Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құрбандық қай уақытта шалынады?

0 1  171

Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді[1].

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إن أول ما نبدأ به في يومنا هذا أن نصلي ثم نرجع فننحر من فعله فقد أصاب سنَّتنا ومن ذبح قبل فإنما هو لحم قدَّمه لأهله ليس من النُّسُك في شيء

«Әлбетте осы күнде біздің ең алдымен бастайтын ісіміз – ол намаз оқу. Кейін қайтып, құрбандық шаламыз. Кім солай істесе, ол біздің сүннетімізді орындапты. Кім одан алдын малды бауыздаса, ол өз отбасын жәй етпен қамтамасыз етіпті. Ғибадат болып есептелмейді», – деді[2].

Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.

Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.

Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады[3]. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүрінде орындалатын «шектік рәсімі» осыған ұқсас.

Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген[4]. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал[5].

[1] Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, 216.

[2] Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.

[3] Радд ул-мұхтар, 6/319.

[4] Фәтху бәб әл-ғиная, 3/76.

[5] Китаб әл-ихтияр, 4/260.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.