Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Абай Құнанбайұлы: Араб әліпбиі туралы

0 579

Әлифдек ай йүзіңе ғибрат [1]еттім,
Би, бәләи[2] дәртіңа[3] нисбәт [4]еттім.
Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат[5],
Си, сәнаи[6] мәдхия[7] хүрмәт еттім.

Жем, жамалың[8] қандай ақ рузи[9] маған,
Ха, хәлиллик[10] таппадым, жаным, сәнан.
Хи, халайық, мен емес, бәрі ынтизар,
Дәл, дариға ғишық оты бермес аман.

Зәл, зәлиллік[11] көрген соң, сайрай бер, тіл,
Ре, риза қылмағыңды, яр[12], өзің біл.
Зи, зәһәрдай[13] күйдірді ғишқың қатты,
Сын, сәләмат қалмағым болды мүшкіл.

Шын шикәр ләб[14] есіме түскен сайын,
Сат, сабырым қалмады, мен не әйләйін.
Зат, зайғ[15] өмірім өтті менің бекер,
Тай, талаптан әйтеуір құр қалмайын.

Зай, залым көп қылыш боп жанға оқталды,
Ғайін, ғақылымды басымнан тартып алды.
Ғайын, ғариблік басыма түскеннен соң,
Фи, файдаң тие ме деп жаза салды.

Қаф, қабыл болар ма екен жазған хатым,
Кәф, кәмил[16] ақылың, асыл затым.
Ләм, ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге,
Мен, меһріңнен қалмас ед бар апатым.

Нон, налә ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау, уәйлана[17] ғишқың уайым жеп,
һи, һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,
Ләм әлиф, лә иләһа илалла[18] деп.

Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәт – қасың, тәштит – кірпік, сәкін – көзің[19].
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің.

[1] Ғибрат (арабша) – үлгі, өнеге, нақыл, мағына.

[2] Бәләи (арабша) – пәле, қиыншылық.

[3] Дәртіңа (дәрд) – түп мағынасы ауру, азап шегу; өлеңдегі мағынасы – ғашық болып дерттену.

[4] Нисбәт (арабша) – байланыс, бір нәрсемен байланыста болу. Бұл арада ем таптым деген деген мағынада.

[5] Әбиат (арабша) – өлең, жыр; бәйт сөзінің көпше түрі.

[6] Сәнаи (арабша) – сұлу, әдемі, шебер.

[7] Мәдәх, мәдхия (арабша) – мақтау, өлең, ода.

[8] Жамал (арабша) – көрік, сұлулық.

[9] Рузи (парсыша) – күн, күндей.

[10] Хәлил (арабша) – шын дос, сүйген жар.

[11] Зәлил (арабша) – азғын, жексұрын, қорланған.

[12] Яр (парсыша) – дос, сүйікті мағынасында.

[13] Зәһәр (парсыша) – у.

[14] Шикәр ләб (парсыша) – тәтті ерін.

[15] Зайғ (арабша) – жолдан таю.

[16] Кәмил (арабша) – толық.

[17] Уәйлана (арабша) – бақытсыздық, қайғы.

[18] Лә иләһа илалла (арабша) – Алладан басқа ешбір тәңірі жоқ.

[19] Бұл бір жолда араб жазуындағы сөздерді дұрыс оқу үшін
қойылатын белгілерді келтіреді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.