Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Береке – бірлік бастауы

0 2  722

Ата-бабамыздың асқақ арманы, тілегі – халқымыздың бейбітшілігі мен бірлігін сақтау еді.

Себебі бақ пен берекеге толы өмір сүрген елдің болашағы қашан да жарқын. Қазақта «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп, бекерге айтылмаса керек.

​Уақытпен жарысқан мына заманда береке мен бірлікті сақтап, бейбіт һәм мамыражай қалпымызды одан сайын ұршықтай иіру үшін де бізден келелі әрекеттер қажет екені белгілі. Етігімен су кешіп, тау мен тастан, соқтықпалы соқпақтан, кедір-бұдырдан сүрінбей, қара балшыққа батпай өткен ата-бабамыздың қайталанбас жолынан тәлімді де, өнегені де ала білген бүгінгі жас ұрпақ – кемел келешекке ұмтылары анық. Тарих парақтарын ақтарсақ, ата-бабаларымыз ел басына бұлт төнгенде бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып, өмірін сақтай білген. Сол арқылы ұрпақ өрбіген. Бүтін бір ұлттың қамы үшін әрдайым бір-біріне жәрдемдесуден қашпаған. Бұлт төнгені былай тұрсын, мамыражай заманның өзінде ағайынға «Асар» қылып, көмектесіп отырған. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Татулықтан артық жолдас жоқ» деген. Демек, берекенің бастауы да татулық пен береке екені даусыз. Татулық, бірлік дейтін мұндай адами асыл қасиеттер – сөз мәйегін түсінетін талай адамның санасына сәуле, жүрегіне мейірім дарытары сөзсіз.

Тіпті қазақ жеріне келген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар өз естелік, қолжазбаларында қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақты, берекеге көл-көсір ел екенін сүйсіне жазған. Орыстың бодандығынан шығып, жете, егемен ел болғалы да дана халқымыз – осы қасиеттерімен де мемлекетімізге зор үлесін қосып келеді. Бүгінде еркін ел атанған, өзін әлемге бірлігі жарасқан ел екенін мойындата білген Қазақстан – әлемдік татулықты сақтау һәм нығайту мәселелерінде өзге елдерге үлгі екенін айта кеткеніміз жөн. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді халқымыз. Кешегі бабалардың жүріп өткен жолы да мұны бізге сабақ етеді.

Бірде Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп, ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. – Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. – Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала: – Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. – Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.

Данышпан Абай да «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп адамды ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Иә, қазақ елінің бірлігі – мемлекет дамуының, өсіп-өркендеуінің кілті. Асыл дініміз Исламда да барлық істің қайырлы болуы үшін әрі жетістікке жету үшін адам арасында татулық пен берекенің болуы керек дейді. Татулық орнаған шаңыраққа, бірігіп істеген іске, бірігіп ішкен асқа да Алланың өзі береке беріп қояды емес пе?! Ал береке қонақтаған әр істің жетістікке апармауы мүмкін емес. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Мына үш нәрсені орындағандар барлық жұмыста жетістікке жетеді:

1) Жасаған әрбір ісін Алла разылығы үшін жасаса,
(Адам не Алла разылығы үшін істейді, не нәпсінің қалауы үшін, яғни адамдарды қуанту үшін істейді. Адамдардың разылығын Алла Тағаланың разылығынан жоғары санағандарды Алла Тағала адамдарға қалдырады, бірақ адамдардың разылығын емес, Алла Тағаланың разылығын таңдағандарды өз қамқорлығына алады. Жасаған амалыңыз адамдарға жақсын десеңіз, адамдарға ұнар, сізді мақтар, айтар. Бірақ Алланың разылығынан мақұрым қалдырады. Ал Алланың разылығын көздесеңіз, ниетіңізге қарай Жаратушының да, құлдың да разылығына қауышасыз).

2) Бірлік пен ынтымақта болса;
(Денелердің бірге болуы деген мағынада емес. Жүректердің бірге болуы, мақсаттардың бір болуы деген сөз.)

3) Дұрыстықтан ешқашан айрылмаса;
(Демек дұрыстықтан айрылмай, бірлік пен ынтымақта істерін Алла разылығы үшін жасағандар барлық жұмыста жетістікке жетеді).

Сондай-ақ, жетістікке жетудің сырын Ислам ғұламалары мына төрт түрлі қам-харекетпен түсіндіреді:

1) Күнәлардан сақтану, харам істемеу;

2) Алла Тағаланың құлдарына мейірім көрсетіп, жақсылық жасау;

3) Сабыр ету;

4) Жылы жүзді болып, үнемі күлімдеп жүру.

Осы төрт амал-шарғыны орындаған адамның жетістікке жетпеуі әсте мүмкін емес!

Рахметолла Байменов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.