Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ислам – береке бастауы

0 1  192

Қазақта «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау араз болса ауыздағы кетеді» деген сөз бар.

Ендеше,ынтымағы жарасқан, айрандай ұйыған, бақытты өмір сүретін ел боламыз десек ұстанатын ұранымыз – бөлінбеушілік. Оны ұстау үшін адалдық керек.

Пайғампарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) хадисінде келгендей мемлекеттің әрбір элитасы болған басшыдан қосшыға дейін бір-біріне деген адалдығы өте маңызды.

Ол сипат әрбіріміздің қанымызға араласып, етімізге сіңуі керек. Адалдық дегенді қысқа қайыратын болсақ, бір адам екінші адамның ақысын жемей, қолымен де, сөзімен де, ісімен де зиян келтірмеуі дегендік.

Олай болса, тәрбиелік мәні өте зор ата-бабамыздың нақыл сөздері еске келеді. «Алаштың ала жібін аттама», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейді халқымыз. Осы аталы сөздерге қарап отырсақ, қазіргі таңда біз негізгі құндылықтарымыздан айырылып қалған сияқтымыз.

Бір ғалымның мынандай сөзі бар екен; «бір елдің тілі, ділі, діні кетсе ол ел өздігінен жойылып кетеді».

Ендеше, бұл мәселеде дініміз не дейді. Алла Тағала Құран Кәрімде әл-Имран сүресінің 103-аятында «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер»,-дейді. Ал екі дүние сардары Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейрімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады”.

Аят пен хадистен түсінгеніміз қандай жағдай болмасын барлық мұсылман бір үйдің баласындай бөлінбей, бір бірін күндемей, бір-біріне зұлымдық жасамай тату-тәтті болулары керектігін байқаймыз.

Егер алауыздықпен бір-бірімізге деген дұшпандықпен, көреалмаушылықпен айналыссақ алға жылжу, даму шабан аттай көш соңында қаларымыз анық. Сол үшін атам қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» – деді.

Кез келген қауым үшін өзінен алдыңғы өткен топ егер бақытты өмір сүрсе олар үлкен үлгі болмақ.

Ендеше, Ислам діні алғаш келгенде мұсылмандардың береке бірлігі өте мықты болды. Кез келген шайқасқа шығатын болса жеңіспен оралды, неге? Себебі Жаратқан Иеміздің сүйген құлы Алланың Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бойында еш кемшілік болмады, артынан ерген сахабалары да адал әрі әділ бір-біріне деген сүйіспеншілігі жоғары болды.

Абай атамыз бір сөзінде былай дейді «сенде бір кірпіш дүнйеге кетігін тапта бар қалан». Ел болып еңсемізді биік ұстағымыз келсе, тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын мамыражай өмір сүргіміз келсе осы мемілекеттің әр бір тұрғыны өз ісіне адал болып шынайылықпен қолынан келген үлесін қосу керек.

Алла Тағала елімізді аман қылып, бұзғыншылықтан, бөлінушіліктен сақтап бақытты өмір сүруді нәсіп етсін.

Серікбол ХАМАН

”Сәдуақас қажы Ғылмани” мешітінің ұстазы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.