Ибраһим Пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) «Алла Тағала қандай қасиетің үшін сені дос тұтты?» деп сұрағанда, ол «Үш қасиетім үшін дос тұтты» деп жауап беріпті. «Біріншіден, Алланың ісін барлық істен жоғары қойдым. Екіншіден, Алла Тағала жүктеген нәрсеге ден қойдым. Үшіншіден, түскі асымды да, кешкі асымды да тек қонақпен бірге іштім» деген екен.
Алланың досы болу оңай ма? Пайғамбар мен пенде үшін одан артық қандай дәреже. Қанда мәртебе болуы мүмкін? Осы үш қасиеттің маңыздылығы неде? Тарқатып түсіндіруге тырысайық.
Бірінші қасиет, Алланың ісін барлық істен жоғары қою. Асылында Ислам тарихында Пайғамбарлар ең үлкен сынақтарды бастан кешкен. Тарихтан белгілі, Алланың әмірі бойынша Ибраһим Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жалғыз ұлы Исмайылды анасымен бірге шөл далаға қалдырып кетеді. Аллаға бойсұнудың нәтижесінде ол жерден зәм-зәм суы шыққанын білеміз. Тағы бірде ұлын құрбандыққа шалу бұйырылады. Бұл сынақтың сыйы ртеінде көктен көк қошқар түсіп, осы оқиғаның соңы ұлы мейрамға ұласады.
Бұл оқиғалардан Ибраһим Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) Жаратқанның әмірін барлық істен жоғары қойғанын және Алла жүктеген амалға аса мән бергенін анық аңғарамыз. Расында, Алланың разылығын алу үшін көп құрбандық жасау керек. Өмірдің заңы да сондай емес пе? Бір жетістікке жету үшін сол жолда тынымсыз тірлік етіп, ісіңе ерекше ықылас танытуың қажет.
Екінші қасиет, Алла Тағала жүктеген нәрсеге ден қою. Әйгілі ғұлама Хасан әл-Басри: «Мен өз уақыттарына сендердің дирхам мен динарларыңа қам жегендеріңнен де көбірек қам жеген кісілерді көрдім», – деген екен. Шын мәнінде, уақыт пен күш-қуатты әуелі Алла ризалығы үшін игі істерге жұмсау абзал.
Үшінші қасиет, өзгелерге ас беру. Асты жалғыз ішпеу – дін мен дәстүрімізде қалыптасқан әдептің бірі. Біреуге ас беру – ең абзал садақаның бірі. Адам өзгелерге тамақ беру арқылы оның разылығына бөленеді. Бұл – Алланы разы ететін іс. Қонақжайлық – қанға сіңген дәстүріміз. «От жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола» деген мақал бекер айтылмаса керек. Құдайы қонақ деген ұғым көшпелі қазақтың өмірінде маңызды орын алған.
Иә, біз құдайы қонақ келсе жалғыз атын сойып, құрмет көрсеткен халықпыз. Бәлкім осы пейіліміздің себебінен талай зобалаң замандардан аман қалып, өсіп-өніп келеміз… Асыл дінімізден бастау алатын ізгі амал Ибраһим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Алламен дос болуына жетелеген іспетті. Ол қонақсыз дастархан басына отыра алмайтын дәредеге жеткен. Кісі табылмаса іздеп, қонақ етіп жіберуді жақсы көрген.
Құранда Ибраһим Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) келген екі періште туралы баяндалады: «Расында (періште) елшілеріміз (жас жігіт кейпінде) Ибраһимге хош хабармен сәлем берді. Ибраһим олардың сәлемін алып, сонда дереу пісірілген бұзау келтірді» (“Һуд» сүресі 69-аят). Бұл оқиға қонақ келсе атын сойып беретін қазақ халқының қонақжайлығын еске түсіреді екен.
Ислам қонаққа құрмет көрсетуді бұйырады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін» дейді. Тағы бір хадис-шарифте қонақ күтпейтін адамда қайыр болмайтыны айтылады. Құдайдың мейірімі кең ғой. Мүмкін бір күні ықыласпен қонақ күтіп, осы амалымызбен Алланың разылығына бөленіп кетерміз. Дәйім солай болғай.
Алла Тағала сіз бен бізді қайырлы пенделерінен етіп, Ибраһим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дәрежесіне жеткізгей. Әмин!
Ағабек Қонарбайұлы
“Мұнара» газеті, №19(49) санынан