Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мешітке кіру әдебі

0 1  186

Ислам дінінде әрбір орынның өзінің әдептері айтылады. Солардың бірі мешітке барудың да өзіндік әдептері бар.

1.Мұсылманның мешітке шығар кезде денесінің, киімінің таза болуы.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресі, 31-аятында: «Ей адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеріңді алыңдар!»,-делінеді. Яғни, мешітке келушілердің өзін рухани және тәндік жағынан көріктендіруі меңзеледі. Айталық, мешітке барар алдында тазаланып, дәрет алып, жарасымды киініп, ер адамдар хош иістермен зейнеттенса бұл адамның мәдениеттілігінің бір көрсеткіші саналады.

2.Мешітке шығар алдын пияз, сарымсақ сияқты нәрселерді жемеу.

Бухаридан жеткен хадисте ардақты Алла Расулі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын»,-делінеді.

3.Мешіттерге кірерде не, шығарда оқылатын дұғаларды айту.

 «Иә Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр!». Мешіт келушілерге Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан бұл дұғаны айту сүннет болып саналады.

Ал, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіттен шыққанда: «Иә, Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен Сенің кеңшілік фазилетіңнен сұраймын»-деп дұға ететін болған.

4.Оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осылай істейтін болған. Сонымен бірге, мешіт құрметті орындардың бірі болғандықтан бұл әдепке мән берген абзал.

5.Сәлем намазын («Тахиятул масжид») оқу.

Мешітке кіргеннен отырмастан екі бас сәлем намазын оқу Расулулланың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті саналады.

6.Мешітте дауыс көтермеу.

Сахих Бухариден жеткен хадисте хазіреті Омар ибн Хаттаб (Ол кісіге Алла разы болсын) Мединадағы Пайғамбар мешітінде дауыстап сөйлеген кісілерді тыйғанын баяндайды.

7.Мешіт тазалығын сақтау.

Мешіт ішінде қақырынып, түкірінбеу, қоқыстарды төгіп-шашпау. Тазалыққа көңіл бөлу.

Мешітке Аллаға ықылас танытып, асықпай бару, намаз уақытынан ертерек бару, азан айтылғаннан кейін намазға қарамай шығып кетпеу, сауда-саттық жасамау, рұқсат етілмеген сөздер сөйлемеу, қажетсіз әңгіме дүкен құрып, улап-шуламау, бейәдеп қылық жасамау да мешіттің әдептерінен саналады.

Дулат Қадыр

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.