Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Күрт жылынған кеңестік жүйе

0 141

Қарамағындағы халықтың діни сеніміне тұсау салып, қаншама жылдар бойы «Құдай жоқ» дегенді санаға сіңіруге тырысқан Кеңестік жүйе 1943-жылы кенеттен жылынып сала бергендей болады.

Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің аяқастынан мұсылмандарға мейірімділік таныта қалуының басты себебі – соғыс даласындағы жиілеп кеткен жеңілістер болатын. Баса-көктеген жау әскері Сталинград түбіне дейін келіп, басқа майдан алаңдарында да бас көтертпей тұрған еді.

Тығырыққа тірелген Иосиф Виссарионович Сталин сол кездегі коммунистік идеологияны ысырып қойып, қит еткен қылығы үшін қынадай қырып келген мұсылман қауымының көмегіне жүгінуді жөн санайды. Осы себепті де 1943-жылы өзбек халқынан шыққан белгілі ғұлама Эшон Бабахан Кремльге шақырылып, Одақ басшысының жеке қабылдауында болады.

Қабылдау барысында Сталин Эшон Бабаханға Ташкент қаласында мұсылмандар құрылтайын өткізіп, діни басқарма құру жайында бұйрық береді. «Құдайсыз қоғамның» бірінші басшысы бұл «жомарттығының» ақысы ретінде мұсылмандар тарапынан соғыс даласына салмақты көмек көрсетілуі тиіс екендігін ерекше екпінмен жеткізеді.

Берілген тапсырма негізінде Эшон Бабаханның ұйымдастыруымен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркменстан елдерінің беделді дін ғұламаларынан жасақталған дайындық комитеті құрылып, дереу іске кірісіп кетеді.

Ұйымдастыру жұмыстарына сол кездегі Ресейдегі беделді дін қайраткерлері – Мұсылмандардың Орталық Діни Басқармасының төрағасы Абдуррахман Расули, Мәскеу Орталық мешітінің имамы Халил-Рахман Насретдинов, Қазан қаласындағы «Марджания» мешітінің имамы Қияметдин Қадыров секілді білікті мамандар жұмылдырылады.

Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында комитет мүшелері бес республика бойынша ел аралап, алғашқы мұсылмандар құрылтайы мен құрылғалы жатқан діни басқарма туралы насихат жұмыстарын жүргізеді.

«Алла» деген сөзі үшін атылып кеткендерді көзімен көрген халықты бұл жаңалыққа сендірудің өзі оңайға соқпайды. Дегенмен, түсіндірме жұмыстары бес республика бойынша облыс, аудан орталықтарында толығымен өткізіліп, құрылтайға қатысатын делегаттар тізімі де түзіледі.

1943-жылдың 15-20 қазан аралығында Ташкент қаласындағы Эшон Бабаханұлының үйінде аталмыш бес республика бойынша 160 делегат қатысуымен алғашқы Құрылтай өтеді.

Құрылтай нәтижесінде Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы құрылып, Эшон Бабахан Абдулмажидханұлы төраға болып сайланады. Сондай-ақ, оған бірден бес республиканың мүфтиі деген атақ беріледі.

Құрылтайға қатысушылардың таңдауы бойынша Мурадходжа Салихов төраға орынбасары, ал Эшон Бабаханұлы Зияуддинхан жауапты хатшы қызметіне тағайындалады. Сондай-ақ, жаңа құрылған діни басқарманың жұмыс жүйесі талқыланып, Құрылтай шешімімен 11 адамнан тұратын басқарма және 5 адамнан тұратын ревизиялық комиссия құрылады.

Әр республика бойынша діни басқарма бөлімі ретінде қазият ашылып, олардың басшылары сайланды. Құрылтай шешімімен Қазақстан республикасының қазиы болып Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов, Өзбекстанға – Эшон Бабахан, Тәжістанға – Салех Бабакалан, Қырғызстанға – Олим-хан Тура Шакир, Түркменстанға – Анна Ишан тағайындалады.

Бес күн ішінде барлық жұмыс жүйесін талқылап, бес республика ғұламаларының басын қосқан Құрылтайда атқарылған басты шаруалардың бірі – Кеңес үкіметі мұсылмандарына арналған Үндеудің жариялануы еді. Сталин жүктеген негізгі тапсырма да осы болатын.

«Біздің қадірлі бауырларымыз бен ұлдарымыз! Біз, мұсылман ғұламалары және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Қазақстан мұсылмандарының атынан сіздерге Үндеу жариялаймыз! Зұлым басқыншыларға қарсы айбатты арыстандай шайқасыңдар! Барша халықтың ұлдары бір сапқа тұрып, жауыз фашисттерді жер бетінен жойып жіберіңдер! Туған жеріміздің әрбір сүйемін жау аяғына таптатпай, қатарларыңды қатаң тәртіппен шыңдаңдар! Барлық иман келтіргендерді Аллаға жалбарынып, әскерімізге жар болып, жеңіске жетуімізді сұрап, дұға етуге шақырамыз!» деген мәтіндегі Үндеу аздаған күннен соң майдан алаңы мен тылдағы ел арасын шарлап кетті.

Соғыс жылдарындағы Діни басқарма бөлімдерінің негізгі жұмысы майдан даласына көмек жұмыстарын ұйымдастыру болып табылды.

Соғыс даласындағылар үшін жылы киімдер мен қару-жарақ жасауға қажетті қаржы жинақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырды. Сондай-ақ, майданда қаза тапқандардың отбасыларына да жәрдем көрсетіп, жергілікті халықты жеңіске жігерлендіру жолында қазият мүшелері қарқынды жұмыс атқарды.

Осылайша, күрт жылынған Кеңестік жүйе қиын-қыстау күндерде мұсылмандар қолдауына сүйене отырып, коммунистік көзқарасын өзгертуге мәжбүр болған еді.

Сұм соғыстың әлегі саясатын өзгертуге мәжбүрлеген Кеңес үкіметі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына сол кездегі бес республика аумағында 200-ден астам құлшылық ордаларын қайта ашуға да рұқсат берген еді. Дегенмен, ашылған мешіттердің көбісі өз жұмыстарын тек Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейін ғана тұрақты түрде жүргізе бастайды.

Қасиетті Құран мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннетіне сүйене отырып жасалған Жарғы бойынша сол кездегі бес руспублика қазиятына төмендегідей тапсырмалар жүктелген болатын.

– Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжістан, Түркменстан республикаларындағы діни бірлестіктер арқылы елдегі діни іс-шаралар мен рәсімдерді атқару;

– Халық арасындағы дін насихатын күшейту;

– Діни рәсімдерге қатысты туындаған даулы мәселелер шешімін қазият құрамындағы имамдардың қолға алуы;

– Қоғам мүшелерін адалдыққа, әділетті болуға, еңбекқорлыққа үндеу және заңға бағынып, құрметтеуге шақыру;

– Дін насихатына теріс пиғылдылармен күрес жүргізіп, шариғатқа қайшы келетін салт-дәстүрлерден халықты жирендіру;

– Жоғарыда айтылған мәселелр бойынша пәтуалар шығару;

– Діни әдебиет қорын қалыптастыру және елге тарату;

– Шетелдік мұсылман ұйымдарымен байланыс орнату және оларға Орта Азия мұсылмандарының өмірін таныстыру.

«Ұлы Дала төсіндегі Ислам» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.