйрық берілді.

Алақ сүресінде түсірілген осы алғашқы аяттың «оқу» бұйрығымен басталуы және бұл бұйрықтың бес қысқа аятта екі рет қайталануы, оқу мен ғылымның дін мен адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Алла Тағала «Бақара» сүресінің 31-аятында Ол Адамға барлық тіршілік атауларын үйреткені айтылады, ал адамның басқа жаратылыстардан айрықша артықшылығы оның үйрену ерекшелігі екені баяндалады. “Алла Адам пайғамбарға біртұтас атауларды үйретті де сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», деді. Осы аяттарда адамның басқа тіршілік иелерінен артықшылығы – ғылым арқылы екендігі білдіріледі.

Ғылым кез келген нәсілдің, тайпаның, топтың немесе қауымдастықтың монополиясы емес. Сондықтан, қалаған адам қабілетіне қарай білім ала алады. Осылайша, білімнің арқасында адам лауазым және байлық сияқты материалдық мүмкіндіктермен басқалар қол жеткізе алатын деңгейге, тіпті одан да жоғары деңгейге жете алады. Шындығында, бұл мәселе аятта былай көрсетілген:

 «Алла сендерден иман келтіргендер мен білім берілгендердің дәрежелерін көтереді» [3].

Енді бір аятта: «Раббым! Менің білімімді арттыр »,  – делінген. [4]

Алла Тағала, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) білімін арттыру үшін дұға жасауды бұйырды. Өйткені білім – сарқылмайтын қазына. Ғылым иесіне ғана емес, басқа адамдарға, тіпті басқа тіршілік иелеріне де пайда әкеледі. Пайғамбарымыз сондай -ақ әр түрлі хадистерде ғылым мен білімді мадақтап, мұсылмандарды ғылымды үйренуге шақырды:

«Тек екі адамға қызғанышпен қарайды: (Біріншіден) Алла тағала берген байлықты әділдік жолында жұмсап, тұтынатын адам; (Екіншісі) – Алланың берген білімімен лайықты түрде үкім шығаратын және оны басқаларға үйрететін адам» [5].

Білім адамдарға және басқа тіршілік иелеріне пайдалы болу үшін үйренеді. Бұл тұрғыда алынған білімді жасыру және адамдардың игілігіне пайдаланбау мүмкін емес. Пайғамбарымыз  білімді жасырудың күнәсі өте ауыр екенін хадистерде жеткізеді:

«Егер адамнан білетін бір нәрсе сұралса және жауап бермесе, қиямет күні оны аузына от тізбегімен салады» [6].

Сонымен қатар, білімді зұлымдық мақсаттарда және адамзатқа зиян келтіру үшін қолдануға болмайды. Білімді осы ниетпен үйренетіндер үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде -кім тек қана дүние -мүлік үшін Алланың разылығы ізделетін білімді үйренсе, ол қиямет күні жұмақтың хош иісін де сезе алмайды» , деген.[7].

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) білім турасында машһур хадисте:

«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» [8], деген.

Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде:

 «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» [9], –  дейді (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175).

Алла Тағала бір құлына білім нәсіп етсе, сол берілген ілім үшін сұралады. Ол жайында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде:

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» [10], –  деген. (Тирмизи хадистер жинағы).

Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар  шыққан, сол Құран мен сүннеттен нәр алып шариғи тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады.

Ұлы  Абай:

« Жасымда  ғылым  бар  деп  ескермедім,

Пайдасын  көре  тұра  тексермедім», – десе, Шәкәрім  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөліп,  оның  сол  Абай  меңзеген  ең  қуатты  жастық  шағын  ғылымға  арнауды  насихаттайды,  сол  тұстағы   албырт жігердің  бір  сағатын да  бос  өткізбеуге  шақырады. Шәкәрім  өмір  сүрген  кезеңдегі  қоғамның  мәдени – экономикалық  жағдайын  ескерсек, ақынның  сондай  мешеу  ортада  отырып,  жас  адамға  бірден-бір  қажет  өнер  ретінде  ғылымды  ұсынуы  көрегендік.

Ыбырай  Алтынсариннің   «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай.

Кешегі «АЛАШ» жұрттын көздері ашық, көкірегі ояу азаматтарда шариғи тәлім-тәрбиені ауыл молдаларымен медреселерден алған. Атап айтар болсақ, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров. Солардың бірі Мағжан Жұмабаев, ауыл молдасынан сауатын ашып, 19051910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. 19101913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды.

Мағжан Жұмабаевтың да білім турасында көптеген өлеңдері бар. Мысалға:

Білімсіз қатқан жансыз тас деп білсе,

Өнер-білім – қарны ашқа ас деп білсе

Дүниенің теңізінде адасқанға

Тура жол көрсететін бас деп білсе.

Білім жайында Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін  білім.  …»,-деген.  Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?!

Халқымыздың ұлыларынан білім жайында көптеген мақал-мәтелдер жеткен:

Білім гауһар, бағасы жоқ.

Надандық кесел, дауасы жоқ.

Киіміне қарап қарсы алады,

Біліміне қарап шығарып салады.

Күш – білімде, білім – кітапта.

Қына тасқа бітеді, Білім басқа бітеді.

Өнер — ағып жатқан бұлақ,
Ілім — жанып тұрған шырақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге  паш еткізуіміз керек. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

Нуриддин АБДУСАМАДҰЛЫ 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы 

[1] «Әлақ» сүресі 1-5 аяттар

[2] «Фатыр» сүресі 28-аят

[3] «Зумәр» сүресі 9-аят

[4] «Таха» сүресі 114-аят

[5] Бухари, Ілім, 15

[6] Тирмизи, Ілім, 3

[7] Әбу Дауд, Ілім, 12

[8] Ибн Мәжә хадистер жинағы

[9] Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175

[10] Тирмизи хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.