Ислам дінінде сенім жүйесін «Ақида», ал осы салаға қатысты мәселелерді зерттейтін ғылымды «калам» дейді. «Ақида» – дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесін меңзейді.
Алла тағалаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алла тағаланың жаратуымен болатындығына, өлгеннен кейін қайта тірілудің хақ екендігіне дұрыс сену осы ақида саласы зерттейтін негізгі мәселелерге жатады.
Матуриди мектебінің негізін қалаушы самарқандық Әбу Мансур Матуриди, ІX ғ. соңы мен X ғ. басында Мауранаһрде шиит ағымының бір тармағы исмайылиттер ағымына жауап ретінде өмірге келген ілім. Бертін келе мұсылман шығысындағы мемлекеттерге де тарады.
Матуриди ілімінің кең жайылуына оның ақида (сенім) мәселелерінде Қасиетті Құран және хадиспен қатар ақыл мен пайымға да өз кезегінде орын беруі қолдау тапты. Сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған Матуриди оған жиі-жиі жүгінетін.
Ал, Әшғари мектебінің негізін салған Әбул Хасан Әли ибн Исмайыл (873-935) еді. Әшғарилер муғтазилиттерге қарсы жауап беру үшін Құран мен хадистерге қосымша философия мен логика тәсілін пайдаланған.
Қазір әлемдегі тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызын «Матуридилік» пен «Әшғарилік» мектебіне қарасты «Әһли сунна уәл-жамағат» құрауда.
Кемеңгер ғалым Әбу Мансур әл-Матуридидің қаламға алған бірнеше кітаптары болғанымен соның ішінде ең танымал еңбегі «Китабут – Таухид», тәпсір саласында − «Тауилатул Құран».
Сол заманның үрдісіне сай ол басқа да ғылым салаларымен айналысып, көп шәкірттер тәрбиелеген. Келе-келе X ғасыр басында Маураннаһрда осы Матуриди мектебі қалыптасты.
Бүгінгі күні аталмыш сенім мектебін Орта Азия, Үндістан, Пәкістан, Шығыс Түркістан, Малайзия, Индонезия, Кавказ, Ресей, Түркия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтарда өмір сүріп жатқан мұсылмандар ұстануда.
Имам Матуридидің кейбір маңызды еңбектерінің бізге жетпеуінің негізгі себебі – Мауараннаһ өлкесінде жаугершілік толастамағандықтан.
Матуридилік ілім мұрасын зерделеуде жерлесіміз, Тараз перзенті Һибатулла ат-Таразидің (1271-1334) де еңбегі маңызды. Матуриди ілімінде діни сенім (ақида) мәселелерінде Қасиетті Құран мен хадис, ақыл мен пайымды, логиканы біртұтас қарастыруға назар аударылады.
Сондықтан да ол Ханафи мәзһабының сенім тармағын зерттейтін сала ретінде қалыптасқан.
Ханафи мәзһабының ғалымдары Имам Матуридидің көзқарасы мен Имам Әбу Ханифа көзқарасы толық үйлесетіндігін қабыл еткен. Имам Матуриди, өз кезегінде бүкіл күш-жігерін әһли сунна жолын қорғауға және мұсылмандарды осы мәзһаб туы астында жинауға сарп еткен.
«Біз ұстанатын діни жол» кітабынан алынды.
Sunna.kz