Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қызға қырық үйден тыйым

0 3  869

Дана халқымыз: «Қыз өссе – елдiң көркi, гүл өссе – жердiң көркi»,  «Шешесі отырып,  қызы сөйлегеннен без», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, ата-бабаларымыз қыз баланың тәртібі мен тәлім тәрбиесін жоғары бағалап, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке, әдеп-тілікке, ар-ұяттылыққа, нысаптылыққа, мәдениеттілікке, тәртіптілікке, еңбекшілдікке, сұлулыққа, сымбаттылыққа баулып отырған.

Әрбір ата-ана Алла Тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді»

 «Дүниеге қыз келген уақытта, Алл Тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын», – дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады»

«Қыздар – олар мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі»

Ата бабаларымыз қыз балаларамыз, апа қарындастарымызға тәлім тәрбие беру ісінде асыл дініміздің маржан сөздерін арқау еткені белгілі. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деп аталатын тәрбие бар.

 Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым. Бұл балалар мен жастарды жаман әдеттерден сақтандырып, жақсылыққа бейімдеуден шыққан педагогикалық ұғым. Осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу – әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай істерге қатаң тыйым салған.

Қызды тыйып ұстау – тірсектен қағып, еңсесін езу емес, қырық үйден, тіпті, қара күңнен де бір абзал өнеге үйреніп, ұлағатты сөз естіп, оңды талғам көрсін дегені. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екенін айтады. Қызды тектеп ұстауды меңзейді.

Тыю деген, мына төмендегі нұсқаулардан тұрады;

Жеті ата араламаған, туыстық қатысы жоқ үйлерге ұзатылмаған қызды қондырмаған.

Атасы жат ауылдарға қызды қыдыруға, жалғыз жіберуге тыйым салған.

Қызы жоқ, ұлы көп үйлерге барып, қонуға тыйым салған.

Қызды әпкесі жоқта жездесімен қонуға тыйым салған.

Ұл құрдастарының үйіне әке-шешесі жоқ кезде қыдырып қайтуына жол бермеген.

Есі дұрыс емес, ауру ерлердің үйіне баруға тыйым салған.

Той-томалақ, топты жиналыстарға қыздың жалғыз баруына тыйым салған. Оны жеңгелерімен бірге жіберген.

Құда балалармен беталды қыдыруға тыйым салған. Белгісіз үйлерге қонуды шектеген.

Көршілерінің қызының атағы шығып, жаман жолда жүрсе, жамандық жақтан атағы шықса, ол қызын араластырмай, жаман қыздармен араласуға тыйым салған.

Арақкеш, ішкіш, алқаш ерлердің үйіне қонуғ тыйым салынған.

Ылғи ерлер жатқан үйде қызды жалғыз қондыруға тыйым салынған.

Той жасамаған жас қызды алыс жолға, жат ауылдарға жалғыз жібермеген.

Қызыл іңірде апақ-сапақта қызды босағадан аттап, жалғыз жарым далаға шығуға тыйым салған.

Қызды ен өрісте жалғыз жүріп, мал бағып жүрген малшылардың арасына жіберуден аулақ болған.

Қызды алыс жерден су алуға, мал қайыруға, жалғыз жүруіне тыйым салған.

Қызды нағашы жұртына жалғыз жібермеген. Баруға тиіс болса, жанына әпеке, сіңілі, жолдас-жоралары еріп жүрген.

Үлкен қария адамдары бар қарашаңырақтарға барып, жалғыз жарым қонуына тыйым салған. Себебі қариялардың алдында шешініп жату қыз бала үшін ұят, қолайсыз болады деп қараған.

Қызды жалғыз жарым отырған үйлерге барып, қонуға тыйым салынған.

Өштескен, соғысқан, ұрысқан, ренжіскен көршілерінің үйіне барып, жалғыз қыздың қонуына тыйым салған.

Әке-шешесі бір жаққа кеткенде, қызды үйде жалғыз қалдырмаған. Ертіп кететін немесе қасына сенімді туыс әйелдердің біреуін қосып кететін.

Қыз атқа мінгенде оның артына ерлерді мінгізбеген. Оны әдепсіздік санаған.

Қызды қаралы болып жатқан үйге қондырмайды. Бағы байланады деп ырым салған.

Қойды қасқырдың ішіне апарып, қамаса не болады?” деп қыздарды ылғи да ұлдар отырған үйге қонғызбаған.

Құда түскен үйіне де қашан да келіп болып, басаға аттағанша ол үйге жібермейді.

Қызға түнде қараңғыда қыдыруына тыйым салған.

Жат ауылға қызды жалғыз жібермейді. Қыз нәзік, әлсіз болады, әлдебіреулердің жаманшылығына ұшырап қалуы мүмкін, зорлық-зомбылық көруі мүмікн деп тыйымсалған.

“Атасы жат біреудің үйінде не бар?” деп жат атаның үйіне қондырмаған.

Қызды ұзатудан бұрын, ер адамдарға ертіп, бөтен ауылға қыдыртуға жібермеген.

Әлі ұзатылмаған қызды болашақ ана деп қарап, жесір әйелдердің үйіне барып, қонуға тыйым салған. Себебі басына қаралы күн туады деп қорыққан.

Қызды көші-қон кезінде басқа жат ауылдың көшіне ілесуге тыйым салған.

Қызды қырқа асырып отырған қырық үйлі ауылға жібермейді.

Әйелі қайтыс болған ердің үйіне барып, жұмыс істеуге, қонуға тыйым салған.

Ұлты, салты басқа ерлермен қызды ертіп қоя бермеген.

Алыс сапарға қызды жалғыз жібермеген.

Қызға жалғыз жүріп, ен далада мал бағуға тыйым салған. Ал мал бағуға тиісті болса, қасына өзіне ет жақын бауырын, туыстарының бірін қосып берген.

Қызды тал түс, ала-кеуім, елең-алаңда қызыл іңірде далаға шығуға, суға баруға, көлік мінуге, қыдруға тыйым салған.

Қыздың шамасы жетпейтін, ауыр жүк көтеруге тыйым салған. Себебі ол болашақ ана деп, денсаулығын күткен.

Жас қызды өлімді болып жатқан қаралы шыңырақтарға жібермеген. Кеудесі суып кетеді деген.

Ұзатылмаған қызды қаралы шаңырақтарға апарып, өлімді жоқтауға тыйым салған. Өйткені, көңілі түңіліп кетсе, кейін жақсы ана бола алмайды, одан туған бала қайғы шер тартады деген.

Қыздың ашық-шашық киім-кешек киіп жүруіне тыйым салған. Себебі басқалардың тіл-көзі, суық болып қадалады, арты жамандыққа ұласады деген.

Бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, қала берді, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін тұлғаның ана екені даусыз.

Рашид Алпысбаев

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.