Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ХИКІМЕТІ  

0 1  826

Зүлхиджа  айының  қасиетті он күндігінің 10-шы жұлдызы мұсылман қауымы үшін торқалы той, мерейлі мереке болған Құрбан айт мейрамы. Ежелгі заманнан бері, қазіргі күнге дейін мұсылмандар үшін қос діни мейрамның ең шоқтықтысы – Құрбан айт мерекесі.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні бар еді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): 

إِنَّ اللَّهَ قَدْ أَبْدَلَكُمْ بِهِمَا خَيْرًا مِنْهُمَا يَوْمَ الْأَضْحَى وَيَوْمَ الْفِطْرِ

«Алла Тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Біреуі  – Рамазан айт, екіншісі – Құрбан айт»,– деді. Осы күннің мереке екендігін қуаттай түсетін тағы бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

اُمِرْتُ بِيَوْمِ الْأَضْحَى عِيدًا جَعَلَهُ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ لِهَذِهِ اْلأُمَّةِ

«Құрбан айт күнін мереке тұтуға бұйырдым.  Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды»,- деп айтты.

Имам әл-Бағауи (р.х.): «Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш таныту діннің рәсімдеріне жатады! Әрі бұл күндер басқа күндер сияқты емес!»,-деп айтты. («Шархус-Сунна» 4/323).

        Құрбан шалудың үкімі:

Құрбан шалу Алла елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның (мұсылман жыл санауы) екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

 Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:

وَيَذْكُرُوا اسْمَ اللهِ فِي أَيَّامٍ مَّعْلُومَاتٍ عَلَى مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ

«Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын». («Хаж» сүресі, 27-28 аяттар).

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал»деп әмір еткен. (Кәусар сүресі, 2 аят!). Жоғарыдағы аятты  Қатада, Ато, Икрима секілді ғалымдар айт намазы мен құрбан мал шалу жайында меңзелген деп түсіндірген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге  жақындамасын!» – деп ескерту жасаған.

Жоғарыдағы аят-хадисті зерттеп-зерделеген ғұламалар; зекет ғибадаты парыз болған жандарға құрбандық шалу уәжіп болады деген. Ал, құрбандық шалуға жағдай тартқан мұсылмандарға сүннет амалына жататындығын айтқан.

Құрбан шалудың сауабы:

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндірген еді:

«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» –деген.

Келесі бір хадисте:

«Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады»,– деп сүйіншілеген.

  Құрбан шалудың уақыты:

Әр құлшылықтың уақыты мен үкімдері болғандай құрбан малын шалудың  да уақыты мен өзіндік үкімдері бар.  Құрбан шалудың  уақыты турасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес»,-  деп баян етті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның құрбан шалуы:

Алла елшісі (с.ғ.с.) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал соятын еді. Әнәс (р.ғ.)-дан жеткен хадисте:

«Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйіздері үлкен ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Сондай-ақ, (қырымен жатқызып)  аяғын жамбастарының үстіне қойып: «Бисмилләһи уаллаһу әкбар», – деп өз қолымен бауыздағанын көрдім»,-деп айтқан. Мына бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):

بِسْمِ اللَّهِ ، وَاللَّهُ أَكْبَرُ ، اللَّهُمَّ إِنَّ هَذَا عَنِّي وَعَمَّنْ لَمْ يُضَحِّ مِنْ أُمَّتِي

«Бисмиллаһи, Аллаһу акбар! Аллаһым! Бұл менің атымнан және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан»,-деп құрбан шалуға шамасы келмеген үмбетінің атынан мал шалатын еді.

Құрбан малын бауыздарда қандай дұға оқылады?

Құрбан малын бауыздар алдын мына аятты оқыған жөн. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз қызына былай деді:

«Ей Фатима, тұр құрбандығыңа бар. Оның алғашқы тамған қанымен сенің барлық күнәң кешіріледі. Сондай-ақ:

إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي رَبِّ الْعَالَمِينَ. لاَ شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَاْ أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ.

«Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін» деп айт». («Әнғам» сүресі, 162-163аяттар).

  Құрбан шалуда шынайы ниеттің маңыздылығы:

Құрбан айт мерекесі құрбан малдарын шалумен ерекшеленетіні анық. Негізінде, құрбан шалудың шежіресі сонау Адам ата (ғ.с.) заманынан бастау алып, Ибраһим  (ғ.с)-нің жолы болып қалыптасып, пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.)-нан жалғасын тапқан ұлық ғибадат.

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде бұлайша баяндалған:

لَن يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَكِن يَنَالُهُ التَّقْوَى مِنكُمْ

«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет». («Хаж» сүресі, 37 аят). Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалық көрсетуінде.

                 

Қандай малдар құрбандыққа жарамды?

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа  шалынатын мал; қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Құрбандыққа жарамды қой мен ешкі ең кемі бір жасар. Дегенменен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа шалуға болады. Ал, ешкі бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы тиіс.

Құрбанның еті қаншаға бөлінеді?

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі  кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі  өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді:

فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ

«Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»,- деп айтқан. («Хаж» сүресі, 28 аят).

Нұрлан Рамазанов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің

Бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.