Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әл үстіндегі адамға не істеу керек?

0 1  241

Қазақ халқының ішінде дүниемен қош айтысып, жер қойнына тапсырылған жанға «талқин оқу» деп аталатын ғұрып кездеседі. Мұны кей жерледе «талқы оқу» деп те атайды. Талқин сөзі араб тілінде «кез келген бір ойды басқа біреуге үйрету, жаттату» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта мәйіт қабірге қойылып Құран оқып болған жұрт тарқаған соң, бірнеше кісі қабірдің басында иман негіздерін дауыстап біраз уақыт бойы айтып тұруын талқин деп атайды. Бұл іс қабірге қойылған адам қос періштенің сұрақтарына қиналмай жауап берсе екен деген ниеттен туындаған.

Бұл рәсімнің түп негізі ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінен шығатындығын ғұламалар растаған. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің бір сөзінде:

«Кімде кімнің ақырғы сөзі «Лә иләһә иллаллаһ» болса, барар жері жәннат болады» деген. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Өлілеріңізге «Лә иләһә илалаһ» сөзін айтқызыңыздар» деген. Осы хадиске негізделе отырып мұсылмандар арасында өлі кісіге талқин оқу рәсімі қалыптасқан.

Дегенмен, ғұламалар талқин оқуға қатысты әртүрлі пікірлерде болғандықтары жасырын емес. Мәселен, имам Нәуәуи жоғарыдағы хадисте «өлілеріңе» деп келген «мәутәкум» сөзін, «хал үстінде жатқан кісіге» деп түсіндірген. Яғни, дүниемен қош айтысып, кеудесінен шыбын жаны ұшып кеткен адамға емес, жаны шығайын деп, атау керін ішіп, ағайынымен арыздасып, қоштасып жатқан адамға талқин оқылады дейді.

Десе де, мәйітті жер қойнына тапсырып, бетін топырақпен жапқан соң талқин оқылатындығын айтқан да ғалымдар жоқ емес. Олар өздерінің бұл пікірлерінің дұрыс екенін имам Табарани жеткізген мына хадис арқылы дәлелдейді: «Әбу Умама әл Бәһили (р.а) атты сахаба былай деген: «Алла елшісі (с.а.с) бізге былай бұйырды: «Араларыңнан қандай да бір бауырларың арғы дүниеге аттанар болса, бетін топырақпен жауып қабірге қойған соң, қабірінің басында бірнешеуің қалыңдар. Содан соң, оған дауыстап: «Уа, пәленше ұлы пәленше!»,– деңдер. Сонда ол да сендерге жауап қатып: «Алла саған мейрімін жаудырсын, маған көмек бер, жетелеп жібер», – дейді. Алайда, сендер оның бұл айтқанын сезбейсіңдер. Сендер одан әрі сөздеріңді жалғап былай деңдер: «Сен бұл дүниемен қош айтысқан кездегі соңғы сөзің «Лә иләһә илла Алла, Мухаммадур расулалла» сөзін есіңе ал. Сен Алланы Рабб деп, исламды дінім деп, Мұхаммедті пайғамбар, Құранды жолбасшым деп мойындадың һәм разы болдың». Сол кезде Мункар мен Нәкир бір-бірінің қолдарынан ұстап тұрып: «Кетейік бұл жерден! Өзінің дәлелдерін, куәлік сөздерін айтқан кісінің қасында отыру жарамас», – дейді. Сонда әлгі кісіге қос періште емес, Алланың Өзі куәлік етеді», – деді».

Осы тақылеттес келген хадистерге қарай отырып, ғұламалар талқиннің үкімі қандай деген сұраққа әртүрлі жауап берген. Кейбірі талқин оқу уәжіп десе, кейбірі мұстахаб, тіпті баз бір ғалымдар мәкрүһ деп те айтқан. Талқин оқуды уәжіп яки мұстахаб деп білетін ғұламалар өлген кісінің тірі адамның айтқан сөздерін кей  кездерде еститіндігін айтады.

Осындай көзқарастарды қабылдаған халқымыздың ішінде «талқин оқу» яки «талқы оқу» ғұрпы қалыптасты. Талқинның екі түрі бар. Бірі – өмірден озбай тұрған уақытта айтылатын, екіншісі дүние салған соң айтылатын талқин.

Өмірден озбай тұрғанда айтылатын талқин кісі баласы өлім аузында жатқан шағында кәлима шаһадатты айтуына көмек көрсету сипатында жүзеге асады. Яғни, өлім періштесін күтіп жатқан кісіге естіртіп «Лә иләһә иллаллаһ» делінеді. Ол кісі бұл сөзді бір мәрте айтса ары қарай қинаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, төбесінен төніп тұрып «Уа, пәленше, «Лә иләһә иллаллаһ» деп айт деп те зорлауға болмайды. Немесе хадистің өзін естіртіп: «Пайғамбарымыз (с.а.с) «Кімде кімнің соңғы сөзі «Ләә иләһә иллаллаһ» болса жәннатқа кіреді» деген екен деп» әлгі кісінің есіне салумен шектеледі.

Егер кәлима шаһадатты айтқан соң өлім аузындағы адам дүниелік кейбір сөздер айтар болса, тағы да оған кәлима шаһадатты айтуға көмек көрсетеді. Мұны ғалымдар «Талқин фил хаяти», яғни, кісі баласына «өмірден озбай тұрып талқин оқу» деп атаған.

Ал өмірден озған соң айтылатын талқин Ибн Мәжәнің «Сүнән» атты еңбегінде, сондай-ақ басқа да риуаяттарда Әбу Умама Сад ибн Әжлән әл Бәһили (р.а) жеткізген хадиске негізделеді. Онда кісі қайтыс болған соң қабірдің басына бір кісі тұрып «Уа, пәленше ұлы пәленше! Егер саған қос періште келер болса, бұл дүниеден Алладан басқа құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік еткеніңе, сондай-ақ, Алланы Раббым деп, исламды дінім деп, Мұхаммедті пайғамбарым деп разы болғандығыңды айт», делінген.

Ханафи ғалымдарының айтуынша мәйіт жерленіп болған соң марқұмға талқин оқуға тыйым да салынбайды, әмір де етілмейді. Яғни, сүйек иесінің қалауына қалдырылатын мәселе. Егер білімі мол, шариғатты жақсы ұстанатын имамнан талқин оқуын өтінер болса, оның орындалуына ешқандай кедергі жасалмайды. Мәлики мазһабындағылардың айтуынша талқин оқу кеудесінен жаны шыққанша – мұстахаб, ал дүниеден озып, жер қойнына табысталған соң оқылуы – мәкрүһ. Ал шәфиғилер мен ханбали мазһабын ұстанушы ғалымдардың айтуынша мәйіт жерленген соң, қабір басына барып талқин оқу – мұстахаб амал.

«Жәуһарату әнНира» атты ханафи мәзһабының негізінде жазылған еңбекте былай делінген: «Әһлі сүннетте қайтыс болып, жер қойнына табысталған кісіге талқин оқу шариғи амал болып табылады. Өйткені, Алла тағала әлгі кісіні қабірінде тұрғызады. Сол кезде (сырттағы адамдар) оған былай дейді: «Уа, пәленше ұлы пәленше! Уа, Абдолла ұлы Абдолла! (Сен ол жерде) өзің қай дінде болсаң сол дінде екеніңді ұмытпа. Сен Алланы Раббым деп, Исламды дінім деп, Мұхаммедті пайғамбарым деп разы болған едің ғой».

«Әт-тәж уәл-Иклил» атты кітапта Әбу Хамид былай деген: «Мәйіт жерленген соң оған арнап талқин оқу– мұстахаб». «Мәсәлик» атты еңбегінде ибн Араби бұл мәселеге қатысты көзқарасын білдіріп: «Мәйітті жер қойнына табыстаған соң, дәл сол сәтте оған талқин оқу – мұстахаб. Бұл Мәдина халқының ішіндегі салиқалы ел азаматтарының атқаратын ісі болатын. Өйткені бұлай жасау Алла Тағаланың: «Естеріне сал! Шынтуайтында зікір (еске салу) мүміндерге пайда береді» деген аятына сай келеді. Адам баласының еске салуға ең мұқтаж болатын сәті – қос періште келіп сұраққа алған кезі», деген.

«Иқнағ» атты еңбекте былай айтылған: «Мәйітті жер қойнына табыстаған соң бір топ кісілердің қабір басында қалып, оның сасқалақтамауын, сұрақтарға қорықпай жауап беруін біраз уақыт бойы сұрап тұру – сүннет. Алла елшісі мәйіт жерленіп болған соң қабірінің басында тұрып: «Бауырларыңыз үшін кешірім сұрап, сұрақтарға қорықпай, қобалжымай жауап беруі үшін дұға етіңіздер. Расында, ол дәл қазір сұраққа алынып жатыр» дейтін. Сондықтан, мойнына мұсылмандық міндеттер жүктелген әрбір марқұмды жер қойнына табыстағанда талқин оқудың сүннет екенін осы тақылеттес жеткен хадистерден байқаймыз».

Ғалымдарымыз талқинға қатысты келген хадситердің кейбірі әлсіз болғаныменен сол мәселеге қатысты жеткен сахих хадистер қуаттайтындықтан оның шариғатта құптаулы амал екенінің айғағы дейді. Халқымыз осындай риуаяттарды ескере отырып қабір басында талқин айту ісін ғұрыпқа айналдыра алды. Ел арасында «Иман суы», «Атау кере» деп аталып кеткен сөздердің астарында осы хадистер жатқандығы анық.

Хал үстінде жатқан кісімен қоштасуға келген бала-шаға, туыс-туғандары «Алланың ақ өліміне риза бол! Қидық сені» деген сынды сөздерімен оған разы екендіктерін, араларында кеткен кейбір ақылары болса кешкендіктерін білдіреді.

Сол тұста оған арнайы шақырылған имам аят оқылған суды ішкізіп, кәләма шаһадатты есіне салып, мүмкіндігінше айтуына көмектесіп отырады. Кеудесінен жаны шығып, арулап аттандырған соң да оның сұрақ-жауабы жеңіл болсын деген ниетпен шариғи ілімі бар, беделді кісі қабір басында марқұмның туыстарымен бірге қалып талқин оқиды.

«Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.