Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Аймаутов, Әуезов: Қазақтың өзгеше мінездері

0 329

Газета жүзінде қазақтың һәртүрлі кемшіліктері түртіліп, жазалып жатыр. Мысалы  ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқтылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ бұлар – әр міннің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек. Қазақтағы неше түрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі негізі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшрағанын ешкім қолға алып, мәтбуғат жүзінде қозғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың есіне салып, жүйріктерді қыздыруға сөз бастап отырмыз.

Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл әрі жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен. Рас, ол уақыттағы ұйымшалдан күні үшін болса да жүре-бара бет түзеп, қосып алатын сүреңі бар сияқты еді, естуімше. (Әрине, халық болған соң «түгел самадай, мұнтаздай еді деуге келмейді. Надандық уысында талай оқшау мінездер болған, оған орын беруді артық деп білеміз).

(… . …)

Ол қылықты түсініп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап кетуге ықтимал еді, бірақ қожа, молда, ишандардың схоластика (алық) ғылымын таратып, елдің ойын, рухын, қол-аяғын кісендеп, бір кесімді тар жолға тығып, адамшылықты муфтилердің қазығына қылқыдатып байлады да қойды.

Түсінігінше, қазаққа дін де оп-оңай сіңе кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұрған азулы, айбынды хан сықылды бір күш керек еді, халықтың бақытсыздығына қарай жақсының сиреген кезінде күші кетіп, мынадай соққы жолықты. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тізгін мақсұды басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті.

Қазақтың тұрмысы өзгерді. Кигіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты, қайратты, денелі өсетін қазақ, тағалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті  адамның өсімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл – бір. Екінші, сол уақта, өзі сурет ала алмаған бірлікке, қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық, қара бұлттай қоршап, халықты астан-кестең қылып, өзді-өзімен атыстырып, көзді шел қаптады. Күннен-күнге өршіген қалың сасық тұманнан шыға алмай, адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз, міне – осы күнгі.

Партиядан тарайтын фітнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы малың азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайда, сол малын орнына түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық (оны) қайта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл.

Енді «дін» жағымызға не істелді?

Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылдық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге саймаулық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-аман, құран дегеніңіз Бержебайшының  ісіндей қадірсіз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның берімсегіне жүріп кетеді. Дінге келген кемшілік осы.

Енді қазақтың мінезіне (ахлаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, нысапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұясынан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны-досы жалғыз ғана – құлқыны.

Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бірлікшіміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер табыла қоймас, алтыбақандық, қазанбұзарлыққа мақтансақ, мақтанайық.

Сүйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды.

Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқығандарданда да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «Ұлтым», – деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды.

Сайып келгенде, қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қолы қылмайтын – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік.

Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларға өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып, бірлік жібіне жармасуынан басқа не тілей аламыз.

Семей семинариясында оқитын:

Аймауытов һәм Әуезов.

Мұхтар Әуезов шығармаларының I томы.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.