Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құнанбайдың қулығы

0 212

Жалпы көшпелі елдер, оның ішінде қазақ жұрты, құрлықтағы сайын кеңістіктің ішіне қусырылып алып, ұшарын жел, қонарын сай біліп, мал қайдан өріс іздесе, соның соңына еріп, тұрақты мекен таппай үнемі лағып жүргендіктен де, көшпенділер атанбаған.

Шетсіз де шексіз көрінген сайын сахараның өзі кішкене-кішкене бөлшектерге бөлініп, белгілі бір рудың ата-қонысына айналған. Қыс – қыстау, жаз – жайлауы бар. Тек осы аралықта ғана түйе қомдалып, көші бой түзеген. Жер бөлісіне қарай олардың ара қашықтығы ғана әрқилы болған.

«Бұрын жер ала алмай жүрген әнет, бәкен, жуантаяқ, қарабатыр сияқты кедей руларды орналастыру үшін Құнанбай тобықтының басты адамдарын шақыртып алып кеңеседі. Құнанбай: «Жер – адамның жері емес, құдайдың жері. Алла оны бір кісі үшін жаратқан жоқ, барлық адам баласы үшін жаратты. Жанын қиып жауды белсене қуысқан сендер емес, осы нашар атаның балалары. Ел намысын қуған ерлер де солар», – дейді. Жуантаяқ руына сырттағы жайлаудан уақпен жапсарлас бауырға дейін қоныс бөліп береді. Оған жалғас бөкенші руына жер кеседі. «Әнет пен Қарабатыр менің іш көйлегім сияқты еді. Бұларға өз тиесімнен берейін, қыс-қыстауы, жазжайлауы менімен жалғас болсын», – деп Хан өзенінің, Бөкенші өзенінің бас тарауына орналастырады. Әрине, бұған аталы мықтылар разы болмайды, бірақ әділ Құнанбай оларға қарамайды.

– Егер біздің жолымыз болып, найман Құндызды бойын босатса, елдің сол жақ шетінен бастап алған жерге қарай ауысады. Бүгін жерді қимай отырғандар сол күнде және көнбей жүрмеңдер, соны ескертемін дегенде отырған көпшілік бұл ұсынысты мақұлдайды. Сөйтіп, Құнанбай найманнан Құндызды бойын даулайды.

Құндызды өзенінде Жетісу мен Қарқаралы оязының бас қосқан сиязы болады. Тобықтылар: – Құндызды өзені ата-қонысымыз, ол Шыңғыстан аққан сегіз өзеннің бірі, – дейді.

Құндызды өзенінде Жетісу оязы мен Қарқаралы оязының бас қосқан сиязы болады. Тобықты содан кейін барып найманнан: Құндызды өзені – ата-қонысым, Шыңғыстан аққан сегіз өзеннің бірі, – дейді.

Екі ояз келісіп: «Өздерін би келесіне салып, қазақ жолымен бітісіңдер. Егер бітісе алмасаңдар, билігін біз айтамыз», – деп ерікті өздеріне береді. Билер келісе алмайды. Бірінің алғысы келеді, екіншісі жерден айырылғысы келмейді. Сонда Құнанбай тұрып: «Біз бұл керіспен дауды шеше алмайды екенбіз, кесімді өмірінде дауға түсіп, билік айтпаған адамға айтқызайық», – дейді. Осыған найман да, тобықты да тоқтасады. Найманнан Қисықты, тобықтыдан Доғалды шығарады. Екеуі де малды-момын адамдар екен.

Құнанбайдың сенімді атқосшысының бірі – керей жорға Жұмабай соны өте пысық, сөз тапқыш адам. Құнанбай ояздардың астарын дайындап, жұмыстарын орындап тұруға тағайындапты. Өзі жылпос жігіт ояздарға үйір болып алады. Қолдарына су құйып, орамалдарын дайындап, айтқандарын екі қылмай әбден жағып алады.

Құндызды өзенінің шыға берісіндегі қабақты ескі моланың орны бар. Ол моланың кімдікі екені белгісіз екен. Сол молаға күнде ертемен он шақты шал келіп, отырып-отырып, күн батарда қайтады. Мұны байқап жүрген ояздар: «Олар күнде анау жерге неге барады?» – деп сұрайды. Сонда Жұмабай: «Тақсырлар, олар тобықтының шалдары. Ерте кезде өлген ата-бабаларымыздың моласы жат елде қалса, бастарына келіп, дұға қылатын адам да болмайды ғой, – деп уайымдап, дұға оқып, қоштасып тұр», – дейді.

Қисық пен Доғал екеуі оңаша шығып, Құндыздының жағасына келеді. Әлден уақытта Доғал: «Ау, Қисық екеумізді билік айтуға зорлап шығарды. Құдайға да, адамға да ұятты болмайтындай қандай билік айтамыз. Сен не айтқың келіп отыр?» – дейді. Сонда Қисық: «Жоқ, ақсақал, билікті өзің айт», – дейді. Осы керіспен екеуі көп отырады. Әлден уақытта Доғал орнынан тұрып, құбылаға қарап, қолын жайып: «А, құдай! Адамдар да сенікі, жер де сенікі. Сенің жаратқан жеріңе кесіп-пішіп билік айту күнә, қателесіп айтсам өзің кеш!», – деп Қисыққа қарап, – біз несіне таласамыз. Құдайдың өзі билігін айтып қойған жоқ па? Өзеннің күншығыс жағы наймандікі, күнбатыс жағы тобықтыныкі болсын, – дейді. Сонда Қисық: «Өзін Доғал десе, Доғал екенсің ғой», – дегенде, Доғал: «Қисық десе, Қисық екенсің ғой! Құдайдың өзі бөлгеніне риза болмайтын», – дейді. Сөйтіп, бұлар да келice алмайды.

Наймандар: Құндызды, Шет бойын бұрыннан қоныстанып келеміз. Мұқым Шыңғысқа тоймай, Құндыздыға қол салдың ба? – дейді. Сонда Құнанбай: «Құндызды, Шет бойы Шыңғыстың сегіз өзенінің бірі. Мен найман жерін даулап отырғаным жоқ, атам жеті момынның қонған жерін қайтар деп отырмын. Біз алыстан көшіп келгенше Шыңғысты иемденіп алдың. Көптігіңді істеп, ерімді қазаға ұшыратып, малымды талауға салдың. Билер кесіміне де көнбей отырсың. Онда ояздарға салайық», – деп орнынан тұрып кетеді. Құнанбай ояздарға келіп, билердің қалай билік айтқанын, оған найман адамдарының көнбегендігін түсіндіреді.

Екі ояз тобықты мен найманның кісілерін шақыртып алады. Наймандар өз жері екендігіне нақты дәлел айта алмайды. Құнанбай Шыңғыстың ескі тарихынан бастап, алғаш Шыңғысты жеті момын руларының қыстап, жайлағанын, одан қалмақ шабуылына ұшырап, көп жыл шетте жүргендерін, көп туыстары Орал жақта қалғаның, тобықтының Шыңғысқа келгенін, Шыңғысты қалмақтан босатуға тобықты батырларының қатысқанын, бұлар келгенше, Шыңғысқа найманның қоныстанып алғанын, екі ел арасында қанша жанжал соғыс болып, канша адам өлгенін, қанша ауыл шабылып, қанша мал талауға түскенін, найман зорлық қылып, бермей келгенін баяндайды.

Сонда Қарқаралы оязы тұрып: «Бұл жер ежелден тобықтының жері болғанына менің көзім әбден жетті. Біріншіден: Құнанбайдың дәлелі толық. Және бір үлкен дәлел: «Осы дау басталғалы тобықтының бірнеше қарт адамдары күнде ерте ата-бабаларының моласына барып дұға қылып жүрді. Олар жеріміз найманға кетсе, ата-бабаларымыздың молалары қалады-ау деп уайымдап, қайғырып келіп жүргенін біз күнде көрдік. Ал, найман сенің жерің болса, анау молалар ата-бабаларынның моласына, біреуін барып неге дұға оқымадыңдар? Сендер жақтан бір адамның барғанын көргеніміз жоқ. Сондықтан жер тобықтынікі екені анық. Бұрын айтылған билік дұрыс айтылған. Біздің айтарымыз: бөлік Құндызды өзенінің арнасы болсын. Құндызды мен Шет бойынан найман көшсін», – дейді. Сөйтіп, Тобықты қолы жетпей келген Құндызды бойын қайтарып алады.

Ел: «Құнанбай ел намысын қуды, жұрт арманын орындады», – деп алғысын жаудырады. Құнанбайды не деп жамандаса да, қандай адам жамандаса да, оған ары бар, бойында адамшылық қасиеті бар адамның нанбауы хақ.

Міне, дәл осы сәттегі осынау қайратты да, қатал жанның сондай бір нәзік сәулеге ілінген көңіл күйі мен жандүние ашуын Мұхтар қалт жібермей ұстап қалды да, «Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған» қаһарлы қалпында романға кіргізе қойды. Жағымсыз образдың жағымсыз кейпін ғана кескіндеп қойған жоқ, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетшінің «қарт жыртқышты дүр сілкінтіп оятқан», «көп жылдар ұйықтап қалған ашуын, зәрін» де сорғалата төкті. Және жеріне жеткізе, қапысыз 5-7 айтты. «Маған жабылмайтын жала бар ма? Партия қылатын кім – Құнанбай. Ауыл шабатын, барымта алатын кім – Құнанбай. Кім айдалсын – Құнанбай айдалсын. Кім абақтыға жабылсын – Құнанбай жабылсын. Құнанбайдың жақсылык ісі ұлыққа көрінбейді. Кім Құнанбайды жала жауып, жамандап көрсетсе, соның сөзі мақұл болады». Бір оқиғадан кейін екінші оқиғаның салмағы мен жазасын ауырлатып, алғысынан гөрі қарғысын қоюлатып, шыңырауға батыра берді.

Кейбіреуі:» Мейірімсіз Құнанбай келіні мен Қодарды жазықсыз асып өлтірді», – дейді. Оны Құнанбай неге істеді, не жазығы үшін істеді, оны тексермейді. Ол жазаны істетіп отырған ел, халық. Қодар өлген баласының әйелін өзі алған, оны неше жыл білдірмей тұрған. Ақыры ол қылмысы айқындалған. Жоғары діни орындарға хабарлап, солардың үкімі бойынша өлтірілген. Туысы болса да заңға, адамшылыққа жатпайтын, айуандық істі істегені үшін «атқа тисе, алтынды еріңді жақ» дегендейін, арға жатпайтын істі қылған жақынын да аямаған. Қодарға өтірік жала жауып, оның малын алайын дейтін – Қодар бай емес, не өзіне қарсы тұрып жауласқан жау емес. Құр жала жауып өлтірді, – деген сөз Құнанбайды қайтсем жамандаймын дегеннің сөзі. Бұған есі бар адам нанбайды».

Бұл оқиға мөлшермен 1835-1843 жылдардың аралығында, Абай тумай тұрған кезде өткен.

Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» монографиясынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.