Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рахматулла Оразұлы: Қазақ дүниетанымындағы «оң жақ»

0 1  241

Қандайда бір мәселеге жолыққанда абыз қарияларымыз сөз басын «бисмилламен» және Жаратқаннан істің оңын сұрап бастайтынын білеміз.

Адамдардың ісі алға басқан кезде «ісі оңға басты» басшының сенімді косшысын «оң қолы», игі дұғасын, ақ тілегін алды дегенді «оң батасын алды», есейді, жақсы мен жаманды ажырата білгенді «оңымен солын айырды (таныды)», бір жақсылыққа қауышқан адамға «оң жағыңмен тұрған екенсің» сәтіне басқан істі «оңына басты», шын пейілмен, ықыласпен қараса «оң көзімен қарады», жылы шырай танытса «оң қабақ танытты», – деп айтылады. Қол алысыр амандасса, тек оң қолын беріп амандасады.

 Ал, мақал-мәтелдерімізде былай делінеді:

«Оң сөз өзен тоқтатар», «Сол көзіңе оң көзің қарауыл болсын», «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін». Бұл жерде де оң жақтың басшылық, игілік, шешім қабылдау сипаттарындағы жетекші рөлі аңғарылады.

Айта берсе мысалдар көп. Қысқасы, оң жақ – ұлттық дүниетанымымызда қашан да жақсылықтың нышаны ретінде айтылады.

 Адамның оң жақ мүшелерін де, сол жақ мүшелерін де Алла Тағала жаратқан. Осы тұрғыдан алғанда оң жақ пен сол жақтың айырмашылығы жоқ. Дегенмен, оң жақтың абзалдығын жоққа шығара алмаймыз.

Кез келген құрал-жабдықтың қолдану нұсқаулығы болатынындай адамның да қалай әрекет етуі , жүріп тұруы, өмір сүруі керектігінің үлкен арнасы дінімізде білдірген. Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) асыл сөзінде «Оң қолмен ішіп-жеңдер, оң қолмен алып беріңдер! Өйткені, шайтан сол қолымен ішіп-жейді, сол қолымен алып береді», «Аяқ киім кигенде оң аяқтан, шешкенде сол аяқтан бастаңдар!» (Бұхари) деген хадистерде де жоғарыдағы мақалдарымызда айтылған «оң жақтың» басшылық, игілігі көрініс табады.

Әйгілі хадис жинақтаушы хазреті имам Науауи былай деген:

«Мүбәрәк, қасиетті және таза нәрселерді жасағанда оң жақтан бастау мүстаһаб болып табылады. Киім, аяқ киім киерде, шашты тарағанда, мисуак қолданғанда, тырнақ алғанда, қол, аяқ жуғанда, мешітке кірерде, мұсылманның үйіне, бөлмесіне кірерде, әжетханадан шығарда, садақа берерде, тамақ жегенде, су ішкенде оңнан бастау керек. Бұлардың қарама-қайшысын жасағанда сол жақтан бастайды. Мәселен: аяқкиім, киім шешкенде, іш дәрет алғанда, сіңбіргенде сол жақтан бастау мүстаһаб. Бұларды оңнан бастау тәнзиһән мәкрух болады.»

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) қолындағы суды оң жағында отырған бәдәуиге берді. Бәдәуи: «Йа, Расулалла(Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!), сол жағыңызда отырған Әбу Бәкірге неге бермейсіз? Оның қадірі, дәрежесі менен де жоғары» дегенде Алла Ешлісі алейһиссалам: «Суды оң жақтан таратыңдар!»,- деді.

Исламда оң жақтың маңызы өте жоғары. Бірнеше мысал келтірейік: Әрбір адамның оң иығында сауабын, сол иығында күнәсын жазатын періштелер болады. Намазда алдымен оң жаққа, кейін сол жаққа сәлем беріледі. Қағбаны тауаф еткенде оңнан солға қарай айналады. Жақсылардың амал дәптері оң жағынан, жамандардың амал дәптері сол және арт жағынан беріледі.

Құран Кәрімде амал дәптері оң жағынан берілгендер мақталып, сол жағынан берілгендер жамандалуда: Әр адамның жасаған жақсылықтары мен жамандықтарын жазып отыратын иығында «кирамән катибин» періштелері болады. Оң жақтағы періште сол жақтағыға әмір (басшы) саналады және жақсы істер мен ғибадаттарды жазады. Сол жақтағы періште жасалған жаман әрекеттерді жазады.

Міне, біздің дүниетанымымыздағы оң жақтың қадыр-қасиеті иләһияттың құндылықтарымен қабысып жатқанын аңғарамыз.

Мейрімі мол жаратушы иеміз екі дүниеде жар болып, барлығын оңынан берсін.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.