Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарының мәдени-әлеуметтік құрылымы(1)

0 528

Әлемде әрбір ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы діни құндылықтармен астасып жатады. Бұл ислам құндылықтарына да байланысты. Исламның келуі  –  он  бес  ғасыр  бойы  әлемнің,  миллиардтаған адамдарының,  әртүрлі  этникалық  қауымдастықтың, оның  ішінде  қазақ  этносының  да  тұрмыс  пен  салт, дүниетанымына  әсер  еткен  күрделі  тарихи  құбылыс.

Ол  туралы  өз  заманына  атақты  философ  Бертран Рассел:  «Еуропа  варварлыққа  бой  алдырғанда Шығыс басымдығы әскери істе ғана көрініп қоймай, Мұхаммедтің (с.а.у) әлемінде ғылым, философия, поэзия және өнердің барлық түрлері дамыды. Еуропалықтар өз көзқарастарының танымдық тарлығы аясында бұл кезеңді «қараңғы ғасыр» деп атайды, бірақ христиандық Еуропа  үшін  қараңғылық  басқанымен,  бұл  кезеңде Андалусияда Мұхаммедтің (с.а.с) керемет өркендеген мәдениет  қалыптасқан  болатын»,  –  деп  суреттеген. Тарихи деректерді сараптай келе, исламдану  үрдісінің  ортағасырлық  Қазақстанда  сонау  ҮІІІ ғасырдан  бастау  алып,  Х-ХІІ  ғасырларда  шарықтау кезеңінен өткені (Қарахандар дәуірі), одан кейін екінші діни-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның далалық  аймақтарында  толық  және  біржолата  ислам үстемдік  құрып,  осы  негіздер  болашақта  сақталып отырғаны  себебінен  қазақ  хандығы  толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын көреміз және бұл үрдіс сол кезеңдегі ауыз әдебиетінде көрініс тапты.

ХІХ-ХХ  ғ.ғ.  бас  кезінде  де  ислам  діні  Қазақстанда жалпы бір қалыпты деңгейде болды, маңызды қоғамдық рөл  атқарды,  тек  саяси  жағдайларға  және  Еуропа өркениетінің  келе  бастауына  байланысты  оның мазмұны мен қоғамдық өмірінде көрініс беру формаларына белгілі өзгерістер енді.

Алланың  елшісі  Мұхаммед  (с.а.у)  былай  деген:

«Ислам діні бес тірекке негізделген»:

І.  «Әшһаду ән лә иләһә иллАлла уа әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ» Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік  беру».

Куәлік  сөзі.  Бұл  Ислам  негіздерінің мағыналарын  қамтиды.  Куәліктен  кейінгі  Исламның басқа  негіздерінің  мағынасын  түсіндіреді.  Оның түсініктемесін  мұсылманның  өмірімен  байланыстырады. Әрбір мұсылман осы негіздерге сай өмір сүру керектігін айтады.

ІІ.  Намаз оқу. Күніне бес рет намаз оқу – Исламның ең маңызды парыздарының бірі. Оны орындаған адамды Алла ұлы сыйға бөлейді. Намаз белгілі шарттарға сай орындалады.  Ол  фиқһтың  ғылымхал  кітаптарында түсіндірілген.

ІІІ.    Зекет  беру.  Белгілі  бар  дәулеті  бар  кісілер дүниелерінен кедейлердің ақыларын беріп, байлардың жүректерін  сараңдықтан  тазартып,  кедейлерге  деген мейірімділікті  ояту  үшін  беріледі.  Бұл  жайында  да шариғат үкімдерінде түсіндірілген.

ІV.    Рамазан айында ораза ұстау. Ораза. Рамазан айында  ораза  тұту  әрбір  мұсылманға  парыз.  Ораза мұсылманның тақуалығын (Алладан қорқу) күшейтеді, әрі ол үшін Алла ұлы сый береді.

V. Шамасы келсе, қажылыққа бару. Өмірінде бір рет Меккедегі Алланың үйіне барып қажылық міндетін өтеу, шамасы келген әрбір мұсылманға парыз.

Баса атап өтер жайт, осы мұсылман тірегі Х ғасырда қазақ  ауыз  әдебиетінің  мәйекті  діңгегі  болуында.

Американдық антрополог Клакхон Клайд Кей Мейбен: «Белгілі бір мағынада тіл дегеніміз – философия»  десе, халқымыздың асыл қазынасы ауыз әдебиетіміз арқылы  Ислам  құндылықтарының  діни-рухани  насихаты – поэзия, музыка, шешендік сөз, көркем өнердің көмегімен  діни  насихаттың  жүргізілгені  анық.  Қазақ жерін мекен еткен кез-келген түркі-ислам өркениетінің тұлғалары сөз басын Ұлы Алланың құдіретінен бастаған.

Мысал  келтіретін  болсақ,  ерте  ортағасырдағы  ұлы тұлғалардың бірі, ғұлама, ойшыл, мемлекетшіл ақын Жүсіп  Хас  Қажыб  Баласағұни.  Ғұламаның  «Құтты білік» дастаны әлеуметтік-философиялық трактат, әрі түрік  дүниесінің  алғашқы  поэзиялық  жазба  кітабы болып табылады. Оның:

Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!

Шексіз құрмет, шүкіршілік мың да бір,

Ол мәңгілік, Хаққа лайық кіл қадір.

Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,

Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.

Қалады да жаратты бар болмысты,

«Бол!» деді де, бірден бәрін болғызды – деген жыр шумақтарынан терең философиялық ой, кең ауқымды дүниетаным, болмыс тәрбиелеудің діни бітімгершілігінен хабардар боламыз.

«Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.