Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Кеңейтілген Төралқа мәжілісі басталды

0 955

22 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі басталды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өтіп жатқан 2021 жылдың қорытынды жиынына наиб мүфтилер, Діни басқарманың бөлім басшылары мен мамандары, сондай-ақ 19 өкілдіктің бас имамдары қатысып отыр.

Қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталған жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Аллаға шүкір, біз осы жылды жақсы нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Осы жылы еліміз бойынша 22 қайырымдылық мекемесін аштық. Бір жылда 68 мешіт жамағаттың игілігіне берілді. Діни басқарма Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай еліміз бойынша 30 мың түп ағаш отырғызды. Сонымен қатар Діни басқарманың төл телеарнасы – «Munara TV» арнасы ашылып, дұрыс діни ақпарат таратуға үлес қосуда.

Мысыр, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстанға жасаған ресми сапарымыз жемісті болды. Аталған елдердің Бас мүфтилерімен екіжақты ынтымақтастықты арттыруға арналған ортақ меморандумдар қабылдадық. Соның нәтижесінде қазақстандық шәкірттерге бөлінетін грант саны артты.

Өздеріңіз куә болғандай, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы білім мен ғылым, діни ағартушылық бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп, «Толық адам», «Пәтуалар жинағы», «Ихсан – рухани тәрбие негізі» сынды қоғам үшін маңызды болған тақырыптарда бірнеше кітап шығардық. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады» деді.

Айта кетейік, бүгін кеңейтілген Төралқа мәжілісінде облыс бас имамдары мен бөлім басшыларының жеті бағыт бойынша 2021 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалады. Сонымен қатар жемісті қызмет істеп, жұмыстың жеті бағыты бойынша үздік нәтиже көрсеткен имамдар, дін қызметкерлері арнайы грамотамен марапатталады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.