Әл-ауқаты төмен адамдар болса, Ислам оларды тіршіліктеріне қажетті қаржымен қамтамасыз ету міндетін өз қамқорлығына алды, ол қаржы Ислам тіректерінің бірі – зекеттен түседі.
Ислам әр адамға жеке меншік құқығын берді. Адам бір дүниеге иемденіп, оны шариғат белгілеген шеңберде пайдалануға және пайда келтіруге жарамды қылса, онда ол сол дүниенің қожайыны, иесі бола алады.
Исламның экономикалық жүйесі әмбебап ережелерге, нақтылы негіздерге және шариғат белгілеген шектерге негізделген. Ислам қоғам игілігін қорғау үшін жеке адамның алдына бірнеше міндеттер мен аттауға болмайтын шектерді қойды:
1.Ислам тіршілікке қаржы табудың түрлі жолдарын ұсынды. Адал мен арамның арасын ажыратты. Адамдарға зиян келтіретін, этика мен жүріс-тұрыстарына зиянды іс-әрекеттердің барлық түріне тыйым салды. Ислам шариғаты мас қылатын ішімдіктерді қабылдауға, оны біреуге ұсынуға, сатуға, сатып алуға қатаң тыйым салды. Сондай-ақ, зинақорлықты әрі оған итермелейтін ойын-сауық мекемелерін тұрғызуға, газет-журналдарды басуға, көркем фильмдерді шығаруға, әдепсіз киімдерді тігуге, адамның құмарлығын қоздыратын өлеңдерді, билерді, әуендерді шығаруды арам етті. Мұнымен қоса, өсім алу, кісі ақысын жеу, пара алу, құмар ойындары, монополия, қанаушылық сияқты т.б. қоғам үшін зиянды еңбек түрлеріне тыйым салды. Ислам адам баласына дүниені өзіне де, өзгелерге де пайдалы болатын адал жолдармен ғана табуды бұйырды.
2.Ислам адам баласына дүниені адал жолмен табуды бұйырғаны сияқты, оның тек адал жолға ғана жұмсалуын талап етеді. Сол үшін мұсылман адам тапқан дүниесін арам жолға, күнәлі іс-әрекеттерге жұмсамайды. Оны ысырап етпейді. «Әлбетте, ысырап етушілер – шайтанның бауырлары» [11, «Әл-Исра» сүресі, 27-аят].
3.Адам баласының иелігіндегі дүние-мүлкі өзінің тірішілігіне жұмсауынан, отбасын асырауынан артылып жатқан болса, оны жинап, шариғатқа сай сауда түрлерін жүргізуіне, өнеркәсіптерді іске қосуына толық құқылы.
Кейін түсіп жатқан пайдасынан пақырлардың үлесі зекетін беріп отырады. Мемлекеттің немесе қоғамның, болмаса туысқандарының одан көмек қажет ететін жағдайларында шамасы келгенше бар ықыласымен жәрдем береді. Адам дүниеден өткен соң дүние-мүлкі отбасысына үлестіріледі. Ең алдымен ең жақын туыстарына бөлінеді. Бұл үлестіру шариғатта толық баяндалған. Егер оның артында ешбір туысы болмаса, дүниесі мұсылмандардың қаржы орталығына өтеді.
Исламдағы әрбір парыздың өзіндік пайдалары мен хикметтері болғаны сияқты зекеттің де алтыдан астам пайдасы мен хикметтері бар. Олар:
1.Зекет алдыменен зекет берушінің өзін барлық күнәларынан арылтып, зекетін берген мал-мүлкінің берекесін асырып, көбейтеді. Зекет бәле-жаладан апат, ауру-сырқаудан, ұрлықтан сақтап, байлығының құрып кетпеуіне үлкен мүмкіншілік жасайды. Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің хадис шәріпінде:
2.«Кімде-кім малының зекетін берсе, жамандығы кетіпті», – десе, екініш бір хадисінде: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін бәлелерді тілейтін дұғаларыңмен тойтарыңдар», – деп өсиет еткен.
3.Зекет қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа, кедей-кепшіктерге мейірімменен қарауға тәрбиелейді. Мал-дүниесі аз кедейлердің орташа өмір сүруіне ықпал жасап, өзара байланысты нығайта түседі, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Зекет исламның көпірі», – деп әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің мәнін жойып, зекет арқылы бір дастархан басына жиналатындығына ишарат етеді. Өйткені зекет бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат.
4.Зекет қоғамдағы ұрлық-қарылық, алдап-арбау, адам тонау кісі өлтіру, құмар ойнау (казино, ойын автоматтары т.с.с) сияқты жаман әдеттердің алдын алады. Мысалы бір нәрсеге мұқтаж болған кембағал кісі мақсатына жету үшін жоғарыдағы айтылып өткен істердің кезкелгеніне баруы әбден мүмкін.
5.Зекет ғибадаты, Алла тағаланың берген байлық нығметіне шүкір болып саналады. Зекет беруші мұсылман әрқашан қолындағы байлықтың Алла тағала тарапынан берілген жақсылық екенін түсініп өзінен де зерек, қабілетті, ден-саулығы мықты талай адамдардың бұл нығыметтен мақұрым екендігін түсініп сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла тағалаға шүкір етуі керек. Әр нығмет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі оны басқаға үйретуменен дене мүшеміздің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады.
6.Ең маңыздысы, барша пенделердің арманы болған ақыреттегі ұлық мәртебеге жету. Алла тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйым-дарынан тиылған құлдарын ақыретте сый-сыйяпатқа кенелтіп, өзінің мархаметіне бөлейтіндігі турасында сөз беріп уәде еткен. Зекет те Алла тағаланың бұйырған әмірлерінің біреуі, сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыйяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығына шомары сөзсіз. Сонымен қоса зекет – [11, «Тәубе» сүресінің 103-аятында] білдірілгендей күнәлардың кешірілуіне себеп болады. «Олардың малдары көбейіп және өздері күналардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал», – деген.
«Қазақ мәдениеті және Ислам құндылықтары» кітабынан
sunna.kz