Ертеде Шам елінің патшасы өзінің ұлына қалыңдық іздеп, халқына: Кімде-кімнің 18-20 жас аралығында Құран жаттаған қызы бар болса, сол үй бүгін түнде шам өшірмесін, араларынан ұлыма сай жар таңдап аламын”, – деп жар салады.
Сол түні Шам жұртында бірде-бір шаңырақтың шамы сөнбеген екен. Осыны көріп таң қалған патша “Енді кімде-кімнің 18-20 жас аралығында Құран жаттап және оның тәпсірін меңгерген қызы бар болса, сол үй бүгін түнде шамы жанып тұрсын” деп жария етеді.
Түнгі намазын оқып алып, патша баласы мен уәзірлерін ертіп сарайдан шығады.
Жан-жағына қараса, күллі шаһар самаладай жарқырап тұр екен. Сонда патша ұлына қарап:
–Балам, есіңде болсын. Еркек ұлды тәрбиелейді, әйел ұлтты тәрбиелейді. Біздің елдің әкелері мен шешелері қызына Құран жаттатып, Алланың сөзің бойына сіңіріп, өмірлік темірқазығына айналдыра алғанын көріп, қатты қуанып отырмын. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) “Алла Тағала бұл Құран арқылы қауымдардың дәрежесін көтереді” деген. Сол себепті енді мен ұлым үшін ғана емес, ұлтым үшін де уайымдамаймын, – деп көзіне жас алған екен.
“Иман” журналы 2015 ж. №7 сан.
Sunna.kz