Әуелі барша жаратылыстың дара иесі, екі ғаламның меңгерушісі Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын!Көркем мінез-құлықтың ең биік шыңына жеткен, ерекше қасиетке ие пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) және оның жолын бекем ұстанған үмбетіне игілік пен сәлем болғай!
Құрметті оқырман! Бұл еңбекте бүгінгі мақтанышымыз, ертеңгі келер ұрпағымыз сүйікті балалардың тәрбиесі жайында сөз қозғалады. өйткені, бала – өмірдің сәні, бақыттың нысаны, ертеңгі күнді жалғастырушы – ұрпақ.
Қоғам отбасынан құралады. Ал отбасы ата-ана мен баладан тұрады. Осы отбасының шайқалмай берік тұруы ата-ана мен балаға қатысты. Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуаныш бала болса, перзент үшін де ата-анадан қымбат ешкім жоқ.
Ислам діні ата-ана мен баланың қарым-қатынасын жақсы деңгейде болуын басты назарда ұстайды. Сондықтан, ата-ананың разылығын перзенті Алла Тағаланың разылығы деп біледі.
Сол үшін екі жаққа да маңызды, яғни ата-ана мен бала арасында аса назар аударатын бірнеше жәйттар бар. Әсіресе, ата-анаға түсетін міндет басым. Себебі, бала тәрбиесі дала бағындағы гүл өсіруге мүлдем ұқсамайды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Баланы жастан» дегендей, баланың өсіп өркендеп, қанат жаюы, инабатты, ибалы болуы ата-анаға тікелей қатысты. Ибраһим пайғамбардың «Уа, Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ете гөр!» деп дұға жасағанындай балаларымызды ең әуелі иманды, ибалы, дер кезінде намаз оқитын перзент етіп тәрбиелеуіміз керек.
Сонымен атар, «Ей, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар»(«Тахрим», 6), – деп қасиетті Құран аяттарында айтылғандай, отбасындағы балалар мен отбасы мүшелерін қадағалап, оларға дұрыс тәрбие беру аса маңызды.
Егер біз мінез-құлқы жақсы, діндар, ұлт намысы жоғары отан сүйгіш игі балалар тәрбиелейтін болсақ, біз дүниеден озсақ та амал дәптерлеріміз жабылмай, қияметке дейін сауап жалғасуына олар дәнекер болады.
Сахаба бу Һұрайра (р.а.) келтірген деректе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Адам баласы дүние салғаннан соң амал дәптері жабылады. Бірақ мынадай үш кісінің амал дәптерлері қиямет күніне дейін жабылмайды:
1.Садақа жария ( жол, кпір, мешіт, оқу орны т.б. тәрізді адамдарға пайдасы тиетін іс-амалдар жасалса);
2.Пайдалы ілім қалдырған кісі (яғни кітап жазып, құнды еңбектер қалдырса, шәкірт тәрбиелесе);
3.Өзінің артынан дұға тілейтін игі перзент қалдырған кісі». (Мүслим, Тирмизи, Әбу Дәуіт).
Иә, балаларыма әкелік, аналықміндетімді атқардым деп немесе өзге біреулердің: «Не деген көп перзенті бар! Қызын көрмейсің бе керемет дәрігер, баласы да мықты заңгер! Ұлын көрмейсің бе, жақсы табыс табады, астындағы көлігін қарашы!», – деп мақтау айтсын деген мақсатта емес, балаларымыз бізге жақсы тәрбие беру үшін, бойында адамгершілігі мол ибалы, инабатты перзент етіп өсіру үшін берілді.
Хадистегі «игі перзент» қалдырудағы мақсат, Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман, яғни халал мен харамды айыра білетін, өзіне жүктелген құлшылығын жадынан тастамайтын, діндар перзент екендігі сөз етілуде.
Демек, балаларымызды өзгелер мақтасын деп емес, оларды иманды, діндар игі ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз қажет.
«Бала тәрбиесі бесіктен басталады» кітабынан алынды
Sunna.kz