Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ислам діні ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтауға қалай қарайды?

0 498

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Әр қоғамның, ұлттың, халықтың ұзақ уақыт бойына қалыптасқан рухани және мәдени дәстүрлері бар. Осыған сүйене отырып, белгілі бір қоғамға тән барлық дәстүрлер мен ойлау формалары абсолютті игілік болмайтыны сияқты, зұлымдық болып та табылмайды деп айта аламыз.

Исламға дейінгі ғасырларда дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар өте үлкен рөлге ие болды. Олар қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірін реттейтін негіз ретінде қарастырылды. Сол себепті әр қоғам өзінің әдет-ғұрпы мен дәстүрін үнемі ұстанды.

Ислам дінінің келуімен жергілікті халықтардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қайта бағаланды:

Салт-дәстүрлердің алғашқылары дінімізге қарама-қайшы болғандықтан, мүлдем қабылданбады. Ислам дініне дейінгі Жәһилия (надандық) дәуіріндегі арабтарда қыз балаларды тірідей көмуге қатысты өте жиіркенішті ғұрып болған.

Қасиетті Құранда:

«Кедейліктен қорқып өз балаларыңды (құрсақта жатқанда да, дүниеге келгеннен кейін де) өлтірмеңдер, сендердің де, олардың да ризығын беретін Бізбіз» («әл-Ән’ам» сүресі, 151-аят), – деп Алла аталмыш іс-әрекетке әкелетін себептің бірі – кедей болып қалуға деген қорқыныштан бейкүнә сәбилерге қастандық жасаудан тыйған.

Құран аяттары мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының арқасында көшпелі бәдәуилер бұл салт-дәстүрден бас тартқан.

Екінші бірсалт-дәстүрлер өзгеріске ұшырады. Араб тайпаларының қиын көшпелі өмір салты мен көрші тайпалардың толассыз шапқыншылықтарының отбасылық қарым-қатынастарға әсерінен, жанұядағы билік ер адамның қолында болып, әйел адамның деңгейі төмен болды.

Исламның келуімен әйел қайтадан бостандыққа ие болып, күйеуінің алдында тең құқылы жарға айналды.

Үшінші салт-дәстүр түрлері еш өзгерместен мұсылмандар тарапынан қабылданды. Мысалы, хиджама – қан алдыру.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Үш нәрседе ем бар: қан алдыруда, бал шарапатында, отпен күйдіруде. Бірақ та мен зәру жағдай тумайынша отпен күйдіріп емдеуге тыйым саламын», деп бұл амалдың абзалдығын білдірген.

Қорытындылай келе, Ислам ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің сақталуына ерекше мұқият болып, тек дініміздің қағидаларына қайшы келетін және пұтқа табынушылық сенімнің құрамдас бөлігі болып табылатындарын ғана теріске шығарған.

Алла ата дініміз бен дәстүрлеріміздің сабақтастығының сақталуын нәсіп етсін. Әмин!

Әділ Агитаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.