Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти Мысырда білім алып жатқан шәкірттермен кездесті

0 216

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация Мысыр астанасы Каирде білім алып жатқан бір топ қазақстандық шәкіртпен кездесті.

«Білім және ихсан» тақырыбында өткен кездесуге Бас мүфтимен бірге ҚМДБ Төрағасының орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф және Мысырдағы «Талаба» қауымдастығының жетекшісі Руслан Серғазиев қатысты.

Алғаш боп сөз алған Бас мүфти рухани кездесудің мән-маңызына тоқтала келіп, Діни басқарманың қазіргі жұмыс бағыттарын атап өтті.

«Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Қазақстанда туып, өсіп-өнген азаматтың борышы – халқына қызмет ету, еліне еңбек сіңіру. Отанымыз қандай қадірлі болса, оның азаматы да сондай қадірлі. Хәкім Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Біз қашан, қай жерде жүрсек те, еліміздің, отбасымыздың, ұрпағымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Қоғамның дамуына үлес қосуда белсенділік танытуға тиіспіз. Патриоттық сезімді, туған жердің абыройын бірінші орынға қойыңыздар. Мүфтият діни білім жолында жүрген сіздерге қашан да қолдау көрсетеді. Аллаға шүкір, елімізде мешіт саны артып келеді. Сол мешіт, медреселерге өздеріңіз секілді жаңа буын, білімді жастар керек» деді Бас мүфти.

Сонымен қатар кездесуде елші Қайрат Лама Шариф шәкірттер ескеруі тиіс бірнеше мәселелерді көтерді. Соның бірі – әрбір курсты толық аяқтаған соң оның дипломын кезең-кезеңмен алу. Өйткені мұндағы студенттер бакалавр, магистратура бітіргенімен оны дәлелдейтін құжаты жоқ екенін айтты. Сол құжаттарды беру мәселесін көтеретінін жеткізді.

Шәкірттермен жүздесу барысында наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы білім алудағы ерекшеліктер, ұстазға құрмет, туған жердің қадірі, ұлтқа қызмет турасында насихатын жеткізді. Ал «Талаба» қауымдастығының жетекшісі Мысырда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жоспарларын бөлісті.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.