Ғамус анты
Жалған ант. Бір нәрсені біле тұра әдейі жалған ант ету. Мысалы, біреудің қарызын бермегенін біле тұра, «Алла атымен ант етейін, уаллаһи, биллаһи қарызын өтегенмін» деуі секілді. Мұндай ант – үлкен күнә.
Мұндай антқа Ханафи мәзһабында кәффарат керек емес. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес нәрсеге кәффарат керек емес деп санаған нәрселердің арасында осы ғамус түрі де бар (Бухари, Әдәб, 6.).
Лағу анты
Қателесіп немесе айтқаным дұрыс деп ойлап, ант ету түрі. Мысалы, бермеген қарызын бердім деп ойлап, «уаллаһи, биллаһи бердім» деу секілді. Сол секілді ант етуді ниет етпестен ант сөзін айтуды әдетке айналдырғандықтан, сөзін қуаттау үшін «уаллаһи, биллаһи» деуі. Бұндай антқа кәффарат керек емес.
Мун’ақид анты
Іске асу мүмкіндігі бар және жалпы болашаққа байланысты бір нәрсе жайлы ант ету: «уаллаһи, биллаһи, Алла атымен ант етейін, ертең қарызыңды өтеймін» деуі. Мұндай антын орындамаса, кәффарат керек. Құранда: «Алла біле тұра істеген анттарыңа жауапты қылады» (Маида, 5/89), – дейді.
Мұсылман адам қолынан келетін бір нәрсеге ант берсе, орындауы керек. Мұсылман өзіне берген сөзі мен уәдесінде тұрғаны дұрыс. Құранда Алла:
«Анттарыңды сақтаңдар» (Маида, 5/89), «Аллаға берген серттеріңді орындаңдар» (Нахыл, 16/91), – дейді.
«Ислам ғылымхалы» кітабынан
sunna.kz