«Көп намаз оқығандар – Жәннаттың намаз есігінен шақырылады….»
«Көп намаз оқығандар – Жәннаттың намаз есігінен шақырылады....»
Құлдың Аллаға деген құлшылығы жан дүниесінің көркемдігімен өлшенеді. Яғни Аллаға деген сезімі қаншалықты болса, құлшылығының да мәні соншалықты болмақ. Намазға ерекше мән берсе, ақыретте намазының сауабы да мол болып жәннатқа намаз есігінен шақырылатыны сөзсіз.
Бір хадистегі: «Көп намаз оқығандар – Жәннаттың намаз есігінен шақырылады….» деген сүйінші хабар намаздың маңызды құлшылық екендігін білдіру үшін болса керек. Сондықтан болар сахаба дегенде, Алланың бұйрықтарын тек шынайылықпен, ықыласпен оқыған алып тұлғалар елестейді. Ендеше, намазды терең бойлап, оны ынтамен оқығымыз келсе, сөзсіз сахабалардың
да намазға қаншалықты көңіл бөлгенін білуге тиіспіз.
Хазірет Әбу Бәкір (р.а) өз ауласында үнемі жылап тұрып намаз оқитын. Бұны көрген пұтқа табынушы кейбір мүшріктердің жүрегі жібіп, Исламды қабылдағандары да бар еді. Ал, Меккелік ерлер мен әйелдер, ересек жастар мен кішкене балалар барлығы топ-топ болып келіп, Әбу Бәкірдің (р.а) намазда оқыған Құранын тыңдау үшін үйінің айналасына жиналатын.
Мүшріктердің басшылары Әбу Бәкірдің (р.а.) оқыған намазы көпшілікті исламға еліктіретіндігінен
қорықты. Сол себепті, оның Меккеде қамқоршысы, тірлігіне тілектес қорғаны болған Ибн Дуғанаға
қарсылық танытып, бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетті. Аммар ибн Ясирдың оқыған намазына қарап та исламды қабылдағандар аз емес еді. Мұны сезген мүшріктер оның қорғаушысы Әбу Жәһилге қарсы шығып, Аммардың намазын тоқтатуын талап етеді.
Жалғыз Аллаға ғана құлшылық жасаған қаншама сахабаларды осылай жазалап, аяқтарынан шалуға тырысты. Десе де, олардың шынайы ықыласпен оқыған намаздары ақиқатты қалаған адамдардың көзін ашпай қоймады.
материал «Намаз – діннің тірегі» кітабынан алынды,
sunna.kz