Алла Тағала он сегіз мың ғаламды жаратқанда, сол жаратылыстың ішіндегі ең кереметі етіп адамды жаратқаны сөзсіз. Ал сол адамзаттың өсіп-өнуі, көбеюінде ата-ана дәнекер болатыны ақиқат. Адам баласының өміріндегі ең баға жетпес құндылық, қазына – ата-ана.
Сан мың ғасыр өтсе де, өшпес, дамылдамас ұлы махаббат бар десе, ол әке мен ананың балаға деген ыстық махаббаты, риясыз көңілі, тап-таза пейілі болар еді. Жарық дүниеде ештеңе орнын толтыра алмас дүние бар десе, ол да ата-ананың аялы алақаны, жылы жүрегі, мейірімді жанары болатыны анық.
Қасиетті Құран Кәрімнен бастап тәпсірлесек, ата-ананың қадірі асыл дініміз Исламда да лайықты бағаланғанын анық ұғынамыз. Өмірде үш дұға үнемі қабыл болады екен. Соның бірі -ата-ананың дұғасы. Бұл туралы «Ата-ананың баласына жасаған дұғасы міндетті түрде қабыл болады», – дейді. Расында да, аласапыран дүниеде ешқашан жамандық тілемейтін жандар ата-ана екеніне өмірдің өзі дәлел бола алады. Құран аяттарында да әке-шешеге жақсылық жасау үнемі абзал іс саналады. Әке мен анаға жасаған жақсылықтың сауабы сан мың есе екені «Алланың разылығы – ата-ананың разылығы» деген хадистен-ақ көрініп тұр. Керісінше, ата-ананы сыйламау дінде ең ауыр күнәлар қатарына жатады. Тіпті ата-анасын құрметтемегеннің Жәннатқа кірмейтіні айтылады.
Қазақ танымында, ауыз әдебиетінде де осы тәрбие көрініс табады. «Ананың көңілі балада, Баланың көңілі далада». Бір ғана мақал ананың мейірім-шапағатын бала ешқашан өтей алмайтынын жеткізіп тұрған жоқ па?!
Мейрімі мол ананың –
Жүрегі жылы, қолы кең.
Кең пейілді атаның
Жүзі жылы, жолы кең, – немесе
«Күтсең ата – анаңды, кешірер атаң қатеңді», «Жалғыз баласы атқа шапса, атасы ауылда тұрып, тақымынқысады», «Анаңа ауыр сөз айтпа!Атыңа ауыр жүк артпа!», «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаңда, Қарызыңнан құтылмайсың» секілді толып жатқан халық даналығының ортақ мән-мағынасы – ата қадірін, ана қадірін ұғыну, көзі тірісінде аялау.
Тәлім мен тәрбие, өнегелі өсиетті ұғып өсу үшін ұрпаққа ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласы керек екені сөзсіз. Ананың мерейлі мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап өскен бала талап қылып, оқу-еңбекке араласса ғана өмірден өз керегін таба алады.
Қауызын жаңа ашқан жас өскін – балғын бүлдіршін үшін отбасы тәрбиесі, әке мен ананың орны – еш уақытта толтыруға келмейтін дүниенің ең асылы, ең бағалысы, ең құдіреттісі. Бүгінде қатігез қоғамда өз ата-анасын өгейсітіп, баз кешкендер қаншама?! Қазақ халқының дүниетанымында қара шаңырақ, бесік секілді ұғымдар – концепт деңгейіне көтерілген, ұлттың ұлылығын танытатын дүниелер. Ал қазіргі қоғамда бұл екеуінің де мәртебесі түскен. Қара шаңырақта ақылын айтып, барын беріп, бағыттап отыратын ата-ананың орнын қарттар үйі деп түсінетіндер көбейген. Осы қақында Шал ақын:
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
Дәулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсін.
Маңдайдағы дұшпанды
Тап жеткенде білерсін, – деп жырлайды.
Кез келген нәрсе дәл уақытында құнды. Бес күндік жалған дүниеде ата-ананың орны да сондай. Бұл дүниеге бәрі – қонақ. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес. Ендеше, аз ғұмырдың ең сыйлы қонақтарын қадірлеп, разы қылудан артық не бар?!
Дулат Қадырұлы
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы