Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәкәрім қажы: Амалдың түрлері хақында

0 368

Уа, достар, мұсылман адамның қылатұғын істерінің бәрі сегіз түрлі болады. Оның төртеуі шариғаттың қыл деп бұйырған нәрселері, оны парыз, уәжіп, сүннет, мұстахаб дейді.

Енді қалған төртеуі – шариғаттың қылма деп тыйған нәрселері һәм қыл деп бұйырмаған нәрсесі, оны мұбах, арам, мәкүрік муфсид дейді. Енді осылардың мәнісін әбден ұғып алу керек.

Парыз деген Алла Тағала Құранда біржолата осыны қыл деп анықтап бұйырған нәрселер – иман, намаз, ораза, зекет, қаж сықылдылар. Бұл парызға нанбай, парыз емес деген кісі кәпір болады. Құранға нанбағаны үшін, парызды біле тұра қылмаған кісі дозақта азап тартады. Ғұзырсыз болса және парызды қылған кісі коп сауап алады.

Уәжіп деген Құранның кейбір аятының әулие, мұжтаһиттер осы парыз болса керек деген нәрселер һәм пайғамбарымыз ғұмырында істеп қоймай өткен, һәм қылыңдар деп бұйырған нәрселері, мәселен, құрбан шалған сықылдылар, мұны уәжіп емес деген кісі кәпір болмайды, бірақ біле тұра ғұзырсыз қылмай қойған кісі дозақта азап тартады, қылған кісі сауап алады.

Сүннет деген пайғамбарымыздың әрдайым қылып жүрген, ғұмырында бір, яки екі мәртебе ғана қалдырған нәрселері, азан айтқан сықылдылар. Бұл сүннетті біле тұрып, пайғамбарымыздың сүннеттерін қылу сүннет емес десе кәпір болады. Пайғамбарға нанбаған болған үшін, егер де ғұзырсыз қылмай қойса, күнәкар болады, қылса көп сауап алады.

Мустахаб деген пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемей қалдырған нәрселері – нәпіл намаз оқыған сықылдылар. Оны қылған кісі күнәкар емес, қылған кісі сауап алады. Біреуге көрсету үшін, мактан үшін болмаса. Енді шариғаттың қыл демеген ісінің бірі мубах деген. Мұны қылса да, қылмаса да бенде ерікті. Қылғанына сауап та жоқ обал да жоқ қылмағанына да солай.

Бұл мубах – аң аулаған сықылды, бас салмай ат жарысқан сықылдылар. Бірақ мубахты істеймін деп жүріп, парыз уәжіп, ғибадатты қылмаса, онда күнәкар болады. Шариғаттың қылма дегенінің бәрі – арам. Ол Құранда біржолата осыны қылма деп анықтап айтылған нәрселер – арақ, өлексе, бауыздау қан, арам хайуандар сықылдылар. Және ұрлық зорлық ойнас, өтірік сықылды, пара алған, есім алған, кезден яки таразыдан жеген, алдап алған сықылдылар. Ондай анық арамды адал деген кісі кәпір болады. Құранға нанбағаны үшін қылған кісі дозақта жаза тартады, қылмай, шариғат жолынан шықпаған кісі коп сауап алады.

Мәкүрік деген – жоғарғы уәжіп сықылданып, Құранның бір аятының мағынасына қарап бұрынғы ғалым мужтаһиттер осы арам болса керек деп көбірегі айтқан нәрселер. Ондайды мәкүрік емес деген кісі кәпір болмайды, ғұзырсыз қылған кісі жаза тартады, қылмаған кісі сауап алады.

Муфсид деген – ғибадаттың біреуін бұзатұғын нәрсе. Мәселен, оразада тамақ жеген, намазда сөйлеген сықылды нәрселер. Оны әдейі қылса, сол ғибадаты бұзылып және өзі күнәкар болады. Жаңылып істеп жіберсе, жаза жоқ, бірақ сол ғибадатын қайта істейді. Мәселен, намаз болса, қайда оқиды, ораза болса, күніне күн төлейді. Әйтсе де осы муфсидтен қатты сақтану керек. Оның, бұл ескермеген салақтығыменен көбейіп кетіп, ғибадатты бұза береді. Сындырып алып жамай берген нәрсе жақсы бола ма және иман менен ғибадатқа салақтықтың өзі бек зор күнә болады, салақ болмай, сақтанып жүргенде шыққан қатеңізді Алла Тағала кешер, бірақ атамыз Адам ғалейһис-сәләмнан бері қарай соңымыздан қалмай келе жатқан шайтанның алдауына ермеудің қамын қылсақ керек. Ол шайтан адамды алдағанда адамның өзі піл менен маймылды алдап ұстап алғандай қылып ұстап алып, үйір қылады, нәпсіменен құмарлыққа ерсек біздің де піл менен маймылдан артың жеріміз болмас.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.