Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Он күнә кешіріліп, дәреже он есе көтерілетін іс

0 740

«Салауат»  сөзі  араб  тілінде «береке»,  «құрмет көрсету»,  «тілек»  сияқты  мағыналарды  білдіреді.  Ал діни терминде болса, салауаттың айтушыға байланысты мағыналары да өзгеріп отырады.

«Ахзаб» сүресінде:

«Сөзсіз, Алла Тағала және Оның періштелері әрдайым пайғамбарға салауат етеді. Ей, иман еткендер! Сендер  де  Оған  (Мұхаммедке)  салауат  айтып,  жан-дүниелеріңмен сәлем жолдаңдар!» делінеді («Ахзаб» сүресі/56.).

Жоғарыдағы аятта білдірілгендей, Пайғамбарымызға тек  адамдар  ғана  емес,  Алла  Тағаланың  өзі  де  және Оның  періштелері  де  салауат  етеді.  Сондықтан  салауат  Алла  Тағаладан  болған  жағдайда «рақым  ету, дәрежесін көтеріп, мерейін үстем ету, берекеге кенелту»  мағыналарын  білдіреді.  Ал  періштеден  айтылған жағдайда «ізгі дұға және кешірім  тілеу» мағынасында қолданылады. Ал мұсылман үмбетінің салауат айтуы – ардақты Пайғамбарымыздың  (с.а.у.)  Алла Тағаланың ерекше рақымына бөленіп, асқақ дәрежесінің одан әрі биіктеп, мерейінің үстем болуын тілеуі болмақ. Яғни,  үмбетінің пайғамбарына деген ізгі тілегі. Салауат туралы қысқаша осылай түсінік бергеннен кейін жоғарыдағы сұраққа қайта оралайық.

Онсыз да Алла Тағаланың рақымы мен берекетіне бөленген, абырой-дәрежесі жоғары Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айтып, жақсық тілеу не үшін қажет?

Біріншіден, ақырғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айтуымыз – мойнымыздағы қарызымыз. Оның (с.а.у.) алдындағы  жақындығымыз  бен  сүйіспеншілігіміздің белгісі. Оған деген алғысымызды тілек ретінде білдіріп, жүрек  жарды  сағынышымыз  бен  құрметімізді  салауат түрінде жеткізу болмақ.

Егер пайғамбарымыз жіберілмегенде, біз Ұлы Жаратушыны барлық кемел сипаттарымен танып, қатесіз түсіне алатын ба едік? Пайғамбарымыз келмес бұрын адамзат  ай,  жұлдызға,  жансыз,  тілсіз,  меңіреу,  қолдан жасалған пұттарға Құдай деп табынғаны баршаға белгілі.

Ендеше, адамзатқа таухид дінін үйретіп, Раббымызбен табыстырған ардақты елші хазреті Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айту – әрбір мұсылманның пайғамбары алдындағы адал борышы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне білдірілген ақиқаттарды жан шыдатпас қиыншылықтармен қырқыса жүріп  адамзатқа  жеткізді.  Сол  жолда  малын  да,  жанын да аямады. Сол үшін апталап емес айлап аш қалды.

Мүшріктердің:  «Әбдімүттәліптің  жетімегінен  басқа пайғамбарлыққа адам табылмай қалып па?!» дейтіндей қорлық  сөздерін  естіп,  келеке-мазағына  душар  болды.  Мүбәрак жүзіне дұшпандары сан рет түкіріп, ғибадат жасап жатқан кезде түйенің қан-жынын әкеп төбесіне қотарып, айыздары қана алшаң басып кете барған кездері де болды. Жаңа дінге қарсы шыққан Мекке мүшріктері Пайғамбарызды  өлтіруге  ант  ішіп,  мүбәрак  өмірін қауіп-қатерге кіріптар етті. Жақын туыстары мен жора-жолдастарын өлтіріп, мал-мүліктерін талан-таражға салды. Бірақ, хақ діннің адамзатқа жетуі үшін пайғамбарымыз (с.а.у.) осының бәріне мойымай шыдады.

Пайғамбарымыз бұл жан түршігерлік қиыншылықтарға  қияметке дейін келіп-кетер жалпы адамзаттың бақыты үшін душар болды. Иә, ол ақырғы дін исламды бізге жеткізбегенде, ақ пен  қараны,  дүние  мен  ақыретті,  тозақ  пен  жұмақты, адамдықтың асыл қасиеттері мен құндылықтарын, Ұлы Жаратушының  бізді  екі  дүниеде  де  бақытты  ететін, адамзатты тура жолға бастайтын   ескірмейтін заңдарын қайдан біліп, кімнен үйренетін едік? Осының бәрін бізге тұнық күйінде үйреткен хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айту – біздің Оған деген шексіз алғысымыз бен сүйіспеншілігіміздің рәмізі.

Салауат – сан ғасырлар бойы жалғасып келген әрбір үмбетінің «Уа, Пайғамбарым! Мен де сенің үмбетіңмін»,- деп көкірек кере қуаныштан жар салуының көрінісі.

Салауат – сан ғасырды артқа тастаса да, үмбетінің Пайғамбарына деген түгесілмес сағыныш сазының әуені.

Салауат – үмбетінің Оған (с.а.у.) бір қадам болса да өзін жақын сезінуінің шарасы болса керек.

Екіншіден, үмбетінің әрбір істеген жақсылығының сауабы Пайғамбарымыздың да амал дәптеріне жазылып отырады. Сол себепті, Оның «махмуд мақамы» биіктеген сайын  биіктеп,  ақыретте  көптеген  үмбетіне  шапағат ете алатын болады. Салауат арқылы Пайғамбарға Алла Тағаладан береке, рақым тілеп, асқақ дәрежесінің одан сайын биікке көтеріліп, мейірімінің үстем етілуін сұрау – Оның (с.а.у.) ақыретте шапағатына кенелуімізге себеп болады. Үмбеті Оған салауап айтқан сайын оның биіктегі дәрежесі одан әрі асқақтап, шапағат ету ауқымы кеңейе түседі.

Хақ Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) хадисте: «Қиямет күні адамдардың маған ең жақыны – мына дүниеде маған көп салауат айтқан адам», – деген (әт-Тирмизи. Салат/357). Пайғамбарына салауат айтып, сәлем жолдаған құл,  иншалла, ана дүниеде пайғамбарға анағұрлым жақын тұрады. Сөйтіп Хақ алдында  есебімді  қалай  беремін  деп  ақ  тер,  көк  терге түсіп  абдыраған  құл  күтпеген  жерден  пайғамбарының кең шапағатына ие болады. Сондықтан салауат айтудың пайдасы Пайғамбарымыздан бұрын Оның үмбеті, бізге тиеді.  Шындап  келгенде,  салауат  айтуға  Ол  емес,  біз мұқтажбыз.

Үшіншіден, біз пайғамбарымызға салауат айтқан сайын Алла Тағала бізге он рет салауат айтады. Он күнәміз кешіріліп, дәрежеміз он есе көтеріледі.

Әнас  атты  сахаба  риуаят  еткен  хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса,  Алла Тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі» (ән-Нәсаий. Сәһу/55).

Демек,  Ұлы  Жаратушының  рақымына  бөленіп, күнәларымыздың  кешіріліп,  дәрежеміздің  өсуіне  себеп болар салауатқа Пайғамбарымыз емес, керісінше біз зәруміз.

«Имани гүл» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.