Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты.
Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Көркем мінез – ол пайғамбарлардың мінезі, ол шыншылдар мен ізгілердің мінезі.
Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадистердің бірінде хазіреті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!):
اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي
«Йә, Алла Тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» – деп дұға ететін деді.
Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан: Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Йә, оқимын» деді. Айша анамыз: Оның мінез-құлқы – Құран ғой», – деп жауап берген.
Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) қияметте таразыны ауыр басатын амалдың бірі көркем мінез екенін айтқан екен. Ал, осы көркем мінезділіктің жарқын үлгісі, адам баласына тән ортақ құндылықтар бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) болды.
Ардақты Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!):
إنَّما بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلاق
«Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп баяндайды.
Бірде көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге пайғамбары (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «(Ей, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып:
– Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендер мен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп айтқан.
Бір кісі Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) келіп «Дін деген не?» деп сұрағанда «Көркем мінез» деп жауап қатқаны тағы бар. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «Көркем мінез» деген жауапты алған.
«Іс-амалдардың қайсысы жақсы?» деп сұрағанда, Расулулла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «Көркем мінез» деген. Тағы басқа бірнеше хадистерінде:
«Алла бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер»;
أكْمَلُ المؤْمِنِينَ إيمانًا أحْسَنهُمْ خُلُقاً
«Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны»;
إنَّ مِنْ أحَبِّكُمْ إلَيَّ وَ أقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْم القِيامَةِ أحاسِنُكُمْ أخْلاقًا..
«Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз».
Бұл хадистерден көркем мінезділіктің қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады.
Алла біздің сыртқы келбетімізді қалай көркем еткен болса , біздің жан дүниеміздіде мінезіміздіде солай көркем еткей .
Рүстем Рахымберді
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы
sunna.kz