Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ханафи мәзһабы

0 1  088

Исламның төрт құбыласын тең қылып тұрған төрт мәзһаб ішіндегі қарға тамырлы қазақтың жүрегі мен табиғатына, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына жақыны, әрі жалпақ даланы желіп өткен бабаларымыздың ықылым заманда-ақ таңдағаны имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы.

Негізінен Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан жұртына кеңінен тараған Ханафи мәзһабы тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай.

Күні кеше қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік уыттан әлі айыға қоймаған, түрлі діни ағым шапанының астынан шыға алмай жүрген, діни білімі мен танымы кемшіндеу кейбір бауырларымыздың «Әбу Ханифа мәзһабын ұстанудың не қажеті бар?» деген қитұрқы сауалдарын құлағымыз шалып жатады.

Бұл сауалды қоюшыға Әбу Ханифа мәзһабының мән-маңызын ұғынып, сарабдал сырларына үңілуге кеңес берер едік.

Екіншіден, олар бұл құқықтық майталман мектепті ата-бабаларымыз неге ұстанғанын, оның өміріміз бен қоғамымыздағы алар орны мен рөлін бағамдағаны ләзім.

Үшіншіден, әлем мұсылмандарының жартысынан астамы неге осы мәзһабты ұстанады? Себебі, бірлік пен ынтымақ адамзат баласы үшін құнды қазына.

Исламдағы бір мәзһабта болудың артықшылығы, халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында.

Әйтпесе өз мақсаттары мен мүдделерін іске асыру үшін аянып қалмайтын түрлі сенім өкілдерінің тасамыздан тас атып жүргені де жасырын емес. Сондықтан бірауыздан үн қатып, бірлесе отырып, бір мәзһабта тізе қосып алға жылжысақ, ешкімнің бізге тісі бата қоймасы анық. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді.

Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, әрі демократиялығымен де ерекшеленіп тұрады. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі − өз дүние танымы, бітімі мен болмысы, жүрегі мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы заманға сай жұмыстарын үйлестіре жүргізіп, бірқатар мұсылман мемлекеттермен байланыс орнатты. ҚМДБ қарауындағы мешіттердің түгел дерлігі Әбу Ханифа мәзһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етеді. Бұл ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етеді деген сөз.

Сол себепті елімізде дін туралы қабылданған соңғы заңда Қазақстан мұсылмандарының осы мәзһабпен амал жасайтыны шегелеп көрсетілген.

«Біз ұстанатын діни жол» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.