Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ең қымбат уақыт

0 1  062

Ислам мәдениетін негізге ала отырып, жалпы мұсылман баласы жас шағын қалай бағалау керек деген мәселеге аз-кем тоқтала кеткенді жөн санадық.
1.Жастық шақта шынайы дос таңдау
Жастық кезеңнің әрбір уақыты маңызды болғандықтан өмірде жаныңа жанашыр, шынайы дос таба білу де өте маңызды. Өйткені адам досының жолында болады.

Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам досының дінінде болады. Сол үшін әрқайсысыңыз дос таңдағанда аса назар аударсын» деген хадисі бар.

Шыны керек қай кезде де ортаның әсері ықпалды болады. Сондықтан, әрбір пенде жас шағын бос әрі қор етіп өткізбеу үшін жанұясы, оқитын жері, араласатын қоғамы, өмірдегі достары, қызметтік ортасы секілді мәселелерге мән беруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбие, адами құндылық немесе жаманшылық пен азғындық осы ортаға қарай қалыптасады.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Уа мүминдер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырады(«Тәуба» сүресі, 119-аят). Хадисте де: «Кісі сүйгенімен бірге болады» делінген. Адам біреуді жақсы көргендіктен онымен достыққа барады. Жақсы көрмесе, достық та жоқ деген сөз. Демек, дос жақсы болса, ол ақылшы. Ал, жаман болса ше?! Өміріңнің қорлығы содан басталады.

Сол үшін бабаларымыз: «Қазанға жоласаң қарасы жұғады, жаманға жоласаң бәлесі жұғады», «Жақсы дос – басыңа дос, жаман дос – асыңа дос», – деп кесіп айтқан.

2.Жастық шақтың уақытын қымбат көру
Жастықтың ең қайталанбас кезі – ол бос уақыт. Қасиетті Құранда мүміндердің ерекшелігін былай сипаттайды:

«Олар бос сөз және пайдасыз істерден аулақ жүреді», – деп уақытты тиімді өткізетін мұсылман баласын айтуда («Мүминун» сүресі, 3-аят).

Ал, аятқа сай әрекет жасау көп жағдайда жастық кезеңге тиесілі. Абай атамыз айтқандай «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деген нәрселерден сақ болу үшін уақытымызды пайдалы етіп өткізген жөн. Қоғамымызда тепсе темір үзетін шағында ешкімге пайдасын тигізе алмай, бар өмірін ішімдік, бұзақылық, арсыздық сынды нәрселермен қор етіп жатқандар қаншама?!

Сол үшін әрбір мұсылман баласының уақыты, күні, сағаты тиімді жұмсауда жоспарлы болуы қажет. Яғни, уақытын жақсылыққа жұмсаумен жеке басына, отбасына, қоршаған ортасына табыс әкелуі керек.

Рүстем Рахымберді

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мештінің азаншысы

sunna.kz

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.