Алладан сұрап иманды,
Рәжим шайтан лағыңды,
Алдайын деп жүр еді
Аңдып жүріп ойыңды.
Алла жәрдем бермесе,
Қашпақ ойдан қиынды.
Үмітім бар құдайдан
Сақтай ма деп пәледен,
Ақыр заман баладан,
Залым туған анадан.
Мұны жазған Дулатты
Тастамаңыз дұғадан.
Көкірегінде санасы,
Тар лақатқа кіресі,
Ата-ананың ақылы
Қазылған қара жолмен тең;
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең;
Қарсы келсе кәрілік,
Жайып қойған тормен тең;
Жақсының жары сұм болса,
Қазып қойған көрмен тең;
Орнын білмес жаманға
Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа шекер, балмен тең;
Пайда жоққа жалынба,
Жемқор семіз малмен тең;
Шежіре туған адамның
Көкірегі сызған хатпен тең;
Парақор болған төрелер
Қуаңнан шыққан өртпен тең;
Жетесі жаман бос бала
Тоқсандағы шалмен тең.
Төре деген халқыңыз
Саудасы біткен сартпен тең;
Айтқан сөзі ақымақтың
Адам ішпес сумен тең;
Кей жаманның тілі бар
Ауырлығы умен тең;
Жақсы жолдас болмаса,
Жары биік таумен тең;
Дәулеті басым байларың
Көкірегі алтын сумен тең;
Қайратты болса ұлығың,
Көлде жүзген қумен тең;
Жақсылардың ақылы
Кәуһар шырақ шаммен тең;
Жақсының көрген жарығы
Анық атқан таңмен тең.
Жамандар сөйлей білмейді,
Жөніне тыныш жүрмейді,
Ұлығыңның алдында
Ажалы жеткен аңмен тең.
Кейбір жақсы хош болса,
Халық сөзін бұзбайды,
Оның өзі, жігіттер,
Қара басы ханмен тең.
Ауылыңда бай болса,
Ішкені қымыз, шәй болса,
Жақсылық көрсең, жараңдар,
Бұлттан шыққан күнмен тең.
Кейбір жаман болады,
Жиылған топты көрмейді,
Оның өзі, жарандар,
Бұғып өскен тазбен тең.
Екі жақсы кез болса,
Шапқан аттай жарасар,
Оның өзі, жігіттер,
Аз болса да, көппен тең.
Екі жаман кез болса,
Құтырған иттей таласар,
Оның өзі, жігіттер,
Бар болса да, жоқпен тең.
Бір үйде өскен балалар
Бірлік қылса азар ма?
Бір-біріне жақсы сөз –
Оның өзі сыймен тең.
Білген кісі азар ма?
Тәубесінен жазар ма?
Білгенін түзу кім етсе,
Қара басы бимен тең.
Аласа мен биіктің
Таразысын кем тартса,
Төрде отырған қазылар
Адам жемес маймен тең.
Ата-анасы бар болса,
Ағайыны көп болса,
Бәрі де тату болғанда,
Қорғаны бар үймен тең.
Халқың тегіс болмаса,
Жақсыны көзге алмаса,
Камзол кисең жараспас,
Қарапайым сөзбен тең.
Бір жаманға сөз айтсаң,
Құлағына кірмейді,
Не айтқанын білмейді,
Қарсы тұрған ормен тең.
Дәулетті болса аймағың,
Бір пәлеге жолықсаң,
Көлденең жатқан алдыңда
Таудай биік таспен тең.
Нәпсіге ерген молдаңыз
Кітапты жақсы білмейді,
Кітап ұстап айтқан соң,
Жалған сөзі шынмен тең.
Жаман болса тамырың,
Бергеніңе тоймайды,
Сұрағанын қоймайды.
Автордың ” Алладан сұрап иманды…” өлеңінен үзінді.
“Дулат Бабатайұлы шығармалары” кітабынан
Sunna.kz