Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәкәрім қажы: Иманның мағынасы

0 641

Уа, достар, жақсы мінезді болуға тырысу керек. Әуелі ынсапты болу керек. Ынсап деген әр істе аспай, кем қалмай, орташа болмай, әділет деген де осыдан шығады, әр істің орнын тауып істемек те осыдан шығады. Аятта: «ин-нал-лаһа йухиббул-мукситина» — мағынасы: Алла Тағала әділдік қылғандарды сүйеді деген.

Бисмил-лаһир-рахманир-рахим!

Өлшеусіз, сансыз ғаламды басында жоқтан бар қылған құдіретінде өлшеу жоқ, теңдес, шерігі жоқ, мінсіз Алла Тағалаға сансыз разылық шүкір.

Мұнан соң Алла Тағаланын, абзал жаратқан ақырзаман пайғамбары Мухаммед Мұстапа салла Аллаһу ғалайһи уә сәлләм хазіретіне салауат.

Мұнын, соңында, уа, достар, Алла Тағала барша адам баласын бір Алла Тағаланың барлығын, бірлігін һәм өзін жаратқан ие екенін біліп, иман келтіріп, құлшылық қылсын деп жаратқан. Аятта: «уа ма халақтул-жинна уал-инса илла ли йағбудуна» — деген, мағынасы: жын менен адамдарды құлшылық қылсын деп жараттым деген. Солайша құлшылық үшін жаралғанды оқығандарыңыз кітаптан, оқымағандарыңыз молдалардан естіп-білген шығарсыздар. Алайда болса, біздің қазақ халқының өз білімінен жазылған кітап жоқ болған соң, ғараб, парсы кітапты білмек түгіл, ноғай тілімен жазылған кітаптарды да анықтап ұға алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иман, ғибадат турасын шамам келгенше қазақ тілімен жазайын деп ойландым. Бұл кітап әрбір қазақ оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап бола ма екен деп, Алла Тағаланың рақыметінен үміт еттім. Әмин.

Енді бұрын иман турасын анықтап білу керек. Сол себептен әуелі иман турасын шамам келгенше ұқтырайын.

ИМАННЫҢ МАҒЫНАСЫ

Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, одан басқа Алла жоқтығына, Мухаммед ғаләйһис-сәләмнің пайғамбарлығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ.

Иман айтқанда «ла илаһа иллал-лаһу уа Мұхаммаду расулуллаһи» — дейміз. Оның мағынасы: «Бір Құдайдан басқа Құдай жоқ және Мухаммед ғаләйһис-сәләм Алла Тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген басшысы», деген болады.

Мұның мағынасын білмей, құры айтқанменен иман болмайды және анық, шын наным айтпай, құры тілімен ғана айтылса, о да иман емес.

Аятта: «уа мина-н-наси ман йақулу әмәнна бил-лаһи уа бил-йаумил-ахири уа ма хум би муғминина» – деген. Мағынасы: кейбір адам Аллаға һәм акирет болатуғынына иман келтірдім десе де, ішкі ықыласы нанбай тұрған соң, ол мұсылман емес, – деген.

Әлбетте, әрқашан шын ықыласпен нанып, иман айтып жүру керек егер де иман дұрыс болмаса, қанша құлшылық ғибадат қылынса да, ол қабыл болмайды. «Иман шарт» деген кішкене кітапта иман һәм тәубе туралы сөздің бәрін анықтап айтқан. Соның ішінде иманның жеті рәкіні бар:

«Аманту бил-лаһи-уа малағикатиһи уа құтубиһи уа расулиһи уал-йаумил-аһири уал-қадари хайриһи уа шарриһи мин Аллаһи тағала уал-бағси бағдал-маути» – бұлардың мағынасы: әуелі Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне нандым, періштелердің барлығына нандым, пайғамбарларына жіберген кітаптарының баршасына нандым, барша пайғамбарларына нандым, ақирет күні болмағына нандым, барша жақсылық, жамандық істер Алла Тағаланың тағдырынсыз болмайтұғынына нандым Кәм өлген соң тіріліп сұрау беретұғынымызға нандым.

Уа достар! Осы иманды әрқашан айтып, салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде бейіш тақуалар үшін деген. Тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам әр уақыт Алла Тағаланың ғазабынан қорқынышта, рахыметінен үмітті болып, қауіп пенен үміттің ортасында болу керек.

Аятта: «уадғуһу хауфан уа тамған» – деген. Мағынасы: тілек дұға қылыңыздар, қауіп пенен үміттің арасында болып деген.

Қажының «Мұсылмандық шарты» еңбегінен алынды

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.