Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарының мәдени-әлеуметтік құрылымы(2)

0 472

Қарахандар дәуіріндегі деректерге сүйенсек, түркі дүниесінің мәдениетінің гүлденіп, әлем өркениетімен байланысы өркен жайып дамығандығы көрінеді. Осы кезеңнің дарынды ойшыл Махмұд Қашқари өз кезегінде былай деп жырлаған:

«Алла соққан бұ ғалам, Шыр айналып дөңгелер. Жұлдыздары жыпырлап, Күнді аударып, түн келер. Алла аспанды жаратты, Ақық сеуіп таратты. «Таразыны» бар етті, Күнді аударып, түн келер. Бір Иемді мақтаймын.

Білім жинап, сақтаймын, Жақсылықты жақтаймын, Бар көңілімді бағыштап». Түркі тілтану ғылымының негізін қалаған, әлемнің көне картасын, оның ішінде түркі халықтарының географиялық орнын белгілеп дөңгелек карта сызған ғалымның Алла туралы жыр жазуы ХІ ғасырда қазақ даласындағы идеология негізі Ислам діні болғандығын көрсетсе керек.

Сонымен қатар, «Иә, Алла, көп мінәжат етем Саған,

Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.

Дәріптеуге Өзіңді тіл жетер ме,

Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.

Ұшқан құс, жүгірген аң – барлығы да,

Паш етер Сені «бар» – деп, жөн бар соған!», – деп те жырлаған, ХІІ ғасыр аяғында ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Әдиб Ахмед ибн Махмұд, яғни Ахмед Иүгінекидің сөздері Ислам дінінің шариғатын насихаттайды:

Дін мұсылман баласы,

Адамдықтан жерімес,

Тіл мұсылман, қарашы,

Арамдықтан шегінбес.

Дәніккесін бұл шіркін,

Адал бір дәм жегізбес!

Қарап жатқан жыланның,

Құйрығын неге басасың?

Шағайын деп шапсыса, шоршып неге қашасың?–деген Үмбетей Тілеуұлының халық мүддесіндегі осы сөздері мұсылмандықтың адамдықты, адамгершілікті көрсетеді. Сонымен қатар, ел бірлігі мен халық татулығы мұсылмандық құндылықтардың таралуында деп білген.

Қазақтың кемеңгері Абай Құнанбаев ақын ғана емес, исламды терең түсінген теолог болған десек артық айтқан болмас едік.

Абай Құнанбайұлы – адамзаттың алтын қорына қазақ атынан өз үлесін қосқан ғұлама, «Қазақтың бас ақыны», «Отанды сүю – иманнан» деп, елін-жерін шын сүйген отаншыл кемеңгер. Ол халқының өсіп-өнуін армандап, қайтсем кемшілігін түзеймін деп ел-жұртын адал еңбекке, ғылым-білім үйренуге үндеді.

Бүкіл халқымызды толғандырған Абайдың теңіздей терең таланты күн өткен сайын биіктеп, ақындар үшін – арманға, ойшылдар үшін – маржанға айналды. Оның әрбір сөзі жібекке тізген меруерттей мөлдіреп, көз жауын алса, салмақты да салиқалы ойлары жаныңды тербеп, жігеріңді жанып, қиялыңды қырымға, көңіліңді биікке көтерері сөзсіз. Бұл тұрғыда қазақтың біртуар философы Ғарифолла Есім «Абай дүниетанымындағы Алла мен адам болмысын биік ғылыми парасаттық зердеден өткізуі ұрпақ тәрбиесіндегі орнықты рөлдің бекем қазығы аталы сөзден үлгі іздеуі деп білеміз.

Абай дүниетанымындағы этика мәселелері ретінде адалдықты, парасаттылықты, отансүйгіштікті, иман-дылықты, адам-гершілікті, ғылым мен еңбекке құш-тарлықты, сенім мен әдеп мәселелерін алға тартуға болады».

Бір өлеңінде Алланың болмысынан сөз қозғап, шариғат бойынша Алланы танудағы бүкіл ислам әлеміндегі ғалымдардың бір ауыздан қабыл еткен негізгі доктринасының (Матурида мен Ашағаридан тұратын «Аһлі сүннет уал-жамағат») сенімі бойынша Алланың мекенсіз болмысын меңзеп былай деген:

«Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың Оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!».

Абай атамыздың осы сөзіне мәдени антропологиялық талдау жасар болсақ, Абайдың “Ла Макан” – «мекені жоқ», мекенсіз», – деген сөзді қолдану Имам Матруди ақидасын жақсы меңгергендігін көрсетеді.

Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) Ханафи мазһабын ұстанады.

Ал ханафилердің басым көпшілігі Имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері – Орта Азия, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған. Әсіресе, бұл жүйе түркі халықтары арасында көбірек таралған.

Әрине, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары да бар. Ислам ақидасындағы негізгі ұстаным бойынша: “Алла кеңістікті, мекенді жаратпастан бұрын бар болған. Мекенді жаратқаннан кейін оған мұқтаж да болған емес. Мекенге мұқтаждық жаратылыстың сипаты. Мұқтаждық – әлсіздіктің белгісі. Ал, әлсіздік құдіретті Аллаға лайық сипат емес”, деген қағида бар.

Ғұламалар: «Ақылға салып қалай пайымдасаң да Алла бәрібір оған ұқсамайды» деп ескерткен. Осы себепті, әһлі сүннет ғұламалары Аллаға: «Мұхалафатул лил-хауадис» деген ерекше сипат берген. Мұның мәні: «Алла тағала кейіннен жаратылғандардан өзгеше, олардың ешқайсысына ұқсамайды» дегенді білдіреді. Қазіргі қоғамда Құрандағы астарлы мағыналы «Алла аршыға (таққа) үстемдік етті» [11, «Таха» сүресі, 5-аят] деген аятқа ұқсас «муташабиһ» аяттарға «Алла аршыға (таққа) шықты, орнықты, отырды» деген сияқты Алла тағалаға лайық болмаған адами, антропологиялық сипаттарды тіркеп, Алланы жаратылысына ұқсату сияқты келеңсіз пікірлер кең тарқалып бара жатыр.

Мұндай пікір Абайдың да кезінде заманауи мәселеге айналған болса керек. Ал ислам ақидасындағы негізгі ұстаным бойынша, Алла тағаланы адами, антропологиялық сипаттармен, жалпы жаратылысқа тән сипаттармен сипаттауға тыйым салынған. Ол сипаттар Алла тағала хақында кемшілік болып табылады. Бұл негіз: – “Оған ұқсайтын еш нәрсе мүлде жоқ!” [11, «Шура» сүресінің 11-аяты], “Алланы еш нәрсеге ұқсатпаңдар” [11, «Нахл» сүресінің 74-аяты], “Алла тағаланың еш теңдесі жоқ” [11, «Ықылас» сүресі, 4-аяты] секілді аяттарынан алынған.

Ислам мәдениетіндегі ең жоғарғы құндылық Алланы танудағы басты қағидаттар мынадай:

  • Алла тағала Өзі жаратқан жаратылыстардың ешқайсысына ұқсамайды. Алла тағаланың бар болуының белгілі бір бастауы жоқ – әзәли, соңы жоқ – мәңгі. Ал Алладан өзгенің барлығы, яғни бүкіл әлемнің белгілі бір бастауы және кеңістіктен алатын орны бар.
  • Аллаға мекен мен заманның ықпалы жүрмейді. Себебі бұлар кейіннен жаратылған. Ал Алла тағала мекен де, уақыт та жоқ кезде бар еді.

Түптеп келгенде, мекен мен заманның өзі Алла тағаланың билігіндегі нәрселер. Құранның: “(Уа, Мұхаммед!) «Көктегілер мен жердегілер кімге тиесілі? Бәрі Алланікі» деп айт оларға», – деген мекеннің де, оның ішіндегілердің де Алланың иелігінде екендігін білдіреді [11, «Әнғам» сүресі, 12 аят].

Осылардың қатарына Алланың Аршысы да кіреді. «Әл-буруж» сүресінің 15-аятында “(Алла) Ұлы Аршының иесі”деп арнайы атап көрсетіледі. Оның өзіндік сыры бар. Аршының сөздіктегі тура мағынасы «тақ» дегенді білдіреді. Діни деректерге сүйенсек, оның астында «Күрси» деп аталатын текше бар екен.

Пайғамбарымыздан Әбу Зарр жеткізген хадисте: «Жеті қабат көк (аспан) курсидің жанында сахарада жатқан жүзік секілді. Сахара әлгі жүзікпен салыстырғанда қандай болса, Аршы курсиден сондай үлкен» деп түсіндірілген.

Мұхаммед Али әс-Сабунидің айтуынша: “Бұл аятта Алла тағала алпауыт аршыны өзіне атап тіркеуінің себебі, аршы күллі жаратылыстағы ең үлкен дене болып табылады. Ол көк пен жерден әлдеқайда үлкен. Аршының осыншама кең болып жаратылуы оны Жаратқанның ұлықтығын ұғындырады”.

Ал Орта Азиядан шыққан әйгілі теолог Абдулла ән-Нәсәфи былай дейді: «Жоғарыдағы аятты тәпсіршілер былай түсінген дұрыс дейді: «Аршы барлық галактикалардың үстінде орналасқан. Оны Алла жаратып, құдіретін көрсету үшін жоғарыда Өз билігімен сақтап қойған. Жаратылыстағы ең алпауыт дене – аршыны сақтап тұрған Құдіретті Алла тағалаға аршының жанында арзымайтын көлемдегі мына дүниені және ондағы тіршілік иесін сақтау еш қиын емес».

Мұсылмандардың төртінші халифасы Әли ибн Әбуталиб (VII ғ.): «Алла тағала Аршыны өзіне мекен үшін емес, керісінше құдіретін паш ету үшін жаратты», «Алла тағала мекен жоқ кезде де бар еді. Ол бұрын қалай бар болса, қазір де дәл солай бар», – деп, Аллаға мекен тән еместігін білдірген.

«Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» кітабынан

sunna.kz

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.