Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ат қою мәдениеті (ардақты есімдер мен тыйым салынған аттар)

0 6  911

Сәбиге  есім  қоюға  қатысты  әр  ұлттың  өзіне  тән мәдениеті,  дәстүрі  қалыптасқан.  Сол  секілді  қазақ халқының да есім беруде ұстанатын өзіндік қағидалары болған.

Баһадүр батырларға ұқсасын деген ниетпен ер жүрек батырлардың есімдерін берсе, кейде болашақта елге елеулі азамат атансын, өскенде дана, ғалым болсын деп, кемеңгер ғалымдардың аттарын қоятын. Дегенмен ат таңдауда мынадай талаптарды ескерген жөн:

  1. Туылған сәбиге қашан ат қойылады?

Шариғат  жолы  бойынша  нәресте  дүние  есігін ашқаннан  кейін  жақсы  есім  қою  –  ата-ананың  бала алдындағы міндеті. Көпшілік ата-ана нәресте дүниеге келмей  тұрып,  «ұл  болса,  пәленше»,  «қыз  болса, пәленше қоямыз» деп есімін таңдап жатады, негізінде, ең  дұрыс  пікір  бойынша  және  Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай нәрестенің аты туылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қойылады.

Сахаба  Әнас  ибн  Мәліктен  (р.а.)  жеткен  хадисте «..нәрестеге  туылғаннан  үш  күн  өткен  соң  ат қойылады» делінсе, Сумраның келтірген дерек көзінде «…жетінші күні қойылады» деп айтылған.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының балаларына есімдерін туылған күні қойғандығы жайында да риуаяттар бар. Мысалы, Әбу Мұсадан (р.а.) жеткен риуаятта ол өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып барады, сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  оның  атын  Ибраһим  деп  қойып,  таңдайын құрмамен  сүртеді.  Мұнымен  қоса,  Әбу  Усәйд  (р.а.) деген сахабаның ұлы туылып, оны Пайғамбарымызға (оған  Алланың  салауаты  мен  сәлемі  болсын)  алып барғанда оның атын Мунзир деп қойған.

Имам  Мүслімнің  «Сахих  хадистер»  жинағында Әнестен  (р.а.)  жеткен  хадисте  Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бүгін менің ұлым туылды. Мен оны атамның атымен Ибраһим деп атадым», – деген.

Дегенмен   бұрынғы   өткен   пайғамбарлардың ішінде  Зәкәрия  (ғ.с.)  пайғамбардың  ұлы  туылмастан бұрын алдын-ала сүйіншіленген болатын. Ұзақ уақыт перзентсіздік зарын тартқан Зәкәрия пайғамбарға (ғ.с.) ерекше  сүйіншілеу  болатын  бұл.  Құран  Кәрімде  бұл жайында былай делінген:

يَا زَكَرِيَّا إِنَّا نُبَشِّرُكَ بِغُلَامٍ اسْمُهُ يَحْيَىٰ لَمْ نَجْعَل لَّهُ مِن قَبْلُ سَمِيًّا

«Уа, Зәкәрия! Біз сені Жақия (Яхия) деген ұлмен қуантамыз! Біз бұрын оған ешкімді аттас қылмап едік!» («Мариям» сүресі, 7-аят).

  1. Нәрестеге ат қоюға кім құқылы әрі лайықты?

Балаға ат қоюға ең бірінші кезекте құқылы – ата-анасы.  Егер  олар  ортақ  бір  шешімге  келе  алмаса, әкенің құқығы жоғары тұрады. Сондықтан әкесі қаласа

сәбидің  атын  өзі  қояды  немесе  жұбайына  ұсынады. Қаласа, екеуі өзара жеребе тастау арқылы бұл мәселені шеше алады.

Баланың атын қоюға оның әкесі лайық екендігіне кез  келген  адамның  аты  оның  әкесінің  атымен  (мысалы,  Төлегенұлы  Айбар  деген  сияқты)  қосарланып айтылатындығы  дәлел  болады.  Бұл  жайында  Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ هُوَ أَقْسَطُ عِندَ اللَّهِ

«Оларды (яғни, асыранды балаларды) әкелерінің аттарымен қосып атаңдар, Алланың алдындағы ең әділі – сол» («Ахзаб» сүресі, 5-аят).

Мұндағы  аятта  асыранды  балаларға  қатысты айтылғанмен,  жалпы  мағынада  балалардың  аттары өзінің әкесінің атымен қосылып айтылуы ең әділ ұстаным екендігін білдіріп тұр.

Сондай-ақ, ақыретте де барша адам баласы өзінің әкесінің атымен шақырылады екен. Бұған қатысты Әбу Дәрдадан  (р.а.)  жеткізілген  хадисте  Алланың  елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : إِنَّكُمْ تُدْعَوْنَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِأَسْمَائِكُمْ وَأَسْمَاءِ آبَائِكُمْ فَأَحْسِنُوا أَسْمَاءَكُمْ

«Сендер Қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар», – деген[1]. Сондықтан баланың  атын  таңдап  қоюға  ең  бірінші  оның  әкесі лайықты.

Дей  тұрғанмен,  әке-шешесі  баланың  атын  қоюға басқаларға  рұқсат  бере  алады.  Мысалы,  атасына, әжесіне немесе әулеттегі құрметті ақсақалға, яки болмаса танымал тұлғаға т.б. Әрдайым үлкендерді құрметтеп тұратын  қазақы  салт-дәстүр  бойынша  баланың  атын көбіне  ата-әжелер  қойып  жатады.  Осы  тұрғыдан алғанда,  бұл  –  дұрыс  дәстүр.  Сондай-ақ,  жоғарыда айтып өткеніміздей, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі  жандарға,  ғалымдарға  қойдырған  жөн.  Көптеген сахабаның балаларының  аттарын  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қойған. Мысалы, «Ұлыңның атын Абдуррахман деп қой», «Абдулла деп ата» деген секілді хадистер көп.

  1. Есім таңдауда атына сай болу үшін жағымды, ұнамды (көркем) есімдер таңдау, жағымсыз есімдерді қоймау

а)  Жағымды есімдер

Баланың есімі оның өмірлік жолдасы болғандықтан, ат  қойғанда,  көркем,  мән-мағынасы  жоғары,  жақсы есімдерді таңдап қою керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімдердің ішінде әдемі һәм мағыналы есімдерді жақсы көретін. Әбу  Уаһб  әл-Жашмиден  жеткен  хадисте  Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : تَسَمَّوْا بِأَسْمَاءِ الأَنْبِيَاءِ ، وَأَحَبُّ الأَسْمَاءِ إِلَى اللَّهِ عَبْدُ اللَّهِ وَعَبْدُ الرَّحْمَنِ ، وَأَصْدَقُهَا حَارِثٌ وَهَمَّامٌ ، وَأَقْبَحُهَا حَرْبٌ وَمُرَّةُ

«(Балаларыңа)   Пайғамбарлардың   есімдерін қойыңдар, әрі есімдердің Аллаға ең сүйіктісі – Абдулла  («Алланың  құлы»),  Абдуррахман  («Рахманның құлы»),  ең  шынайысы  –  Харис  («Диқан»),  Һәммәм («Қайратты»), ал ең жағымсызы – Харб («Соғыс») және Мурра («Ащы, ауыр, қайғылы»)»[2].

Жоғарыдағы  хадисте  айтылғандай,  Абдулла  және Абдуррахман – Жаратқанның құзырында ең сүйкімді есімдер.  Осы  тұста  айта  кететін  бір  жайт,  Алла Тағаланың  99  көркем  есімі  бар.  Оның  қай-қайсы  да ең  жақсы  есімдердің  қатарына  жатады.  Алайда  бұл есімдерді қояр кезде арабша «абдун» деген қосымшасын тіркеп қою керек. Мысалы, Раззақ – Абдурраззақ, Саттар – Абдуссаттар т.б. Міне, осы көркем есімді білген дана бабаларымыз балаларының аттарын қазақшалап, Әбдіразақ, Әбдісәттар деп қоятын болған.

Мұнымен  қоса  қазақи  дәстүріміздегі  есім  қою әдетінің де өзіндік үлкен тәрбиелік мәні бар. Мәселен, тарихта өткен би-шешендеріміз бен дана бабаларымызға ұқсасын  деп,  Наурызбай,  Төлеби,  Абай,  Шоқан,  Ахмет және қазіргі күніміздегі Нұрсұлтан сынды есімдер жақсы дәстүрдің нышаны деп айтуға болады.

ә) Жағымсыз есімдер

Бала есімінің өсе келе өз ортасына, тума-туыстары мен ата-анасына да әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан қай  халық  болмасын  мағыналы,  жақсы  есімдерді таңдап  отырған.  Ал  баланың  жағымсыз  есімінің  жаман  жағынан  әсер  ететіндігі  айтпаса  да  түсінікті. Міне, Ислам шариғаты бұған аса мән берген. Алланың елшісі  (оған  Алланың  салауаты  мен  сәлемі  болсын) жаман есімді ұнатпайтын. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман, жағымсыз есімді кесірдің басы деп есептейтін. Тіпті, жағымсыз атаулы жерлерге қонбайтын. Имам Мәлік «әл-Муатта» атты хадистер кітабында мынадай хадис келтірген.

Пайғамбарымыз  (оған  Алланың  салауаты  мен сәлемі  болсын)  бір  түйені  әкелдіріп  сахабалардан: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Сонда бір кісі орнынан тұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Атың кім?» – деп сұрайды. Ол кісі: «Мурра» (Ащы), – деп жауап береді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда отыр», – дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Тағы да бір кісі орнынан тұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан да: «Атың кім?» – деп сұрайды. Әлгі кісі: «Харб» (Соғыс), – деп жауап береді. Пайғамбар (оған Алланың сала уаты мен сәлемі болсын): «Онда отыр», – дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан да: «Атың кім?» – деп сұрайды. Ол: «Яғиш» (Өмір сүреді), – деп жауап береді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен  сау»,  –  деп  бұйырады  (имам  Мәлік «Әл-Муатта» кітабынан). Тағы бір хадисте Сағид ибн Мусәйиб  әкесінен,  әкесі  атасынан  мынадай  риуаят жеткізген:

«Мен  (яғни,  Сағидтың  атасы)  Пайғамбарға  (оған Алланың  салауаты  мен  сәлемі  болсын)  бардым.  Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Атың кім?» – деп сұрады. Мен: «Хазн» (Бұдыр), – дедім. Ол: «Сен Сәһлсің» (Жазық), – деді. Мен: «Әкемнің қойған атын  өзгертпеймін»,  –  дедім.  Оның  немересі  Сағид ибн  Мусәйиб:  «Әлі  күнге  дейін  біздің  әулеттен  сол бұдырлық (яғни, қатқыл) қалмай келеді», – деген екен (имам Бұхари риуаяты).

«Хазн» сөзі «бұдыр жер, қатқыл», ал «Сәһл» «жазық жер, жұмсақтық» деген мағынаны білдіреді. Келесі хадисте:

Яхия ибн Сағидтен жеткен риуаятта бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.) бір кісіден: «Атың кім?» – деп сұрайды. Ол кісі: «Жамра» (Шоқ), – деп жауап береді. «Кімнің ұлысың?»  –  деп  сұрайды  Омар.  «Шиһабтың»  (Отты жұлдыз) ұлымын», – дейді әлгі кісі. «Қай жерденсің?» – деп сұрайды Омар. «Әл-Харқаданмын» (Күйгеннен), – дейді кісі. «Үйің қайда еді?» – деп сұрайды Омар. «Харрат  ән-Нар»  (Оттың  ыстығы)  деген  аймақта», – дейді кісі. «Оның қай тұсында еді?» – деп сұрайды Омар.  «Зәту  лаза»  (Жалынды)  деген  тұста»,  –  дейді кісі. Сонда Омар: «Онда жанұяңа тез жет, олар өртеніп жатыр», – дейді. Барса, шындығында Омар айтқандай болған екен (имам Мәлік әл-Муатта кітабында риуаят еткен). Ал, Сумра ибн Жундубтен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

Алланың  елшісі  (оған  Алланың  салауаты  мен сәлемі болсын):

«Балаңның атын Ясар (Жеңіл), Рабах (Ұтқыр), Нажах (Сәтті), Афлах (Ең сәтті) деп қойма. Шындығында, сен расымен солай болар ма екен дейсің, бірақ олай болмай шығады», – деген. (Мүслім Сахихте риуаят еткен).

Мұнымен  қоса  періштелердің  аттары  мен  Құран Кәрімдегі  адамның  атын  білдірмейтін  сүрелердің және  аяттардың  аттарын  қоюды  да  кейбір  ғалымдар құптамаған. Өйткені бұл есімдер періштелерге тән, ал, аяттар мен сүрелердің ұғымы бір Аллаға ғана мәлім, яғни ұғымын Алла біледі деген сөз.

Жағымсыз  аттың  кесірі  туралы  қазақта  екі шешеннің  сөз  таластыруы  туралы  хикая  бар.  Ертеде  Жапалақ  деген  сөзге  жүйрік  кісі  Торайғыр  деген шешеннің  даңқын  естіп,  онымен  сөз  таластырмаққа еліне  келеді.  Жапалақтың  атын  бұрыннан  білетін Торайғыр  амандық-саулықтан  соң  қонағын  бірден сүріндірмек болып: «Уа, сіздің атыңыз Жапалақ па?» –  деп  сұрайды.  Жапалақ:  «Иә,  солай»,  –  деп  жауап береді. Сонда Торайғыр: «Олай болса, мына көлді бір айналып келші», – дейді. Жапалақ көлді атымен бір айналып келеді. Сосын Торайғырға: «Уа, сіздің атыңыз Торайғыр ма еді?» – дейді. Торайғыр: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Жапалақ шешен: «Олай болса, биыл біздің үйде бір байтал қысыр қалып тұр еді», – дейді. Сонда қарсыласының бұл қолқасына жауап қата алмай,  сөзден  тосылған  Торайғыр  шешен  жеңілгенін мойындаған екен дейді.

Міне, осындай мысалдар, баяғы уақыттары халық арасында түрлі жағымсыз аттардың болғандығынан хабар береді. Мұндай есімдер туралы аңыз-әңгімелер халқымыздың салт-дәстүрін зерттеген зерттеушілердің жазбаларында да бар. Жалпы ат қоюда діни-танымдық, рухани тәрбиелік құндылықтарды басты назарда ұстаған жөн.

  1. Шариғат тұрғысынан  тыйым  салынған есімдерге мұқият болу

Кей  есімдердің  шариғат  тұрғысынан  да,  тілдік тұрғыдан  да  тыйым  салынатын  кездері  болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Алла  Тағалаға  қарсы  келетін  мағыналарды білдіретін  есімдерді  қоюдан  тыйған.  Тізбектеп  айтар болсақ:

а)  «Құл» деген мағынаны білдіретін «абдун» сөзін Алла Тағаланың есімі мен сипаттарынан басқа атауларға тіркеуге  болмайды.  Мысалы,  Абдулузза  –  «Уззаның құлы» (Узза Исламнан бұрын табынатын пұттың аты болған), Абдулқағба – Қағбаның құлы» деген сияқты есімдер.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Динардың  құлы  оңбасын,  дирхемнің  құлы оңбасын, өкшенің (етіктің) құлы оңбасын, матаның құлы оңбасын», – деген (Бұхари риуаят еткен).

ә)  Алла Тағаланың көркем есімдерін сол күйінде балаға есім етіп беруге болмайды. Мысалы, Алла, Рахман, Халиқ, Ахад, Разиқ, Бәрии, Раббы деген сияқты.

б)  Жын-шайтандардың,  кәпірлердің,  дінсіздердің көсемдері  мен  т.б.  халық  арасында  жаман  жағынан танылған кісілердің аттарын қою да мұсылман баласы үшін дұрыс емес. Мысалы, Ібіліс, Ифрит, Перғауын, Һаман, Жалұт, Әжүж, Мәжүж, Хосрау, Цезарь, Ленин, Сталин, Энгельс, Маркс, Тельман, Дарвин, Коммуна, Партия т.б.

в)  Сонымен  қатар  «Патшалардың  патшасы», «Әкімдердің  әкімі»,  «Сұлтандардың  сұлтаны»  деген мағыналарды білдіретін есімдер.

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың алдында есімдердің ең  нашары  –  «Патшалардың  патшасы»,  –  деген.

Осыған қатысты тағы бір хадисте: «Қиямет  күні  Алланың  ашуын  тудыратын,  ең нақұрыс адам «Билік-мүліктің патшасы» деп аталатын адам. Бүкіл билік тек Аллаға ғана тән», – деген (хадисті имам Мүслім жеткізген).

Халқымыз балалары шетінеп кете беретін жағдайда балаларына  Күшік,  Итбай,  Итемген,  Малай,  Башай деген  секілді  қолайсыз  аттарды  қоятын  болған.  Бұл «баланың өмірі ұзақ болсын» деген ниеттен туған. Жалпы айтқанда, ырым – халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын  көңілінен  туатыны  белгілі.  Бірақ  кейде  «Қазақ ырым етеді, ырым қырын кетеді» деп те айтып жатады.

Бұл сөз ырымның бәрі бірдей орындала бермейтінін ескерткені  деп  түсіну  керек.  Ырымның  барлығына бірдей сене беруге де болмайды.

  1. Жағымсыз лақап ат беруден сақ болу

Кісіге лақап ат беруден гөрі өз есімімен атаған жөн. Лақап  деп  адамның  кәсібіне,  түр-тұлғасына,  қадір-қасиетіне,  сипатына  қарай  қойылатын  атты  айтамыз. Мысалы,  етікші  Асан,  Қосмүйізді  Ескендір,  Ақсақ Темір, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек би, Жаяу Мұса т.б. Лақап аттың да жақсы не жаман сипаттары бар. Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-біріне жаман лақап аттар қоюына тыйым салынған.

  وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ ۖ بِئْسَ الِاسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ ۚ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

«Және жаман лақап аттармен атамаңдар. Иман келтіргеннен кейінгі сұмпайы ат қандай жаман? Ал, кім одан тәубе етпесе, міне, солар нағыз залымдар» («Хужурат» сүресі, 11-аят).

Ғалымдар егер бір кісінің өз есімі адамдардың арасында ұмытылып, жағымсыз мағынадағы лақап атымен ғана белгілі болса, оны қолдануға болады деп санаған.

Ал, араб халқының есімге қатысты дәстүрінде «куния» деп аталатын сөз бар. Куния дегеніміз әкесін баласының атымен байланыстырып атауы. Мысалы, Әбу Абдулла – Абдулланың әкесі, Умму Ахмет – Ахметтің анасы.

Кейде лақап мағынасын да білдіреді. Мысалы, атақты сахабаның лақабы Әбу һурайра – «Мысықтардың әкесі, иесі», Әбу Туффах – «Алманың атасы» – «алма сатушы» не «бағбан» деген мағынаны білдіреді.

Алайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен  сәлемі  болсын)  өзіне  тән  лақап атын (куниясын),  яғни  Әбул-Қасым  –  Қасымның  әкесі  деген  жанама атын  қолдануға тыйым салған. Хадисте: Әнестен (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі әл-Бақида (Мәдинадағы  қорымның  аты)  басқа  бір  кісіні:  «Уа, Әбулқасым!  (Қасымның  әкесі!)»  –  деп  шақырады.

Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған бұрылып қарайды. Әлгі кісі: «Уа, Расулалла! Сізді айтып тұрғаным жоқ, ана пәленге айттым», – дейді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің атыммен адамдарды атай беріңдер, алайда кунияммен атамаңдар», – дейді (Мүслім риуаяты).

Дегенмен,  бұл  мәселеге  қатысты  көптеген ғұламалардың  пікірі  бойынша  Пайғамбардың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) куниясына, яғни Әбулқасым деген есімге өзінің тірі кезінде ғана тыйым салған, ал ол өмірден өткеннен соң пайдалануда тұрған күнә жоқ дегенге тоқтаған.

Сонымен  қатар  «Мәнсуб»  есімдер  де  бар. Мәнсуб  дегеніміз  туған  жеріне  немесе  ру-тайпаға қатыстылығына байланысты қойылатын есімдер. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби – «Фарабтық Әбу Насыр», Абдулла  әт-Туркистани  –  «Түркістандық  Абдулла», Асан ат-Тарази – «Тараздық Асан» т.б. Мұндай аттар, оның  ішінде  ру-тайпаға  қатыстысты  қазақтарда  көп кездесетін болған. Мысалы, Үйсін Төле би, Қаракерей Қабанбай,  Балқы  Базар,  Шапырашты  Наурызбай  т.б. секілді.

  1. Кейбір есімдерді кейіннен өзгертуге бола ма?

Пайғамбарымыз  (оған  Алланың  салауаты  мен сәлемі болсын) жаман (тұрпайы) мағынаны білдіретін есімдерді ұнатпаған, ондай есімдерді жақсы есіммен ауыстырып отырған. Жақсы есімді жақсылыққа жоритын болған.

Мысалы мына хадисте: Айша  анамыз  (р.а.): «Пайғамбар  (оған  Алланың салауаты  мен  сәлемі  болсын)  жаман  есімдерді өзгертетін», – деген (Термези риуаят еткен).

Ибн Омардан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омардың Ғасия (қарсы шығушы) атты қызының есімін Жәмила (Әдемі) деп өзгерткен» (Мүслім риуаят еткен). Ал Һәни ибн Язидтен жеткен риуаятта:

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір қауымға келгенде олардың арасында Абдул-хажар (Тастың құлы) есімді біреу болады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан атын сұрап білген соң: «Сенің атың бұдан былай Абдулла болсын», – деп өзгерткен (Ибн Әби Шәйба риуаят еткен).

Есімді  өзгертуге  байланысты  айта  кететін  тағы бір  жайт,  қазіргі  қазақ  қоғамындағы  дін  жолына  бет бұрған  кейбір  мұсылмандар  тым  жақсы  қазақша  аттарын арабшаға өзгертуді әдетке айналдыра бастаған.

Жоғарыдағы хадистерден байқағанымыздай, Алланың Пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  тек  жаман  мағына  беретін  жағымсыз  есімдерді ғана  өзгерткен.  Жағымды  мағына  беретін  есімдерді сол  күйінде  қалдырған.  Ал,  «мен  намаз  оқыдым, дінге бет бұрдым, сондықтан есімім де мұсылманша яки арабша болу керек» дейтін азаматтардың мұндай пікірлері  жаңсақ  түсініктен  шыққан.  Әсілінде,  таза қазақы түбірлі есімдер де мұсылман есімдері, оларды мұсылман  есімдері  емес  деп  айтуға  әсте  болмайды.

Өйткені Алла Тағала адамзатты ұлттар мен ұлыстарға бөліп,  әрқайсысын  өз  ерекшеліктерімен  жаратқан.

«Мұсылман болу үшін тек таза араб тіліндегі есімдерді алу керек, қазақ тіліндегі есімдер надандықтың белгісі» немесе «таза мұсылман аттары емес» деп ойлау осы жаратылысқа қарсы шыққанмен пара-пар. Сондықтан да кейбіреулердің жап-жақсы мағына беретін Берік, Болат, Жанұзақ, Өмірзақ сияқты т.б. қазақ есімдерін арабша Абдуллаға, Әбу Һурайраға, Омарға өзгертулерінің ешбір қисыны жоқ. Бұл – жалаң еліктеушілік. Хадистен аңғарғанымыздай, Қиямет күні әрбір адам өзінің алғашқы қойылған есімімен шақырылады. Ал, халқымыз баласына Серік деген есім таңдағанда, ол Құдайға серік болсын деген мақсатта қоймайды, «алдындағы немесе өзінен кейінгі балаға серік болғай» деген жақсы ниетпен қояды. Егер ата-анасы не туысқаны әу баста есім берерде оның дінге қарсы екендігін білместікпен қойса және кейіннен оның есімін өзгерткісі келсе, оның жайы бөлек.

  1. Қазақ халқындағы кейбір ат қою үрдістері

Қазақ  халқында  егер  туылған  балалары  қайтыс бола берсе: Тұрсын, Алмас, Аман, Өтеген, Өтепберген, Төлеген, Елемес, Елеусіз, Өлмес деген есімдерді ырымдап қоятын болған.

Туылған нәрестелерінің бәрі ылғи қыз болып, ұл баланы күтіп жүргенде тағы да қыз бала туса, кейінгі бала ұл болсын деген ниетпен Ұлболсын, Ұлбала, Ұлту, Ұлтуған, Жаңыл, Жаңылған деп қоятын болған.

Зарығып жеткен сәбилердің аты көбіне Аллаберген, Алдаберген,  Құдайберген,  Тұяқ,  Тілеген,  Тілепалды, Тілеуберген болып келеді.

Нәрестенің  туылған  уақытына,  жеріне,  еліне, жағдайына қарай Айтуған, Рамазан, Ережеп, Наурызбай,  Қаңтарбай,  Жайлаубай,  Қазанбай,  Боранбай, Тәшкенбай, Бұхарбай, Желдібай, Жаңбырбай, Сырбай, Еділбай, Алмат, Найманбай, Адайбай, Жеңіс, Қуаныш, Базарбай, Аманкелді, Төрегелді, Қожагелді, Жолдыбай, Олжабай т.б. деп те қойылады.

Әкесінің не атасының жасына қарай Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деп қоятын дәстүр де бар.

Баланың болашағынан үміт етіп, бай болсын деген ниетпен Сансызбай, Жұтамас, Мұңайтпас, Әмірбек деп, қадірлі болсын деген ниетпен Қадірбек деп, ғалым болсын деген ниетпен Ғалымбек, Данабек, Қари, Қази деп, ержүрек, батыл болсын деген ниетпен Жолбарыс, Арыстан, Батыр, Қаһарман деп, өмір-жасы ұзақ болсын деген ниетпен Өмірзақ, Жанұзақ, Көпжасар деп те қойылады.

Сондай-ақ, жалпы мұсылманға ортақ аттар да молынан кездеседі. Алайда мұндай аттардың көпшілігі араб тілінде болғандықтан қазақ тілінің ерекшелігіне байланысты олардың түрлі нұсқалары қалыптасқан. Мысалы, Абдуллаһ (Алланың құлы) деген есімнің Абдолла, Абдулла, Абдул, Әбілда, Әбділда, Ғабдулла, Ғабдолла, Ғабділда,  Қабдулла,  Қабдолда,  Қабдол,  Қабілда  деген  нұсқалары  бар.  Ал,  Мұхаммед  деген  есімнің  де Мұхамбет,  Махамбет,  Маханбет,  Мәмет,  Мәмбет  деген сияқты талай нұсқалары және осы есімнен өрбитін есімдердің, мысалы, Бай-Мұхаммедтің – Баймұхамбет, Баймұқамбет,  Баймағанбет,  Баймағамбет,  Бәйімбет, Бейімбет деген сияқты нұсқалары кездеседі.

Жалпы ат қойғанда ырымға, белгілі бір уақиғаға немесе құбылысқа қарап емес, Пайғамбарымыз (оған Алланың  салауаты  мен  сәлемі  болсын)  хадистерінде айтып өткендей, ізгі, жақсы мағынадағы есімдерді қою керек.

«Дін мен дәстүр ІІ» кітабынан алынды

[1] Әбу Дәуіт Сулейман ибн әл-Ашғас әс-Сижистани. Сүнән Әби Дәуіт. – Дәр әл-китаб әл-арабия, Бейрут. IV том, 442-бет. No 4950 хадис.

[2] ұхаммад ибн Исмайл Әбу Абдулла әл-Бұхари әл-Жуғфи. әл-Әдәбу  әл-Муфрад.  Баспаға  әзірлеген  Мухаммад  Фуад Абдулбақи. – Бейрут, 1989, І том, 284-бет. No 814 хадис.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.