Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Біреуге тапсырыс беру арқылы құрбан шалуға бола ма?

0 1  573

Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді[1].

Бұған Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға (Алла разы болсын) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы дәлел.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға бір динар беріп, оны құрбандық малын сатып алуға жібереді. Әлгі сахаба бір динарға құрбандық малын сатып алады. Сосын оны екі динарға сатып жібереді. Сөйтіп, қайтады да, бір динарға құрбандық малын сатып алады. Артық бір динарды Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеп береді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі бір динарды садақа етеді де, сахабаның саудасына береке тілейді[2].

Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға  да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп тағайындайды да оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас «уакалат» деп аталады. Қазіргі таңда қала тұрғындарының осы тәсілмен құрбан шалуы тиімді әрі қолайлы.

Құрбандыққа тапсырыс беру, оны тіркеу, керекті мәліметтер және хабарламалармен бөлісу онлайн түрінде жүріп жатқаны үшін ол «онлайн-құрбандық» деп те аталуда.

[1] Һидая, 3/357.

[2] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.