Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти қажылық-2022 уағызшы имамдарына дәріс оқыды

0 672

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратында Қажылық-2022 уағызшыларының біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды. Оған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, имамдарға дәріс оқыды.

«Уағыз айтудың әдебі мен әдіснамасы» тақырыбында дәріс оқыған Бас мүфти қасиетті сапарда қажыларға уағыз айтудың жөні бөлек екенін тілге тиек етті.

«Аллаға сансыз мадақ, биыл араға екі жыл салып, пандемиядан аман-есен шығып, мұсылман қауымының асыға күткен қажылық маусымына баруға есік ашылып отыр.

Өздеріңізге мәлім, Діни басқарма елімізден баратын отандық қажыларымызға рухани жол көрсету мақсатында арнайы Қажылық миссиясын қолға алып келеді. Мұндағы мақсат – отандық қажыларға қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар қажыларға сапалы тұрғыда уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу.

Биыл Діни басқарма 14 қажылық компаниясына арнайы уағызшы имамдарды бөліп отыр. Қажыларға уағыз айтып, қызмет көрсетудің өзі – үлкен сауап. Осындай ұлық істі еліміздегі көптеген дін қызметкері арасынан Алла Тағала сіздерге атқаруды нәсіп етіп отыр. Сондықтан сауапты һәм жауапты амалға ыждаһаттылық танытуларыңызды сұраймын. Мешітте жамағатқа уағыз айту бір басқа, ал Қағбаны тауап етіп, жер бетіндегі ең қасиетті мекенге қонақ болған қажыларымызға уағыз айтудың жөні бір бөлек. Бұл сапарға елімізден 4 мыңға жуық адам барғалы отыр. Солардың бәрінің рухани қанаттанып, қасиетті мекеннен ерекше әсермен оралуларына сіздердің айтар насихаттарыңыздың ықпалы мол екенін естен шығармағайсыздар» деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, бүгінгі семинарда еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 14 уағызшы имамға наиб мүфтилер, бөлім басшылары қажылық сапарына қатысты түрлі тақырыпта дәріс өткізуде.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.