Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жүректегі мөр

0 689

Дінімізде    кейбір    жандардың    жүректерінің мөрленгендігі  жайында  айтылады.  Мөрленген  деген сөздің мағыналық шеңбері – иманға құлақ асып, жүрегі жібімейтін, хақ жолды теріс деп санап, өз пікірінен әсте танбайтын жандар деген ұғымды қамтиды.

Осыдан келіп, санамызда «шындығында да пенденің жүрегіне мөр басылып, содан ол мәңгілік кәпір бола ма екен?» деген заңды сауал  қылаң  береді.  Ешбір  құлына  Алла  Тағаланың  зұлымдық етпейтіні басы ашық мәселе. Бұл тұрғысында жоғарыда рет-ретімен сөз болды.

Ал бұл жердегі негізгі ілтипат ең алдымен, пенденің өзіне  қатысты.  Егер  пенде  ешбір  діни  үгіт-насихатқа селт  етпей,  ақиқатты  ашық  түрде  кесірлікке  бой  алдырып мойындамаса, адасушылықты өзіне ту етіп ұстанып, қасарысып  тек  өз  пәлсафасын  дұрыс  деп,  дегенінен қайтпаса,  Жаратушы  ондай  пенденің  жүрегіне  рухани мөр басады.

Яғни, пенденің өз қалауының кесірінен, оған ешқандай үгіт-насихат дарымаған соң ғана Алла Тағала оның жүрегіне мөр басады да, өлгенше хидаятты нәсіп етпейді.

Егер  біз  «пәленшенің  жүрегіне  мөр  басылған, сондықтан  ол енді ешқашан иман етпейді» десек, қатты қателесеміз.  Әсілінде,  ол  Алла  оның  жүрегіне  мөр басқандықтан  иманға  келмей  жүрген  жоқ.

Керісінше, оған берілген мөр оның маңдай терімен еңбектеніп тапқан «адал  еңбек  ақысы»  секілді  нәрсе.  Яғни,  әлгіндей  жан ақиқатқа, Аллаға мүлде сенбей, көбіне сенгісі де келмей, өзінің пікірін ғана дұрыс деп санағандықтан, оның бетінің бері қарауы мүмкін болмаған жағдайда ғана жүрегіне мөр басылған. Мысалы, Әбу Жәһил, Әбу Ләхаб, т.б. осы секілді мүшріктер өз әрекеттері мен сенімдерін дұрыс деп, сол жолдан бас тартпағандықтан жүректері мөрленген.

Олар Хазіреті  Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!)  айтқандарының  ешбірін қабыл  етпей,  тіпті  Пайғамбарымызды  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) келеке  етумен болған.  Міне,  осындай  шектен  шыққан  жағдайда  ғана әлгіндей  жандардың  жүректеріне  мөр  басылмақ.  Алла Тағала бұл тақырып жайындағы хикметті мына аяттарда білдіреді:

«Күпірліктерін  жалғастыру  себебімен  Алла олардың жүректерін мөрлеген. Сондықтан азы ғана иман етеді»(«Ниса», 155-аят).

«(Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрі бірдей. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректеріне, құлақтарына мөр басқан. Әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін үлкен азап бар»(«Бақара», 6-7 аяттар)

«Иман негіздері» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.