Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұлт көсемі: Еңбегім сіңді деп, мақтана алмаймын

0 673

Наурыз айының бесінші жаңасы – ұлт көсемі, Алаштың ардақты перзенті Әлихан Бөкейхановтың туған күні.   Назарларыңызға Ер Әлиханның бүгінгі замандастарымызға пайдасы  тиер ой орамдарын ұсынып отырмыз.

Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

 

Біз қарап отырсақ – қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан – дауыл, үй артынан – жау келді. Алаштың баласы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл.

 

Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімін емес, мінезден.

 

Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді деп, мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын.

 

Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ даудан шықпайтын ескі ауруың бар-ау, қазағым! Қылығыңды көріп ішім күйеді.

 

Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді.

 

Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.

 

Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?

 

Бұл заманда жылап мұртқа жетем деу – аш түйенің күйсеуіндей дәрменсіздік.

 

Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті.

 

Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең қарап жатпалық. Көп іске – көп болып жабылайық! Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе?

 

Жер  десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін: “ала қашты, тартып алды, тиіп кетті” қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң.

 

Білімге – жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі.

“Aлаш айтқан асыл сөз” кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.