Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бал шарбатының пайдасы

0 243

Балдың өзін жеумен қатар, одан шәрбат жасап ішуге де болады. Бал шәрбаты әсіресе іш өтуге бірден-бір ем. Бұл туралы мынадай бір хадис бар.

Әбу Саид әл-Хұдри әңгімелейді:

Бір кісі Алла Елшісіне (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) келіп: “Бауырымның іші өтіп жатыр, не істесем болады?” деп сұрады. Расулулла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оған бал (шәрбатын) ішкізуге кеңес берді. Әлгі кісі біршама уақыттан кейін қайтып келіп: “Бал шәрбатын ішкіздім. Бірақ іш өтуі үдеп барады” деді. Осы жағдай үш рет қайталанды. Ең соңында Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) оған: “Алланың айтқаны хақ екені күмәнсіз. Мәселе сенің бауырыңның қарнында” деді. Әлгі кісі соңғы рет барып бал шәрбатын ішкізгенде, науқас жазылады” (Бұхари, Тыб, 4).

Бал шәрбатын жасау әркімнің қалауына қарай өзгереді. Мәселен, бір литр суға 40 грамм бал қосып, орташа көлемде бал шәрбатын жасауға болады. Бір литр бал шәрбатының құрамы 20 мг. натрий, 204 мг. калий, 24 мг. фосфор, 1200 мг. протеин, 313,6 гр. көмірсу, 60 мг. кальций, 3,2 мг. темір, 0,04 мг. тиамин, 0,28 мг. рибофлавин, 0,8 мг. ниацин мен 16 мг. С витаминнен тұрады.

Бал қанға тез сіңеді, өйткені ол қорытуды қажет етпейді. Бал құрамындағы қант тез сіңетін қасиетке ие. Глюкоза, аминқышқылы, натрийге су қосылғанда, ағза оны өте тез қабылдайды. Осының нәтижесінде ағзадан көп су жоғалтуға апаратын іш өту ауруы тез басылады.

Арамен емдеу медицина ғылымында “Апитерапия” деп аталады. Отандық дәрігер, апитерапия маманы А. Құрманбаевтың берген мәліметтеріне сүйенсек, арамен емделуге араның балы, прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы және емдік әсері өте күшті сүт кіреді. Ал ара уының құрамында адам ағзасы үшін пайдалы түрлі ферменттер мен аминқышқылдары және милитин бар. Апитерапия арқылы көптеген аурауларды, соның ішінде ревматикалық полиартрит, артрит, құяң, жүйке ауруларды, остеохондроз, остеопороз, псориаз, ішкі құрлыс, буын аурулары, колит, асқазан жарасы, холецистит секілді ауруларды емдеуге болады.

Негізінен емге жұмысшы аралар пайдаланылады. Ара уының шипасы бүгінгі күні толық дәлелденген.

Қорыта келгенде, қасиетті Құран мен хадистерде айтылғандай, балдың шипалық қасиеті жоғары. Оны бүгінгі медицина ғалымдарының жан-жақты дәлелдегенінен көреміз.

Бұл бір жағы ардақты Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) айтқан әрбір сөзінің ақиқат екенін дәлелдесе, екінші жағынан Ұлы Раббымыздың “шафи”, яғни шипа беруші екеніне көзімізді жеткізе түсуде.

“Иман” журналының 2016 ж. N2 санынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.